Президент Жарлығына сәйкес түрлі деңгейдегі әкімдерге әр тоқсан сайын атқарған істері жөнінде халық алдында есеп беру міндеттелген. Осыған орай Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков ауданымызға қарасты Бесағаш ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қараша жұрттың арыз-шағымдарын тыңдап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндап, жылдық жоспардың есебін қортындылады. Аталған жиында ауылдағы жол, жарық, су мәселелері де кеңінен талқыланды.
Әкім есебіне жүгінсек, жалпы саны 15 626 тұрғын мекен ететін бұл ауылда 3 оқу ордасы бар. №28 орта мектепте 935 оқушы, №29 орта мектепте 1698 оқушы үш тілде білім алуда. Ал №45 орта мектеп гимназиясында 1222 оқушы қазақ тілінде оқытылады. Ауылдағы 18 балабақшада 2-6 жас аралығында 1018 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарына 425 млн теңге бөлініп, 2020 жылдың қазан айында 367 млн теңгеге «Қолғанат құрылыс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім шарт жасасқан. Қаржының 661 млн толығымен игеріліп, алдағы Наурыз мейрамы қарсаңында ашу жоспарланып отыр. Бесағаш ауылдық округіндегі көшелерді жарықтандыруға облыстық бюджеттен 8 млн 140 мың теңге бөлінген. Орынтай ықшам ауданының электрмен жабдықтау жүйесін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Жол картасы бағдарламасы бойынша ауылда жалпы ұзындығы 1620 метр көлемінде Хамраев, Ш. Айманов,
М. Жұмабаев көшелеріне 54 дана жарық бағаналары қойылады. Қазіргі таңда 35 бағана қойылған. Ауылда 288 трансформаторлық қосалқы станция бар. Оның 35-і «Алматы Жарық» компаниясына тиесілі. Ал 253 трансформатор жекеменшіктікі. Ауылдық округтіңгазбен қамтамасыз етумен «Жетісу-Газ-Құбыры» ЖШС айналысады. Барлығы 4179 ауланың ішінде 3758-і табиғи көгілдір отынға қосылған. Ал қалған 421 аула көмір жағады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесағаш ауылдық округінің су жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстарына 475 млн 41 мың теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда «Мад» ЖШС жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтады. Ауылдың шығыс бөлігінде «Алматы облысы Талғар топтық су тартқышты қайта жаңарту және салу» жобасы бойынша «Көлстрой» мекемесі ауыз су жүйесін жүргізгені айтылды.
«Сонымен қатар ағымдағы жылдың қаңтар айында Бесағаш ауылдық округінің 78 отбасына 5,2 млн теңге соммасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Үйде отырған жалғызбасты екі қарт пен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің арнайы қызметкері көмек көрсетеді. Ал Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен алты адамға біржолғы өтемақы төленіп, үш адамға куәлік берілді. Туберкулезбен ауыратын 12 бала 587,2 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алады», – деген аудан әкіміне аталған мәселелер төңірегінде халықтың қояр сұрағы да аз болмады. Кезек берелік. Бесағаш ауылының тұрғыны Hазым Толыпбаева: «Думан мен Бесағаштың арасын бөліп жатқан таулы бөктердегі тұрғын үйлерде мекен ететін халық саны 10 мыңға жетті. Қыс бола жарығымыз әлсіз. Жолымыздың халі тіптен нашар, су да жоқтың қасы. Саяжайымызға ауыл мәртебесі қажет. Әрқашан халық болып айтамыз, бірақ аяқсыз қалады», – деп налыды. Ауыл тұрғыны көтерген маңызды мәселеге жауап берген Т. Айдарбеков: «Сұрақ өте күрделі. Өзекті мәселелердің бірі. Бұл тақырып қаншама жылдар бойы қозғалып келе жатыр. Өздеріңіз білесіздер, кеңес одағы кезіндегі саяжайлар Алматы тұрғындарына арналғандықтан олар демалыс күндері келіп өздерінің саябақтарына қарап кететін. Енді бұл мәселе халықтың күрт өсуіне байланысты болып тұр. Қазіргі уақытта Үкіметте осыған қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз биліктегілерге толық ақпарат бердік. Жалпы Талғар ауданында 154 саяжай бар. Осы саяжайларда 180 мыңнан астам халық тұрады. Бұл алдағы уақытта шешілетін мәселе», – деп жауап берді. Несібелі Әлеш болса көшелеріне төселген асфальттың сапасызығын айтып, екі жыл болмай ойлы-шұңқырға айналғанын алға тартты. «Біздің көшемізге осыдан екі жыл бұрын асфальт төселген. Сапасыз жөнделген жолды қабылдап алған комиссия қайда? Асфальттың қалыңдығы неше сантиметр болуы қажет? Осыны қадағалайтын адам бар ма? Жаңбырдан кейін асфальтта үлкен жарықшалар пайда болды. Тіпті балаларымызды сол асфальттың үстіне ойнатпаймыз. «Секірмеңдер! Асфальтты құртасыңдар!» деп айқайлаймыз. Қаланың іргесінде отырып бұл не масқара? Ішетін суымыз жоқ! Сатып аламыз. Кейбір жағдайы төмен отбасылардың бұған жағдайы да келмейді», – деп көптің көкейінде жүрген бірқатар маңызды мәселені ашына айтты. Бұл ретте аудан әкім Т. Айдарбеков көп бөгелмей: «Қаншама қаржы бөлініп жатыр. Бұл мәселені де қолға аламыз. Соңына дейін жеткіземіз» – деп ғана қысқаша қайырды. Жанар Дулатбекова: «Мен Бесағаш ауылдық округіне қарасты Самал жекеменшік саяжайының төрағасымын. Жұмыс істегеніме екі жарым жыл болды. Міне, бесінші күн кенеземіз кеуіп, қаңсып сусыз отырмыз. Ал ауыз су болса жекеменшіктікі. Самал саяжайының тұрғындары судың төлемдерін уақтылы төлеп келеді. Бірақ жекеменшік иесі ойына келген уақытта суды өшіріп, қалаған уақытында қосады. Ауыл тұрғындарының арасына іріткі салып, маған қарсы қойып отырған адамдары бар. Мен халық игілігіне жұмыс істеп келе жатқан адаммын. Суға жауапты мекеме бастығы халықты сумен қамтамасыз етемін деп уәде берген. Бірақ сөзінде тұрмады. Біздегі құбырлардың әбден тозығы жеткен. Меншік иесі құбырларды қайта қалпына келтіру үшін әрбір тұрғыннан 30 мың теңге көлемінде ақша жинауды талап етіп отыр. Қарапайым халық не үшін ақша жинауы керек? Бұрынғы есептеуіш құралы 2700 теңге болатын. Соңғы кезде 5-6 мың теңгеден жинап отыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Кім жауап береді?» – деп ашынды. Аталған саяжайдан келген Аяулым Айдынқызы да өзінің мұң-мұқтажын алға тартып: «Біз тұзды су ішіп отырмыз. Жаздыгүні екі күннің бірінде суымыз тоқтап қалады. Қалалық су құбырына қосылғымыз келеді. Алайда кейбір адамдар «қалалық су құбырына қосылуға болмайды. Мүмкін емес! Қосыла алмаймыз!» – деп қарсылық білдіруде. Міне, сусыз отырғанымызға бүгін үш күн болды. Ішетін суды сатып аламыз. Осы жағына көмектессеңіздер», – деп көмек сұрады. Тұрғындар жолдаған сауалдарға жауап берген Бесағаш ауылының әкімі Ернар Жүнісов: «Сіздер тұратын жер саяжай болғандықтан су жекеменшіктікі. Су – тұзды. Білемін, ішуге жарамайды. 32 жыл бұрын тұрғындар өз ақшасына тартып алған су құбырларының бүгінде тозығы жетіп, жарылып жатыр. Жекеменшік судың иесі: «Мен су беріп отырмын. Жарылған құбырларды не үшін мен жөндеуім керек?» – дейді. Қай жерден су тартсаңыздар да өз еріктеріңіз. Халықпен сөйлесіп, өздеріңіз шешіңіздер», – деп турасын айтты.
Кездесу соңында ауыл тұрғындарының мәселесін өз құлағымен естіген аудан әкімі Т. Айдарбеков әрбір тұрғынның талап-тілегі ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Су жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстарына 475 млн 41 мың теңге бөлінсе де ауыз суға жарымаған ауылдықтардың айтары көп. «Үмітсіз – шайтан» деген, үміт жібі үзілмеген халық бұл жолы да әкім-қараның берген уәдесіне күмәнмен қараса да, алдағы күннен күттірген жақсылығынан үмітті күйде тарқасты. Лайым, бәрі жақсы болғай!…
Кәусар Әбдікерім