Тұтас түркінің бірлігіне куә болдық, – деген белсенді Берікбай Қамзақовпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Тұтас түркінің бірлігіне куә болдық, – деген белсенді Берікбай Қамзақовпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Құрметті БерікбайҒазизұлы, жақында ғана Түркиядан оралдыңыз. «Мың естігеннен, бір көрген артық» деген бар. Көзбен көріп келдіңіз ғой. Әуелі зілзаладан жапа шеккен ағайынның хал-ахуалына тоқталсаңыз.
– Ондағы халықтың қазіргі ахуалын, басындағы қиындығын айтып жеткізе алмаймын. Өте қиын. 10 қаланың 12 миллионнан астам халқының басына қайғы түсіп, қасірет шегіп жатыр. Бұл бауырлас ел ретінде барша түркі жұртының қайғысы деп білемін. Біз зілзала зардабының эпидемиологиялық орталығы болған Қахраманмараш қаласында болдық. Алапат зілзаланың зардабын тартқан ағайынның қайғысына қазақ елі де ортақ екенін білдіріп, қазақ тапқандардың жақындарына, барша түрік еліне қайғыра көңіл айтамыз.

– Апатты аймаққа аттану ойыңызға қайдан келді? Оның үстіне зілзала тоқтаусыз болып жатқан уақытта бардыңыздар…
– Шыны керек, бауырлас елдегі зілзаланың зардабы туралы ақпаратты естіп, теледидардан ондағы ахуалдың қаншалықты қиын екенін көргенде қарап отыра алмадық. Қолымыздан не келеді, қандай көмек берсек екен деген ой маза бермеді. Дәл сол кезде Нұрбек Бекбау бауырымыздың Instagram әлеуметтік желісінде Түркияға көмек ретінде 100 қазақ үйін апарып тігейік деген бастамасын көрген соң азаматтық борышымызды өтеп, ағайындық көмегімізді көрсетуге бардық. «Бауырым – бауыр етім» дейтін қазақ елі бұл идеяны бірден қолдап, іліп әкетіп, айналдырған екі күнде 23 миллионнан астам қаражат жинап, оған 60 киіз үй алынды. Олардың арасында ағаштан жасалғаны да, темірден иіп істелгені де бар. Демеушілер есебінен тағы 24 киіз үй қосылды. Қазағымның ауызбірлігінің арқасында барлығы 100 қазақ киіз үй әуежай арқылы ағайын еліне жеткізілді. Кезінде түрлі шаралардың өтуіне байланысты Қазақстан мен Қырғызстаннан жеткізіліп, кейін Түркиядағы этноспорт орталығына өткізілген дайын киіз үйлерді Қазақстанның сол жақтағы елшілігі апарып қойған екен. Ондағы ағайын өзі бас болып соларды тігіп жатты. Бізде ел аман, жұрт тыныш қой. Бәрін бір Аллаға аманаттап, «Сый қылсаң, сыпыра қыл» дегендей, сол үйлерді өзіміз тігіп берейік деген ниетпен әр салада жүрген 12 адам жалғыз күнде жолға жиналып, аттанып кеттік. Ондағы жағдай ой салды, ойланып қайттық…

– Көмекке баратын адамдардың жол қаражаты мен жүкті жеткізу қыруар қаржыны талап ететін шаруа екені белгілі. Ол жағы қалай шешілді?
– Оның барлығын Turkish Airlines компаниясы ұйымдастырды. Еш қиындық болған жоқ. Әуелі Ыстамбулға, одан ары Аданаға ұштық. Өйткені Қахраманмараштағы әуежай мүлде жарамсыз боп қалған. Осыдан кейін 250 шақырым жердегі аталған қалаға спринтер көлігімен түнделетіп 11-12 шамасында жеттік. Ол жерде Қазақстан ұлттық телеарнасы мен Азаттық телерадио-кешенінің қазақстандық өкілдері қосылды.
Қахраманмарашта жекелеген Сирия азаматтары тарапынан ұрлық-қарлықтың күшеюіне байланысты то­наушылар үйлер мен адамдарды тонап жатыр деген анық ақпарат болды. Сондықтан оларды атып тастауға бұйрық берілген екен. Жағдай өте қиын болғандықтан жеке-жеке жүрмеуге, барынша абай болуға кеңес берілді.

– Естуімізше, киіз үйлерді тігуге сол жақтағы қазақ диаспорасының да көп көмегі тиіпті. Ас-су қамдап, оларды тарату да оңай шаруа болмағаны анық. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген аталы сөз бар ғой. Қиын күнде бір-бірлеріңізге қолдау көрсеткендеріңізді естіп қуанып отырдық.
– Қазақ – бірлігі бекем ел. Оған осы жолы көзіміз тағы жетті. Бауырлас елдің басына түскен қайғыда алты Алаштың басы қосылды. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен тұтас түркінің бірлігіне куә болдық. Сол жақта оқып жатқан 30 қазақ студент ұстаздарымен бірге бізге келіп қосылды. Ондағы қазақ диаспорасы түгел атсалысты десек артық айтқандық емес. Апарған киіз үйлерді осындай қол көмектің арқасында екі күнде тігіп бітірдік. Сосын қалалар мен ауылдарға шықтық. Ол жақта сириялық босқындарға киім-кешек, азық-түлік таратып, қолдан келгенше көмектестестік. Біздің елден апарған қазақ үйлердің еденіне керекті құрылыс материалы мен орнын түрік ағайындар біз барғанша өздері дайындап қойды. Үлкен саябақтың ішіне ақшаңқан үйлерді қаздай тізіп тігіп бердік. Сол жердегі алаңқайға қырғыз ағайындар өз үйлерін тікті. Біз үйлерді тігіп болғанша ондағы ел асыға күтіп отырды. Қалай біттік, солай бір үйге бір әулеттің бірнеше отбасын біріктіріп қоныстандырды. Қызыл-Ай ұйымы апат аймағындағы барлық халықты тамақпен қамтамасыз етті. Біз де халықпен бірге болдық. Ол ұйымның ауқымды жұмысы жер сілкінісі болған барлық аумақта жүргізіліп жатыр. Қандай да бір қиын-қыстау жағдайда мұндай ұйым бізге де керек екен деген ой түйдік. Артынша Turkish Airlines компаниясының қолдауымен Адана қаласына келдік. Киіз үй, киім-кешек, азық-түлік және үй жылытатын генераторлар, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ, халықтың жеке жасаған көмегі тиелген 6 фура жүк жеткізілді. Қахраманмараштан 40 шақырымдай жердегі 70 000 тұрғын мекендеген Нұртау деген қала толығымен қирап қалды. Бүкіл халқы далада қалды деуге болады. Олар жылы киім мен азық-түлікке зәру еді. Апарғандарымызды түгел таратып беріп, ағайынның ауыр қайғысына ортақтасып қайттық. Осының бәрін өз көзімізбен көру өте ауыр тиді…

– Зілзала аумағындағы аса қиын жағдайды көрген соң өмірге деген көзқарасыңыз да өзгерген болар. «Біз осының қадірін білмей жүр екенбіз ғой» деген өзгеше ой келмеді ме?
– Айтып өткенімдей ол жақтағы жағдайды естіген былай тұрсын, көзбен көрсең де айтып жеткізу мүмкін емес. Жермен жексен болған ғимараттар, жақынынан, баспанасынан ғана емес, қолдағы барынан айырылған адамдардың еңсесі түскені сонша, оларды жұбатарға сөз жоқ. Тіпті кейбір жерлерде құтқарушылар мен техника жетпеген аумақтар бар. Үйінді астынан біреуі болмаса да біреуі тірі шығып қала ма деп үмітін үзбей айналсоқтап жүрген жандардың жанарына қарай алмайсың. Үміті үзілгендердің жайы тіптен қиын. Қаншама жаутаңдаған жас балалар жетім қалды? Ботасын жоқтаған бозінгендей аңырап қалған ата-ана қанша? Отбасынан ешкімі қалмаған адамдардың зарынан құлақ тұнады. Тірі қалғандары бір-бірін танымасада бауыр көріп, бір-біріне қолұшын беріп, жылап көрісіп жатты. Мұндайды ешкімнің басына салмасын. Жан ауырады. Құтқарушыларға үміт артқан азаматтар әлі де көп. Осының өзін жүрек тебіреніп, ел амандықтың, тыныштықтың, ағайын-бауыр бірі-бірінің қадірін білсін деген ниетпен айтып отырмын… Жер алыстығына қарамай елден ағайын келіпті деп бізге амандасып, көмекке келген қазақтарға алғысымыз шексіз. Түркияда тұратын қазақтардың бірлігіне, адамгершілігіне тәнті болдық. Бір сөзбен айтқанда алған сабақ, көргенімізден көкейге түйген дүние өте көп. Ол жаққа кетіп бара жатқанда ақша үшін бара жатырсыңдар дегендер де аз болған жоқ. Ел аманатын арқалап барасыңдар ғой. Аман-сау барып қайтыңдар деп тілеуімізді тілегендер де болды. Ал біздегі мақсат ол жақта аш қалам ба, қайда жатамыз деген ой болған жоқ. Тойға, дем алуға бара жатпағанымызды бәріміз жете түсіндік. Бәріміз өзіміз апарған жылы киімдерімізді киіп, киіз үйде болдық. Қызыл-ай тарапынан ұйықтауға арналған қаптар берілді. Барлық үй тігілген соң біз қайттық, бірақ сол жақта тұратын қандастарымыз әлі де апат аймағында үлкен жұмыстарды тындырып жатыр.

– Мұндайда уақыт мен өмір туралы түсініктің өзгеретінін білемін. Өз еліміздің азаматтарына не айтар едіңіз?
– Өмір болған соң неше түрлі оқыс оқиғалар болып жатады ғой. Десе де орны толмас табиғи апаттар мен соғыс жағдайларына тап болған адамдарға өзге адамдардың көмектесуі заңдылық және солай болуы керек деп есептеймін. Оның бізге қатысы жоқ деген ойдан аулақ болуымыз керек. Кімнің басында, қай елде қашан не болары белгісіз. Сондықтан мұндайда үнсіз қалмай, ел болып, азамат ретінде қол ұшын созу парыз деп білемін. Бір айтарым, ел қолда барын берді ғой, бірақ жасыратыны жоқ, ол жаққа жеткізілген киім-кешектердің ішінде жарамсыздары да, тіпті тойға киетіндей әлем-жәлемдері де, биттің қабығында киюге келмейтін киімдер де болды. Осыған байланысты ел арасында көмекке жіберген киімдер мен тамақтарды ондағы халық менсінбей, көшеге үйіп тастапты деген де қауесет болды. Шындығында олай емес. Оның бәрін менсінбегендіктен далаға тастаған жоқ, тек жарам­сыздарды солай үйіп, жиып қойды. Өз көзімізбен көрдік. Расымен, жарамсыз дүниелер еді. Бәленбай мың адам зілзала уақытында үстіндегі барымен көшеге қашып шығып, аман қалғанына шүкір еткен, көмекке мұқтаж адамдар өте көп. Қандай жағдайда адамдарға не керек екенін білетін көзі ашық қоғамдамыз. Көмек бергенде оларға не керек екенін де білдік. Сондықтан алдағы уақытта көмек көрсеткісі келетін азаматтар ел абыройын да ойласа дегенді баса айтқым келеді. Ой салатын, ойланатын жайт көп…
– Ауылымыздың белсенді азаматтарының бірі Сержан Молдабековтің сыныптасы екеніңізді естігенде елең ете қалдық.
– «Адамға туған жері де, тұрған жері де бірдей» деген сөз бар. Талдыбұлақта 10-11 сыныпты бітіріп, осы қоғамның бір кірпіші болып қаландым. Қоғамдық жұмыста ерекше белсенділік танытып, ауылдастардың қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әрі елге де танымал Сержан Молдабеков сыныптасыма елі де, мен де разымын.

– Түп тамырыңыздың Нарынқолдан екенін білеміз…
– Нарынқолдағы Көмірші деген кішкене ауылдан шыққанмын. Ауылдағы ағайынға да қолдан келген көмекті жасап, мешітке, мектепке қатысты іс-шараларға атсалысып жүреміз. 1986 жылы Іле ауданындағы Әли деген ауылға көшіп келдік. Ол ауылдың мешітіне қарасты жоқ-жітікке көмектесіп, ауыл имамының айлығын беріп, мешіттің құрылысына атсалысу мақсатында кішігім қор құрылған. Онда атқарылып жатқан сауапты істен де құр қалмауға тырысамыз. Адам баласының бір миссиясы – адамзатқа көмектесу деп білемін. Асып-тасып жатқан ештеңеміз де жоқ. Шағын кәсібімізді дөңгелетіп, нәпақамызды тауып жүрген қатардағы қарапайым азаматпын.

– Сіздерге қолдау көрсеткен азаматтардың еңбегін де ұмыт қалдырған жарамас. Аттарын атап өтсеңіз.
– Түрік еліне киіз үй жеткізейік деген идеяның авторы танымал журналист Нұрбек Бекбау болса, оған ерекше қолдау көрсеткен досы Дастан Жұмабай мен журналист Әмірболат Құсайындардың ерен еңбегін атап өткен жөн. Олардың қасында жүрген опрератор жігіттерге де айтар алғысым шексіз. Әмірболаттың қасында түрікше, ағылшынша білетін полиглот Жарқын деген жігіт болды. Бізбен бірге жұмыс істеген Нұрлан, Данияр, Абылай, Рауан, Дархан секілді мықты жігіттердің де ерекше еңбегін атап өткім келеді. Жасына қарамастан Береген Сыпатаев атамыз да қасымыздан табылды. Қажымұқан ата­мыздың жолын қуып жүрген түйе палуан Тимур Сыпатаевты да айтпай кету мүмкін емес. Көбінің аты-жөнін толық білмеймін, қалай болғанда да белсенділік танытқан барлық азаматтар ел аманатын арқалап, абыройын асырып келді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазір ел бойынша «Түркияға 1000 киіз үй» шарасы басталып кетті. Мұны кәсіпкерлер қолға алып жатыр. Қираған үйлердің орнына баспана салуға ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан шатырдан гөрі, киіз үй тиімді әрі жайлы екенін көріп отырмыз. 1000 киіз үй толық жиналса Түркия еліне тағы барып, осы киіз үйлерді жер сілкінісінен зардап шеккен басқа қалаларға да тігіп беру ниетіміз бар.

– Сіздерге алғыстан басқа айтар жоқ! Ел аманатын арқалап, абыройын асқақтатып жүрсіздер. Істеріңіз ілгері болсын!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы