Халқымыз қатты ұстанатын ырымдар мен тыйымдар бар. Тура қарасаң, кейбірі күлкілі де көрінеді. Бірақ негізсіз емес, айтары бар, тәрбиелік мәні зор. Оны көзқарақты үлкендер бала кезден құймақұлақ ұрпағының құлағына да құйып тастайды. Соның бірі – сиырдың бүйрегін жеуге болмайды. Неге? Қойдың жарты жұдырықтай ғана бүйрегін бар баласына бөліп беретін қазақ сиырдың қос жұдырықтай бүйрегінен неге қорқады? Жоооқ, мәні тереңде жатыр. Оны да ел ертеңі үшін ой салатын, тәрбие болатын ырымға айналдырған.
Ес білгелі сойғалы жатқан қойдың бүйрегіне таласып, тірісінде-ақ «мен алам, мен алам» деп бөліп алатын бала көңіл дәу бүйректі неге жеуге болмайтынына таң қалатын. Қойдың бүйрегін соя сала жұлғызып алып, жып-жылы қалпында ортасынан қақ жарып, істікке керіп, тұздап, отқа қақтап немесе пештің үстіне тастап, күйелеш-күйелеш боп таласа-тармаса талай жедік. Жалғыз емес, бауырларымызбен бөлістік. Оны да сол үлкендер үйретті. Одан дәмді тамақ жоқтай көрінетін сол кезде. Содан болар, бәлкім, қазақтың бүйрегі басқадан бұрын бауырына бұрылып тұратыны. Ал бірақ біреулер үшін жеңсік ас саналатын, одан бірнеше есе үлкен сиырдың дәу бүйрегін жегізбейтін. Өздері де жемейтін. Себебі сиырдың бүйрегі қырық бөлек, яғни қырық құрау. Бала кезде естігеніме елең еткенде санап та көргенмін. Оны жесең ағайын арасы алатайдай бұзылып, қырық бөлек болып кетеді деп ырымдайтын. Сондықтан «сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек (құрақ)» деген сөз бар ел ішінде. Жақсы сөз емес… Берекесі кеткен, бірлігі жоқ ауылдарға қарата айтылатын ауыр сөз.
Несін жасырайық, қазір ел іші сол бүйрексіз-ақ қырық емес, 1040 бөлек болып кетті. «Бірлік керек» деп жиі айтқанымызбен, бірігіп жатқанымыз шамалы. Кім көрінгеннің қаңсығын таңсықтап жүріп, ел басына күн туғанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмыла кететін қазақы қасиеттен де ажырап барамыз. Артық сөз, айтыс, талас-тартыс, қудалау, күн бермеу, дау-шар көп. Сондықтан өз ішімізде бір-біріне жау көп, іс жоқ. Шалапұшық іс қылып алданған боламыз, бірақ нәтиже жоқ. Сосын… Сосын тағы қырық пышақ болып қырылып, қырық бөлек боп «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп жүргеніміз… Ал осыны аңдып отырғандар «үрр ит, соқ», – деп қалпақпен қағып алатын ұрымтал тұсты күтіп отыр. Жалпы сиыр бір тоға, мінезсіз, дөкір, қайдан тойса сол жерге дәндеп алатын тұрақсыз, өзі тойса болды күйісін қайырып қойып жата беретін, өзгелерде шаруасы жоқ, шалт қимылсыз жайқақтаған мал ғой. Содан да болар, барлық малға қатысты атауды баласына ат қылып қойып, төлдерінің атымен баласын еркелететін қазақта сиырға қатысты кісі есімі жоққа тән. Анда-санда қара күші тасығандардарды бұқаға теңеп жататыны болмаса, баласын да «бұзауым» деп еркелетпейді. Керісінше кейбір ісін, қылығын жақтырмаса «сиырдай болып түк бітірмей» деп ұрсып жатады. Қазақтың айналасына «қайыры жоқ, өзіме ғана болсын» деп өзгелер қырылып қалса да бық демейтін өркөкірек, кеудемсоқ біреуді жақтырмаса «тойған сиыр құсап жайқақ-жайқақ етеді ғой» дейтіні де осыдан болса керек. Жыныңа тиетін сөз ұқпас, иісалмастарды «сиыр!» деп жақтырмайтынымыз тағы бар.
«Отбасы хрестоматиясында» былай депті: «Ұлық Алла барлық жан-жануарларды жаратып, оларға бүйрек үлестіріпті. Жайбасар сиыр кешігіп, соңынан келеді. Келсе бүйрек қалмапты. Сиыр:
– Бүйрексіз қайтіп күн көремін! – деп, өкіріп жылайды. Сиырдың көз жасын көрген басқа жануарлар оған жаны ашып, қарап тұрады.
– Бүйректерің бар ғой, бөліссеңдерші, – депті. Оған жаны ашыған жылқы, түйе, қой т.б. жануарлар сиырға өз бүйректерінен аз-аздан бөліп береді. Сиырдың бүйрегі сондықтан да бұжыр-бұжыр, біркелкі емес. Сиырдың қилы-қилы мінездері осы қырық құрау бүйрегіне байланысты екен». Сәл ойланып көріңізші, астарында ащы шындық бар секілді ме, қалай?… Осыдан соң қойдың кішкене ғана қос бүйрегін бөліп жеген дүйім жұрт бас болады деп сеніп, жайын жасап, жайлы орынға жайғастырып қойған шенді-шекпенділер сиырдың бүйрегін «көп жеп» қойған секілді көрінбей ме?…
Жанбота Сұлтанмұратқызы