Осыған дейін қандай да бір құжат үшін қарапайым халық табанынан таусылып аудан орталығына сабылып келді. Ол жердегі кезек күту мен бірінен соң біріне жүгіретін артық жүрістен шаршаған халықтың тағы бір мәселесі оң шешімін табатын болды. Ендігі жерде ауылдарда орналасқан «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылатыны айтылды. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрағасы Әсел Жанасова «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» атты халықаралық форумда мәлімдеді деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Ауылдарда бүгінгі таңда «Қазпоштаның» 2 700 бөлімшесі бар. Біз бұл бөлімшелерді комьюнити орталықтар етіп, онда Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатырмыз. Онда біздің мамандар ауыл тұрғындарына 20-дан астам мемлекеттік сервис бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ елімізде цифрландыру мәселесі интернерттің жұмыс істеуіне байланысты. Қазіргі таңда әр ауылда интернет бар, алайда оның жылдамдығы аз. Сондықтан біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ауылдарда интернет жылдамдығын көтеру, яғни бір адамға 1м/бит емес, 100 м/бит-ке дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз», – деген «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта интернет байланысы нашар деп налып келген ауыл тұрғындарының тағы бір мәселесі шешілмек. Қашықтан оқу кезінде жар жағалап желі іздеп, интернет байланысының азабын әбден тартқан алыстағы ағайын осы машақаттан құтылса, бұл жақсылықтың шарапаты ауданымызға қарасты ауылдарға да тиеді деген үміт басым. Өйткені алып шаһар Алматының маңайына жақын орналасқан ауылдарды айтпағанда, Қайнар, Нұра, Панфилов, Кеңдала ауылдық округтеріне қарасты бірқатар шағын ауылдар тұрғындарының осы мәселеге қатысты шағымы шаш етектен. Бір күнде болмаса да біртіндеп шешіліп жатқан маңызды мәселелердің саны артып келе жатқаны көңілге медеу. Сондықтан армандағандай болмаса да, ақырындап жылжып келе жатқан керуен көшінің жүре түзелеріне сеніммен қараймыз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы