«От жағып қойып, кішкене мызғып алайын деп жантайып жата қалдым. Телефоныма келіп жатқан хабарламаларға жауап беріп отырып біраз уақыт өте шыққанын байқамай қалыппын. Бір кезде әлдененің шытырлап жанған дауысы құлағыма келді. Дәлізге жүгіріп шыққанымда төбе жанып, шоғы жерге түсіп жатыр екен. Өткен жылы ғана жөндеу жұмыстарын істегенде еденге төселген ламинаттың да күйіп жатқанын көріп ішім ашып кетсе керек, қолыма ілінген заттарымды далаға қарай сүйреп шығара бастаппын. Қу дүние-ай десеңші… Бір кезде есіме жатын бөлмедегі екі балам түсе кетті. Абдырағаным сонша, қолымдағы заттарды лақтыра салып балаларыма қарай ұмтылдым. Ештеңеден хабарсыз отырған балапандарымды орындарынан жұлып алып, бірін жетектеп, бірін қолтығыма қысып көршімнің үйіне қарай жүгірдім. Ай-күнім таяп әрең жүрген басым қалай жанұшыра жүгіріп кеткенімді де білмей қалыппын. Таңертең 8-9 жастағы екі қызыма кіші екеуін қаратып қойып, сырттарынан құлыптадым да, жүктілік бойынша қан сараптамасын жасату үшін емханада бір-екі сағат аялдағанмын. Үйге келе бере қыздарымды сабаққа шығарып салып, от жағып қойып, жайланып отырғаным сол еді. Құдайдың өзі сақтаған шығар, бұл жағдай мен сыртта жүргенде болса не істер едім? Ойлаудың өзі қорқынышты! Әттең, енді тағы кімнің босағасын жағалайтынымызды құдай біледі?! Балалы-шағалы адамды ешкім сыйғыза бермейді. Десе де бас аман, ден сау болғанына шүкір!», – деді отанасы Перизат Арингазинова.
2015 жылы жер сатып алған жас отбасы сол жылы қамыстан баспана тұрғызған. Келесі жылы сплитерлік кірпішпен кеңейтіп, 100 квадраттық алты бөлмелі үйді балалардың аузынан жырып жүріп тұрғызған. Содан бергі жеті жылда осы жанұяда төрт баласы өмірге келген. Бесіншісін күтіп отыр. «От пен су – тілсіз жау» дегендей, көпбалалы ана Перизат айналасы бір сағаттың шамасында қаншама жылғы табан ет, маңдай терінің көз алдында күлге айналғанына сенер-сенбесін білмей дал.
Ал төрт баланың әкесі – Марлен Сыдықбек болса майонез шығаратын зауытта жұмыс істеп, еңбегіне қарай айына 200-300 мың шамасында айлық алады. Балаларының ырыздығын табу үшін жұмыстан қолы бір босамайтын отағасы үйіне оралғанда оның орнын сипап қалған. Әрине мынандай қымбатшылық қысқан заманда барынан айырылу ешкімге оңай соқпасы анық. Балалары бірінен соң бірі өмірге келе бастағандықтан, сол балапандар өз шаңырағында ешкімнің қабағына қарамай, алаңсыз өссін деп қолдағы барын базар қылып, осы үйді салған көрінеді.
Өрт өршіп кеткендіктен көрші-қолаң жиналғанымен, қызыл жалынның ішінде қалған үйден күнделікті керек-жарақтан ештеңе ала алмаған. Тек бір-екі көрпе мен бір кілем және газ баллонын ғана сыртқа шығарып үлгерген. Басқа дүние-мүлкі түгел жанып кеткен. Солай көзді ашып-жұмғанша бір отбасы далада қалды. Көңілге медет болары – отбасындағылардың аман-сау болғаны. Өткен жылы ғана 1 500 000 теңгеге жөндеу жұмыстары істеліп, жиһаздары да жаңадан қойылған еді. Енді осының бәрі балалардың киімдерімен қоса, туу туралы куәліктері, өзге де қажетті құжаттары бәрі жанып кетті. Тек үйдің құжатын ғана сақтап қалған. Өкініштісі сол, бөліп төлеуге алған телевизор мен тоңазтқыштың несиесі де әлі өтеліп бітпеген. Енді жаңасын алу түгілі, жанып кеткенінің қарызын қайтарудың өзі оңай болмас…
Көршісі Арайлым Кулшыгашова: «Балаларын көтеріп жүгіріп келген Перизат үйінің өртеніп жатқанын айтты. Сағат он бірден асып қалған кез болатын. Жалын шарпыған үйді сақтап қалармыз деген үмітпен бәріміз солай қарай жүгірдік. Бірақ қолымыздан ештеңе келмеді. Мен өрт сөндірушілерге хабарласып көмек сұрадым. Алайда олар келгенше бір сағаттан астам уақыт өтті. Өрт сөндірушіер жолға шықтық деп хабарласқанда үйдің төбесі толық жанып кеткен кез еді. Келген кездерінде болары болып қойған… «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегендей, бар болғанмен, еш қайыры жоқ мұндай мекеменің керегі не? Негізі ауылда өрт сөндіру бекеті бар. Алайда онда қажетті техникалар, арнайы көлік жоқ. Олар жазда құрғақ шөп, егін жанған кезде сусыз өшіретін құрал арқылы ғана жұмыс істейді. Сондықтан халыққа көмек көрсетуге қауқарсыз. Әттең, өрт сөндірушілер ертерек келгенде тым болмаса төбесі жанса да, ішіндегі тұрмыстық техникаларын, керек-жарақтарын сақтап қалар ма едік? Адал еңбегімен күн көріп жүрген жандардың бар-жоғы түгел жанып кеткеніне жанымыз ауырды. Енді не болады? Қайда барып паналайды? Қайтадан үй салып, қатарға қосылғанша қай заман?…», – деді күйініп.
Ел бар, жұрт бар да ешкім далада қалмасы анық. Ауылдағы жомарт жан бос тұрған бөлмесін уақытша пайдалануға берсе, басқалары азын-аулақ қаржы жинап, қолдарынан келгенше көмек көрсетуде. Еріктілер де балаларға киім-кешек және күнделікті қолданатын ыдыс-аяқ әкеліп берген. Бұл ретте дос-жарандары, туыс-туғандары да қарап қалмаған.
Ауыл әкімі Нұрболат Манапбаевқа хабарласып, көпбалалы отбасына қандай көмек көрсетілетінін сұрағанымызда қолдан келгенін аяп қалмайтынын айтты. «Бір кәсіпкер тауып, жағдайды түсіндіріп, жанып кеткен үйді көрсеттім. Бұйыртса, алда осы отбасының үйін қайтадан салып алуына көмектесетін болады. Өрттен қалған қоқысты тазалу үшін сұраған техниканы бердік. Өзім бас болып ауылдастардан бұл отбасына қол ұшын беруін сұрадым. Оларда шамасы келгенше қаржылай көмектесіп жатыр», – деді.
Өрт сөндіру мекемесі берген мәліметке сүйенсек, электр сымдарының қысқа тұйықталуы тілсіз жаудың шығуына себеп болған. Бұл туралы Алматы облысы Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мемлекеттік мекемесінің бастығы Айдос Ахметкалиевтан білдік. «Сағат 13:20-да өрт толығымен сөндірілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД-нің 8 қызметкері мен үш бірлік техникасы жұмсалды. Ауданның алыс өңірлерінде жану жағдайларын азайту мақсатында елдімекендерде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен салу 2019-2023 жылдарға арналған жоспарға енгізілген. Осыған сәйкес Панфилов және Қайнар ауылдық округтерде екі өрт сөндіру бекеті салынды. Өрт сөндіруге қажетті техникалық құрал-жарақпен жабдықталған. Онда 8 қызметкер жұмыс істейді», – деді. Алайда Талғар сынды үлкен ауданда мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі тек біреу ғана және ол аудан орталығында орналасқан. Жалғамыс және Панфилов ауылында өрт сөндіру бекеті болғанымен, үлкен өртті ауыздықтауға қауқарсыз. Жұмыстары мүлдем жансыз демейміз, бірақ үлкен ауданға бір ғана өрт сөндіру бөлімі аздық ететіні де шындық. Тым болмаса бір ауылдық округте бір өрт сөндіру бөлімі болса халықтың тірнектеп жиған дүниесі көз алдында күлге айналмас еді деген ойдамыз.
Зорагүл Әбдіқадір