ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЛАРЫ 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАЙДЫ

ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЛАРЫ 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАЙДЫ

Еліміз бойынша ұялы байланысты іске асыратын Kcell, Beeline, Tele2 операторларының қызмет көрсету пакеттері көп болғанымен, елдің көңілінен шығатыны шамалы. Тарифтерінің қымбатшылығын былай қойғанда, ұсынылатын қызмет түрлері оған лайықты емес. Мәселен, ірі қалалар маңында ғана 4G байланысы ұстап, бұл жерлерден алыстаған сайын сапасы нашарлап, біртіндеп 3G, 2G, Н+, Н жиілікке ауысып кетеді. Алыс аудандар мен таулы аймақтарда ол да жоқ. Бұл аудандардың тұрғындары алда қосылатын 5G байланыс туралы армандай да алмайды. Осыған байланысты көп тірлігі күндіз-түні интернетке байланған халық арасында шығын да, шағым да көп.

Ұялы байланыс операторлары­ның қызметіне деген арыз-шағым­ның артып кетуіне байланысты ар­найы рейдке шыққан Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы Мусин олардың жұ­мысын қатаң сынға алып, ең қысқа мерзімде күрделі мәселені шешуді тапсырды. Олай болмаған жағдайда, әр екі ай сайын тұрақты түрде тексеру жүргізіліп, қомақты көлемде айыппұл салынатынын ескертті.

«Сіз­дер­де тек екі жол бар. Не мұнда қалып­ты 4G болады немесе әрбір опе­ра­тор 4 млн теңге айыппұл арқалайды. Біз  айыппұл салудан шаршамаймыз», – деді министр.

Аталмыш министрліктің мәліме­тін­ше, операторларға қатысты түсе­тін арыз-шағым бұрынғыдан әлде­қайда жиілеген. Баспасөз хатшысы Ерхан Таткеннің хабарлауынша, мемлекет басшысы атап өткендей, интернет, яки байланыс тұрғындарға қолжетімді болу керек. Сапасыз қызмет көрсететін байланыс операторына қатысты бірқатар заңдық нормалар күшіне енді. Заң­бұзу­­шылық қайталанса, онда айыппұл 200-ден 1500 АЕК-ке дейін артады (www.24.kz). Ендігі жерде тарифтерін орынсыз көтеріп, оған сай қызмет түрлеріннің сапасын жақсарта алмаған ұялы байланыс компаниялары айтарлықтай көп көлемінде айыппұл төлейді. Бұрын бұл сома 10 есе аз болса, яғни айыппұл көлемі 350-400 000 теңге көле­мінде болса, енді 4 миллион тең­ге­ге дейін өсетін болды. Егер заң­бұзу­шылық қайталанса, айыппұл құны тағы артады.

Еліміздің негізгі қалалары мен ауыл-аймақтарының көбі ұялы бай­­ла­ныспен қамтылған десек те, ақша­сын салғанмен оған сай қыз­мет ала алмай отырғандары жетер­лік. Kcell, Beeline, Tele2 байланыс­та­рының жалпы тарифтері 990 тең­геден басталып, 8000 теңгеге дейін жеткен. Алайда сапаға сай қыз­мет көрсете алмай отырған Теле2 байланыс желісіне қатысты шағым­дар легі толастар емес. Қала орталы­ғы­нан алыс елді мекендерде, тіпті қаланың іргесінде отырған ауылдарда Теле2-нің қызмет көрсету аума­ғы шектеулі. Сол себепті бағасы жағынан тарифтері қолжетімді болғанымен, алыс жолға шыққан жолаушылар үшін бұл байланыс тиімсіз, тіпті түрлі қысылтаяң жағдайда қиындықтарға тап келуіңіз мүмкін. Осыған байланысты қалалы жердегі тұтынушылардың көп бөлігі мен шалғай ауыл-аймақтың тұрғындары Beeline байланысының қызметіне көшкен. Алысқа бармай-ақ қояйық, мына тұрған Нарынқол ауданында Теле2 операторы ешқандай қызмет көрсетпейді. Ауданға жақындаған бетте өшеді де, орнына түсініксіз тілдегі хабарламалар келіп, Қытайдың ұялы байланысы қосылады да, тарифке салған аз ақшаңды сүлікше сорады. Ал Талғар ауданының шет ауылдарында бұл байланыстың тұтынушылары антенна ұстайтын жер іздеп, смартфондарын құшақтап, жүгіріп жүруге мәжбүр. Бұл кешегі карантин уақы­тында, әсіресе балалар онлайн сабақ оқыған кезде қатты білінді. Бір бұл емес, жалпы ұялы байланыстардың жағдайы сын көтермейді.

Тарифтік жоспарлары ең қымбат Kcell операторының байланыс қызметі де көңіл көншітерлік емес. Мұндағы ең арзан тарифтік жоспар 2900 теңге, ал ең қымбат тариф 8000 тг бола тұра, көбіне бір реттік қысқа мерзімді науқандық тарифтерді ұсынады. Қалтасы жұқа қарапайым халық үшін бұл да тиімсіз. Сондықтан тұтынушылар бағасы жағынан қолжетімді Tele2-мен қоса, амал жоқ сапалы интернет қызметін ұсына­тын басқа да операторлардың қызметін қолданып отыр.

Қымбатшылық бүйірден қысып, аз айлыққа күні қараған қарапайым халық үшін байланыс операторларының тарифтерін қымбаттату тиімсіз болғанымен олар да өз кезегінде нарыққа бағынатыны анық. Алайда қымбаттатқанына қарай сапа­лы қызмет ұсына алмай отырған ком­панияларға елдің өкпесі қара қазан­дай. Ал оларға осы ынсапсыздығы үшін айыппұл арқалатам деген министрдің әрекеті қаншалықты жеміс берерін алдағы уақыт көрсетері хақ. Оған дейін «Жоққа жүйрік жетпейді», барды қанағат етіп, қолда бар «жалғыз атқа» ие болғаннан өзге амал жоқ.

 

Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ