«САЯЖАЙ ТӨРАҒАЛАРЫ ҚАРАПАЙЫМ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАНАУДЫҢ БИІК ШЫҢЫНА ЖЕТІП ОТЫР!»: ХАЛЫҚ САЯЖАЙЛАРҒА АУЫЛДЫҚ МӘРТЕБЕ БЕРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ НЕЛІКТЕН ТОҚТАП ҚАЛҒАНДЫҒЫН БІЛГІСІ КЕЛЕДІ

«САЯЖАЙ ТӨРАҒАЛАРЫ ҚАРАПАЙЫМ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАНАУДЫҢ БИІК ШЫҢЫНА ЖЕТІП ОТЫР!»: ХАЛЫҚ САЯЖАЙЛАРҒА АУЫЛДЫҚ  МӘРТЕБЕ БЕРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ НЕЛІКТЕН ТОҚТАП ҚАЛҒАНДЫҒЫН БІЛГІСІ КЕЛЕДІ

​Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тұрған шағында аймақ көлемінде 705 саяжай мен бау-бақшалық серіктестігінің бар екенін, ол жерлерде 183 мыңнан астам адам тұрақты мекен етіп жатқанын мәлімдеген болатын. Осы саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктердің басым бөлігі Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарына тиесілі екендігі де анықталған. Сол себепті де тұрғындары тұрақты мекенге айналдырған саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктеріне ауылдық мәртебе беру мәселесі көтеріліп, бастапқы іс-шаралар басталып та кеткен еді.

​Алайда облыс екіге жарылып, әр облысқа жаңа басшылар тағайындалғаннан бері бұл жұмыстар біршама саябырсып қалғандай. Осы мәселенің ауданымызда қалай жүріп жатқандығын білмек болып, Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Айгерім Сайлаужанқызына жолыққан болатынбыз. Осы ауылдық округке қарасты 80 саяжай мен бау-бақшалық серіктестік бар. Бұл жерлерді соңғы санақ бойынша 19 мыңдай тұрғын мекен етіп келеді. Яғни, осыншама халық ауылдық мәртебесі болмағандықтан қажетті инфрақұрылымдарға қол жеткізе алмай, өркениеттен шет қалып отыр деген сөз. Өйткені мәртебесі жоқ елді мекенге қажетті қаржы бөлінбейтіндігі аян. Оларға жаңадан жол салынбайды, бар жолдарды жөндеу жұмыстары да жүргізілмейді. Аурухананы былай қойғанда, медпункт те болмақ емес. Себебі бұл мекендер заңды түрде ауыл болып саналмайды. Аудан орталығының іргесінде орналасса да 19 мыңға жақын тұрғын өз құқықтарына қол жеткізе алмай, өркениеттен шет қалып отыр. Бұл мекендерге ауылдық мәртебе берілмесе, тұрғындардың құқы таптала берері сөзсіз.

​Одан да бөлек бұл жерлерді мекен еткен тұрғындарды бірнеше бау-бақшалық серіктестік өзара бөліп алып, серіктестік төрағалары өздеріне қаржы құйып отыратын «майшелпекке» айналдырып алған. Оған осы мақала жазылар алдында екі-үш серіктестіктің жерін аралап, тұрғындармен әңгімелескенімде куә болдым. 3-саяжай аталатын аумақта орналасқан «СТ Талғар» бау-бақшалық серіктестігіне қарасты Талгарская көшесінің 280-үйінде тұратын Әйкел Күлдібаева есімді азаматша: «Серіктестіктің 350-дей отбасысы 150 мың теңгеден жинап, водабашня тұрғызып алғанбыз. Ауызсуды содан аламыз. 1 кубына ай сайын 60 теңге төлейміз. Электр жарығы 1 квт-қа 26 теңгеден айналып отыр. Одан да бөлек жылдық мүшелік жарнаға 5 мың теңгеден жинап алады. Алайда ол ақшаның қайда кететіні бізге белгісіз. Не көше жөнделмейді, еш болмаса көшелерге жарық та орнатылмайды. Ауылдық мәртебе берілсе, осындай артық шығындардан арылып қалар едік», – дейді.

​Ал осы саяжайдан жоғары «Медик» бау-бақшалық серіктестігі орналасқан. Осы серіктестікке қарасты Абрикосовая 4-үйде тұратын Лаура Елікбайқызына жолығып қалып, оны да сөзге тартып көрдік:

«Судың 1 кубына 60 теңге, электр жарығының 1 квт-на 26 теңгеден төлеп отырамыз. Жылдық жарна сотығына байланысты алынады. Шамамен 6000 – 7000 теңгеден айналады», – дейді ол. Серіктестік төрағасы бұл жиналған қаржыға жолдарыңызды жөндеп немесе басқа да істер жасап бере ме?» деген сауалымызға: «Жоқ. Ондай нәрселерді жасағанын көрген емеспін», – деп жауап берді.

​3-саяжай аталатын жердегі «Авиатор» бау-бақшалық серіктестігіне келгенімізде Центральная көшесінің 29-үйінде тұратын Айдар Әріпжанов есімді азаматқа жолығып қалдық. Оны да ақырындап сөзге тартып көрдік:

«Бау-бақшалық серіктестікті оның төрағасы билеп-төстейді. Іргеміздегі Талғар қаласында электр жарығының құны квт-на шаққанда 17 – 19 теңгеден айналса, бізде ол 23 теңгеден алынады. Мұның сырын төрағамыз электр жарығын жеткізетін Еңбекшіқазақ ауданына сілтейді. Сонымен қатар жылдық мүшелік жарнаға 23 мың теңгеден жинап алады. Көшелеріміз болса, ойқы-шойқы, машиналар әрең жүреді. Жауын-шашынды кездері адамдардың жүріп-тұруы, тіпті қиындап кетеді. Осы жердегі бірқатар бау-бақшалық серіктестікті ауызсумен «Берекелі су» бау-бақшалық серіктестігі қамтамасыз етеді. Егесі Шолпан атты ұйғыр әйел. Әдепкіде әр үйге су құбырын жүргізуге тұрғындардан 185 000 теңгеден алған болатын. Қазір бұл сумманы 500 000 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Басында судың 1 кубына 80 теңгеден төлейтін едік. Бұл баға өсе келе екі жылдан бері 200 теңгеге жетіп отыр. Осылайша бізге қызмет көрсететін серіктестіктер қарапайым тұрғындарды қанаудың биік шыңына жетіп отыр. Жыл басында саяжайлар мен серіктестіктерге ауылдық мәртебе беріледі деген кезде қуанып қалып едік. Оның да аяғы сиырқұйымшақтанып кеткен сыңайлы», – дейді ол ренішті кейіпте.

«Берекелі су» бау-бақшалық серіктестігі ауызсумен сол аумақтағы бірнеше бау-бақшалық серіктестіктің тұрғындарын қамтамасыз етеді. Ауызсудың бұларда неге соншалықты қымбат екенін ешкім түсіндіріп беруге тырыспайды. Су егесі болса: «Ұнамаса, алмай-ақ қой!» – деп бір-ақ қайыратын көрінеді. ​Сол себепті де саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктерге ауылдық мәртебе беру жайында атқарылған жұмыстар барысы жөнінде әкім орынбасары Айгерім Сайлаужанқызынан сұрағанымызда ол былай деп жауап берді:

– Мәртебе беру мәселесі экс-әкім Қанат Бозымбаевтың тұсында көтерілді. Бүкіл ауылдық округтердегі саяжай мен бау­-бақша серіктестіктерінің мәліметтерін түгел сұратты. Саяжайдың аты, төрағасы, әр саяжайдың жалпы аумағы, қанша жер телімі бар, тұрақты тұратын тұрғындар саны қанша, жолдарының ұзындығы, ені қандай, электр көздері, суы кімдердің меншігінде, газбен қаншалықты пайыз қамтылған деген секілді ақпарларды жинатты. Біз осы жұмыстардың барлығын жинастырып, дайындап ауданға өткізіп бердік. Аудан облысқа жіберді. Әзірге осымен тыныштық орнап тұр. Бізге ешқандай ақпарат берілген жоқ.

– Одан бері де біршама уақыт өтті. Мәртебе беру соншалықты ұзақ мерзімді алатын жұмыс па?

– Шындығында, бұл өте үлкен жұмыс. Ең алдымен елді мекеннің шекарасын кеңейтуге орай бас жоспарды жөндеп, топономикалық түсірілімін түсіру керек. Одан да бөлек мұндай мекендерді ауылдық округке қосу үшін бас жоспар бойынша өзінің талаптары бар. Мысалы, көшенің ені қаншалықты болуы керек, ұзындығы қанша деген сыңайлы. Саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктердегі көпшілік көшенің ені 2,5 – 3 метрден аспайды. Ондай көшелерді кеңейтуге тура келеді. Оларды кеңейту үшін жер телімінің иелерінен қажетті жерді мемлекет сатып алуы қажет. Бас жоспарды жасау үшін де қаржы керек. Оларға тиесілі электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған электр желілері, трансформаторлары, су ұңғымалары жекеменшікке қарайды. Бұлардың барлығы ауылдық округ балансына өтуі үшін солар сатылып алына ма, әлде жаңадан жүргізіле ме, осы мәселелер шешілуі тиіс. Қалай болған жағдайда да мұның барлығы үлкен қаражатқа келіп тіреледі. Мұншалықты істер бір-ақ күнде шешіле салатын жұмыс емес.

– Экс-әкім Қанат Бозымбаевтың өзі де мұны екі-үш жылға созылатын жұмыс деп мәлімдеген еді ғой…

– Бұл бергі жағы ғана. Саяжайлар мен бау-бақша серіктестіктерді түгелдей ауылдық округке қосып, мәртебе беруге одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Ол бір жағынан мәртебе беру жұмысының атқарылуына да байланысты. Ол жөнінде аудан, облыс тарапынан «біз мынандай жұмыстар атқарып жатырмыз» дегенді әзірге ести алмай отырмыз, – деп алаңдаушылығын жасырмады орынбасар.

Бәлкім бұл мәселенің жобасын аудандағылар біліп қалар деген үмітпен Талғар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөліміне соққан болатынбыз. Басшысы Дәурен Мұқанов орнында болмай шықты. Мекеменің бас маманы Дінсұлтан Бейсембекке жолығып, саяжайларға ауылдық мәртебенің берілу жайы қалай болып жатқандығы жөнінде сауал қойғанымызда: «Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасы бойынша көктемнің орта тұсында бірқатар жұмыстар атқарылған. Талғар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімі аудан көлемінде орналасқан 152 саяжай мен бау-бақшалық серіктестіктер жөнінде толықтай ақпарат жинап, Алматы облысы құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасына тиісті құжаттармен қоса жіберілген болатын. Осы 152 саяжай мен бау-бақшалық серіктестіктің бас жоспары жасалып, елді мекен шекарасына қосуға өтінім де жіберілген. Талғар ауданындағы 152 саяжай мен бау-бақшалық серіктестіктің жалпы аумағы 1 560 гектарды құрайды. Бұл жерлерді шамамен 30 мыңнан астам тұрғындар тұрақты мекен етіп келе жатыр. Қазіргі таңда жауап күтіп отырмыз. Бас жоспар жасалып, қаражат бөлінсе, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады. Бұл мәселелер нақты қашан шешімін табатыны әзірге бізге хабарланған жоқ», – дейді бас маман.

Яғни бұл жерде бір ауданның өзінде 30 мыңнан астам адам коммуналдық қызметтерге әдеттегіден көп ақша төлеп, асфальттың орнына жаңбырлы күні лай кешіп жүр деген сөз. Мұны әлеуметтік теңсіздіктің жоғары сатысы деп айтуға да тұрарлық. Тұрғындар арасында наразылықтардың туындап жатуы осындай әлеуметтік теңсіздіктерге тікелей байланысты. Бір-біріне жалғас орналасқан бау-бақшалық серіктестіктердің өкілдері коммуналдық қызметтерге әрқайсысы өздерінше баға қойып алған. Белгіленген баға жоқ. Бұл онсыз да «шықпа, жаным, шықпалап» отырған тұрғындардың тұрмысын одан әрі ауырлата түсері ақиқат.

Рас, қандай да бір жұмыс болмасын, көлеміне, ауқымына, атқарылу барысына қарай белгілі бір уақытты талап ететіні белгілі. Алайда бұл жерде бір емес, бірнеше мыңдаған адамдың құқығы, мүддесі жатыр. Ата заңымыздың алғашқы бабында «Еліміздің қымбат қазынасы – адам» делінген. Оның үстіне президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Үкіметіміз еститін үкімет болады» деген уағдасы және бар. Бірнеше мыңдаған адамның құқықтық мәселесіне тікелей қатысы бар мұндай ауқымды істер сылбырлыққа жол беруді көтере бермесі анық. Әлеуметтік дүмпулердің көпшілігі де осындай шараларға сылбырлық танытқандықтан туындап жататынын есте ұстағанымыз абзал.

Бет қатталып жатқанда редакциямызға Кеңдала ауылдық округ әкімінің орынбасары Айгерім Сайлаужанқызы хабарласып, жақын арада осы мәселе төңірегінде жиналыс өткендігін хабарлады. Жиналыста саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктерге ауылдық мәртебе беру мәселесін Президент аппараты өз бақылауында ұстап отырғандығын жеткізіпті. Саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктердің бас жоспары жасалып, қаржы мәселесі шешілсе, мәртебе беру мәселесі де жолға қойылатын көрінеді.

Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ