ДЕКРЕТКЕ ҚАЛАЙ МИЛЛИОНМЕН ШЫҒУҒА БОЛАДЫ?

ДЕКРЕТКЕ ҚАЛАЙ МИЛЛИОНМЕН ШЫҒУҒА БОЛАДЫ?

Декреттік демалысқа миллион теңгемен шығуға болады. Оның бірнеше тәсілі бар. Жүктілікті жоспарлап жүрген болсаңыз, дәл осы жолмен өзіңіздің декреттік төлемдеріңізді көбейтуге мүмкіндік бар. Бұл жөнінде қыз-келіншектерге ақыл-кеңес беріп жүрген қаржыгер – сарапшы Қамария Жангелдіқызымен сұхбат­тасып, анық-қанығын сұрап білдік.

Декреттік төлемдер деп бо­сану­ға дейінгі, босанудан кейін­­гі және бір жасқа дейінгі жәрдемақыны айтады. Босанудан кейінгі ақша немесе «сүйінші ақша» деп аталатын баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақы ол тұрақты болып келеді. Осы жерде жұмыс істейтін әйелдерге бо­сануға дейінгі жәрдемақыны не себепті алатынын түсіндіріп кет­кен жөн. Оның себебі сіз үшін жұмыс беру­шіңіз әлеуметтік сақ­тандыру қо­ры­на аударым жа­сайды. Яғни, әлеу­меттік сақ­тандыру қорына ақша төленеді. Қарапайым тілмен салыс­тырып айтқанда, мысалы, сіз көлігіңізді сақтандырасыз, көлігіңіз апатқа ұшырайтын болса, сақтандыру компаниясы өтемақы қайтарады деген сөз. Тұрақты жұмыс істеп, әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударылып отырса, сіз жұмыс­қа қабілетсіз бол­ған жағ­дайда сақтандыру қоры ақша төлейді. Жүктіліктің жетінші айынан кейін жұмыс істеу сіздің және балаңыздың өміріне қауіпті болғандықтан сақтандыру қоры ақша бөледі. Сондықтан «боса­нуға дейінгі жәрдемақы зейнет­ақыдан есептеледі екен» деп ша­тас­паған жөн. Босануға дейінгі жәр­демақы әлеуметтік сақтан­дыру қорынан есептеледі.

– Егер жүкті әйел жұмыссыз бол­са, әлеуметтік төлем жүргізіледі ме?

– Зейнетақы қорына жеке тұл­ға­лар өз атынан төлем жүр­гі­зе алады. Ал әлеуметтік төлемдерді олай төлеу мүмкін емес. Әлеуметтік төлемді сіз үшін жұмыс беруші төлейді немесе жеке кәсіпкер ғана өз-өзіне төлей алады. Сондықтан сіз жұмыс істемей, үйде отырған болсаңыз, жеке кәсіп ашу арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы ғана әлеуметтік төлемдерді жасай аласыз.

Егерде сіз белгілі бір жерде жұмыс істеп, айлығыңыз бел­гілі бір межеге жетпесе, жеке кәсіпті тір­кеу арқылы қалған жетіспей тұр­ған соманы толықтыруыңызға бола­ды. Қазақстанда әлеуметтік сақтандырудың жоғарғы сомасы 7 АЕК. Ал төменгі айлық көрсеткіші – 42 500 теңге. Сонда декретке төленетін жоғарғы табыс 297 500 теңгеден есептеледі. Сіз осы соманың 3,5%-ын әлеуметтік сақтандыру қо­рына аударасыз. Яғни, 10 413 теңге.

Бо­санғанға дейін жәрдемақыны миллион теңгеге жеткізу үшін сіздің соңғы 12 айдағы ай сайынғы табысыңыз 280 мың теңгеден кем болмауы керек. Сіз жұмыс істемейсіз делік, бірақ үйде отырып торт пісіресіз немесе ин­тернетте киім сатасыз. Яғни, сіз­дің осы уақытқа дейін тастамай ай­налысып келе жатқан кәсібіңіз бар. Бірақ сіз оны осы уақытқа дейін заң­дастырмадыңыз. Көбісі салықтан қашады. Оны артық шығын деп есеп­тейді. Сөйтіп, тіркеуден бас тар­та­ды. Бұл жерде үлкен құпияның бетін ашқан жөн. Егер оны тіркететін болсаңыз, үлкен олжаға кенелесіз. Жеке кәсіпкер ретінде (ИП) тіркеліп, өзіңізге әлеуметтік төлем мен зейне­тақы аударасыз. Оны сіз кейін осылай декреттік демалысқа шыққан кезде босануға дейінгі жәрдемақы арқылы өзіңізге қайтарып аласыз. Сондықтан да ең бірінші қадам – өзіңізді жеке кәсіпкер ретінде тіркеу.

– Жалпы қанша төлейміз?

– Мысалы,табысыңыз 297 мың дейік. Бұл шамамен орташа көр­сет­кіш. Патенттің сауда емес түрі­нен 1% табыс салығы төленеді. Па­тент 1% (табыс салығы) – 2 970 теңге. Зейнетақы қоры 10% – 29 700 теңге. Әлеуметтік төлем 3,5 % – 10 395 теңге. Бастапқыда сіз осы 3 төлемді ғана төлейсіз. Жүктіліктің 7-ші айы болған кезде гинеколог-дәрігер еңбекке жарамсыздық пара­ғын береді.

Алдын ала есепке тұрған кезде мынаны ескерген жөн: өзіңізде жеке кәсіпкерлік барын және еңбекке жарамсыздық парағы керек. Еңбекке жарамсыздық парағын қолға алғаннан кейін, егер сізде ИП болса, екінші бетін өзіңіз толтырасыз. Мөр қою міндетті емес. Халыққа қызмет көрсету ор­талығына апаратын негізгі анық­тамалардан бөлек, ИП-ны рас­тайтын құжаттардың тізімі қажет. Міндетті түрде осы 4 құжатты өткізесіз.

Оларды өткізгеннен кейін екі аптаның ішінде «расталды, босанғанға дейінгі осындай көлемде жәрдемақы аласыз» деген телефоныңызға СМС хабарлама келеді. Егер келмесе, қандай да бір қателік жібергеніңізге байланысты қайта қарауға тапсырылады. Ондай жағдай болып жатса, уайымдаудың қажеті жоқ. Құжаттар реттеліп, қал­пына келтірілгеннен кейін міндетті түрде жәрдемақы қолыңызға тиеді. Босанғанға дейінгі жәрдемақыны бала 1 жасқа келгенге дейін алуыңызға болады. Сол себепті уайымдаудың қажеті жоқ. Кейін егер қажеті бол­маса, ИП-ны тоқтатуға немесе жауып тастауға болады.

– Әйелдер жәрдемақы мөл­шерін өз бетімен қалай есептесе болады?

– Төмендегі формула арқылы өзіңіздің қанша теңге жәрдемақы ала­тыныңызды есептей аласыз.

Соң­­ғы 12 айдағы айлықтың барлы­ғын қоса­сыз, сосын оны 12-ге бөле­сіз немесе оны орташа айлық деп атауға болады. Бұл жерде ең маңыз­дысы – әлеуметтік тө­лем. Орташа айлықты есептеп тап­қан соң оны 4,2-ге көбейтесіз.

Ескере­тін жайт, босанғанға дейін берілетін жәрдемақының 10%-ын мемлекет зейнетақы қорына алып қалады. Міне, осыдан кейін шығатын сома­ны қолыңызға аласыз. Босануға дейінгі жәрдемақыны есептеу фор­муласы: соңғы 12 айдың та­бысы/12*4,2 – 10%. Формулада 1 жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақыны есептеуге болады. Бұл жерде соңғы 24 ай есептеледі. Орташа айлықтың сомасы анықталғаннан кейін осыны 0,4-ке көбейтесіз. Сонда өзіңіз қалаған сома шығады.

Біздің оқырмандар сіздің сө­зіңізден өзіне қажетті ақпарат алғанына сенімдіміз. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кәусәр Әбдікерім