Белбұлақ ауылдық округінде су мәселесі әліге дейін шешілмей тұр. Бір аптадан аса сусыз отырған жұрт ақыры ашуға мініп, әкімдік алдына жиналды. Ол күні ауылдық округ әкімінің қабылдау күні екен. Алайда халық сайлаған Нұрбол Досымбаев та, оның орынбасары да жұмыста болмай шықты. Белгілі болғандай, әкім науқастанып, денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен екен. Ал орынбасары ауданға жиынға кеткен. Іштегі бірен-саран қызметкерлер жиналған жұртқа өздерінің ештеңеге жауап бере алмайтынын жеткізіп, шарасыздықтарын білдірді.
Белбұлақ ауылының белсендісі Гүлнар Ахметова: «Бұл жыр жылда қайталанады. Ауыл тұрғындары жаз бастала салысымен судан тапшылық көреді. Ауылдың төменгі жағындағыларда су бар, ал жоғары жағында тұратындар судан қағылып жатады. Болса да, судың қысымы өте әлсіз. Тек кешке қарай сылдырап келеді. Келді деген суымыздың өзі ішуге жарамсыз. Сап-сары лай су, ішінде құрттар жүреді. Ауыл жастары он бес күннен бері «Алматы – Талғар» трассасын жауып, митингіге шығамыз» деп қомданып отыр. Алайда оларға басу айтып, әкмшіліктегілермен кездесіп, мұның қашанға дейін жалғаса берерін біліп алуды жөн көріп келіп отырмыз», – деді.
Шуылдасқан тұрғындарға басу айту мақсатымен әлден уақытта тұрғынүй комуналдық шаруашылығы саласының бас маманы Асхат Әбілғазиев келді. Оны ортаға алған көпшілік жан-жақтан жамыраса сұрақтар жаудырды. Жамырасқан тұрғындарға ол: «Қазір суға жауапты басшыларды шақырамын. Судың неге жоқтығын, қысымның неліктен аздығын солар түсіндіріп берсін. Сәл сабыр сақтаңыздар», – деп телефонына жармасып, әлдекімдерге хабарласып жатты. Арада жарты сағат уақыт өткен шақта жиналған қауымның алдына келген «Талғар топтық су құбырының» бастығы Әли Садыров, керісінше, судың жоқтығына халықтың өзін кінәлады. «Су қайдалаған?» жұрттың сауалына ол: «Біздің құзырымызда осыдан 60 – 70 жыл бұрын жүргізілген су құбырлары. Кеңес өкіметі тұсында жүргізілген су құбырынан тұтынушыларға пайдаланған суды есептеп отыратын құрылғы қойылмаған. Жаз кездері тұрғындар бау-бақшаларына суды ағызып қояды. Су тынымсыз ағып тұрғандықтан жоғары жақта тұратын ауыл тұрғындары сусыз қалады. Тапшылыққа негізінен өздеріңіз кінәлісіздер! Ауыз су құбырымен келіп тұрған суды бау-бақшаларыңызға пайдаланбасаңыздар мұндай су тапшылығы болмас еді», – деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Арнайы бағдарлама арқылы тартылған 50 шақырымдық су құбырын «Ақ жол» атты мердігер компания жылдың басында аяқтап өткізген. Алайда ішінара шыққан кемшіліктерге байланысты аудан әкімшілігі қабылдамаған екен. Компания кемшіліктерді жойғанда ғана әкімдік су құбырын қабылдайды. Сөйтіп оны басқа бір мекемеге жауапты етіп табыстайды. Бұл құбыр іске қосылып, пайдалануға берілсе, сонда ғана су тапшылығы жойылатын болады дейді тұрғынүй комуналдық шаруашылығы саласының бас маманы Асхат Әбілғазиев. Жаңа құбыр пайдалануға берілмей, тұрғындар суды мақсатсыз қолдана берген жағдайда су тапшылығын ешкім де жоя алмайтын көрінеді. «Жаңа су құбырының қашан қабылданып алынатынын, халық игілігіне қашан берілетінін мен нақты айта алмаймын. Келесі айдың аяғына дейін беріліп қалады деген сөз бар. Оған дейін менің қолымнан ештеңе келмейді», – деп ашығын айтты бас маман.
Осы шақта жиналғандардың арасынан суырылып шыққан Наталья Сакардина: «Осы Белбұлақ ауылының Горький көшесіндегі 29-үйде тұрамын. Үйімде сусыз отырғаныма бір аптадан асты. Менің кішкентай үш балам бар. Егерде кешке дейін үйіме су келмей немесе водовозбен су әкелінбейтін болса, үйдегі ыдыс-аяғымды, кір-қоңымды, бала-шағамды әкімшілікке келіп жуатын боламын. Өйткені бір аптадан бері балаларымды сумен жуындырудың орнына ылғал салфеткамен сүртіп отырмын. Кір-қоңым, ыдыс-аяғым сол уақыттан бері жуылмай тұр. Тау болып үйіліп қалды. Менде басқа шара қалған жоқ», – деді ашына.
Сағат он екілер шамасында ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Сабалиев ақыры жиналыстан оралды. Бір аптадан астам уақыт ыдыс-аяқ тұрмақ, бала-шағасын жуындыруға су таппай қиналған жұрт «Ауыз су қайда?» деген сауалды әкім орынбасарына да қойды. Бірақ ауыз сусыз отырған ауыл тұрғындары үшін бұлар да жауапкершілік алудан басын ала қашты. «Талғар топтық су құбыры» мекемесі біздің әкімшілікке бағынышты емес. Суға солар жауап беруі тиіс. Бұлардан бөлек жаңадан тартылған су құбырының іске қосылуын күтіп отырмыз. Бұл желінің неге іске қосылмай, кешеуілдеп жатқанынан хабарсызбын. Бұл мәселені сәуір айынан бері көтеріп келеміз. Алайда әзірге ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Ауыл тұрғындары бірнеше мәрте арыз-шағыммен келгендіктен біз тиісті мекемелерге хаттар жолдап, олармен бірнеше мәрте кездесулер де өткіздік. Сол кездесулерде «Нұра топтық су құбыры» мекемесі «Алатау» бөлімшесіне сенімсіздік танытып, басшыларына халық көтеріп отырған мәселе бойынша талап арыз хатын жіберген болатынбыз. Бұл арызымыз астанада көтерілді. Содан кейін Алматы облысы департаментінің басшылығы, бас инженері келіп, осы жерде дөңгелек үстел өткізіп, осы мәселелер талқыланды. Сол кездері «Нұра топтық су құбыры» мекемесі «Алатау» бөлімшесінің басшылары халықтан кешірім сұрап, мұндай жағдайлардың екінші қайталанбайтындығын айтқан болатын. Қарап отырсақ, қазір шілде айы болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Жаңадан салынған екінші су құбырының біткеніне де жарты жыл болды. Бұл құбыр әлі «Талғар топтық су құбыры» мекемесіне, не «Нұра топтық су құбыры» мекемесіне берілген жоқ. Осылардың біріне берілсе, абоненттік қосылу жұмыстары жүргізіліп, жұртшылыққа су берілер еді. Сол шақта ғана халық наразылығы тоқтайды. Олай болмайынша, су жыры әзірге біте қоймайды», – деп жауап берді.
Жан-жақты тараптардың сөзі осындай. Ауылдық округі әкімдігі ауыл тұрғындарының қамын күйттеп, компанияларды жауапқа тартқызудың орнына, екі ортада хат алмасып, тек қағаз жүзінде ғана әрекет етіп отырған жайы бар. Хат жазып, «қатырдық» дегендер енді қағаз жаратып болған соң кабинеттерінде жаңа су құбырының іске қосылуын күтіп отыр. Ол іске қосылмай, шулаған жұрттың шуылы басылмайтыны ашық көрініп тұр.
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ
1 Пікір
"Талғар ауданының Белбұлақ ауылдық округі" әкімінің аппараты ММ 01.12.2022 at 17:03
Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарын ауыз сумен РММ «Нұра топтық су құбыры» Алатау филиалы қамтамасыз етуде. «Талғар топталған су тартқышының құрылысы және қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында «Ақ жол» ЖШС мекемесімен Белбұлақ ауылында 2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен 524 млн 760 мың теңге бөлініп, жаңа су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 51 км жаңа су құбырлары тартылды. Бүгінгі күні Белбұлақ ауылында абоненттерді жаңа су құбырларына қосу жұмыстары жүргізілуде.