КӨКТЕМДЕГІ ДӘРУМЕН ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ПЕДИАТР ДӘРІГЕР АЙЖАН ӘЛІМҚҰЛОВАНЫҢ КЕҢЕСІ

КӨКТЕМДЕГІ ДӘРУМЕН ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ  ЖӨНІНДЕГІ ПЕДИАТР ДӘРІГЕР  АЙЖАН ӘЛІМҚҰЛОВАНЫҢ КЕҢЕСІ

Қыс мезгілінде дұрыс тамақтанбаған­дықтан, көктемде дәрумендердің жетіспеушілігі туындайды. Витаминдер — организмнің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті биологиялық белсенді заттар. Олар дұрыс зат алмасуға ықпал етіп, жұмыс өнімділігін, төзімділікті арттырады.Талғар аудандық орталық ауруханасының балалар дәрігері Айжан Әлімқұлова кішкентай балаларға, әсіресе, көктем айында ең қажетті дәрумендердің бірі – Д витамині болып табылады дейді. Д дәрумені «күн дәрумені» деп бекер айтпаған. Сондықтан, балаларды жиі далаға шығарып, күн сәулесіне серуендету қажет.Сондай-ақ, көктемде көптеген балаларда анемия (қан аздығы) жиі кездеседі. Оның алдын алу үшін дәрігер темірге бай тағамдарды беру және де гемоглобин деңгейін көтеретін витаминдерді қабылдау керектігін айтады.

Балаларға майлы емес, құнарлы тағамдар беру керек. Мысалы, ет, күріш, бидай, сұлы. Жеміс-жидектерге келетін болсақ, күніне кем дегенде бір алма жеп тұру керек екен. Банан да пайдалы жемістер қатарына жатады. Сонымен қатар, көктемде балалардың тамаққа тәбеті тартпай, ет жеуден бас тартады көбіне. Педиатрдың айтуынша, бұл кезде балаға иммунитетті көтеретін С витаминін (аскорбин қышқылы) беру керек. Ол иммундық жүйені нығайтып, инфекциялық және вирустық ауруларға қарсы төзімділікті күшейтеді. Кешенді дәрумендер беру жайында Айжан Әдлімқұлова былай дейді: «Егер сіз дұрыс тамақтанып, тек табиғи азық-түлікті тұтынатын болсаңыз, қосымша дәрумендердің сізге қажеті жоқ. Біздің заманда тамақтану, экология басқа еді. Қазір, менің ойымша, адам өзіне қажетті дәрумендерді алмайды, оған себеп — әр кезде тамақтану, жылдам әзірленетін тағамдар, я болмаса химиялық қоспалары көп азық-түліктерді тұтынады. Мысалы, жеміс-жидек пен көкөністің өзі жылыжайда өсіріледі. Табиғи дүниенің азаюы — негізгі фактор. Сол себепті, дәрумендер беру арқылы ағзаның толыққанды жұмыс істеуіне қол жеткізуге болады. Жалпы алғанда дәрумендерге қатысты ғалымдардың, дәрігерлердің пікірі осы жерде екіге бөлінеді. Мен дәрумен беру керек деген жағындамын және өз балаларыма беріп тұрамын».

Дәрігер уақытында келіп вакцина алуды да айтты. «Вакцина — ата-аналар үшін балаларын жұқпалы аурулардың ауыр зардаптарынан қорғаудың жалғыз, әрі ең тиімді және баламасы жоқ әдіс. Қазір көп ата-ана вакцина салудан бас тартады. Салдарынан (корь, паротит және краснуха) түрлі аурулар көбейеді. Алдын-алу үшін ай сайын баланы дәрігердің қабылдауына әкеліп, уақытылы инфекциялық ауруларға екпе алып тұру керек,» — дейді дәрігер.

Көктем және жаз айларында қозатын тағы бір инфекциялық ауру – лямблия паразиті болып табылады. Giardi инфекциясы ересектерге қарағанда балаларда әлдеқайда жиі кездеседі. Балалар, көбінесе, нәжіспен байланысқа түседі, әсіресе, жаялық киген, дәретханаға баратын балаларда лямбиялық инфекцияның даму қауіпі жоғары. Инфекциядан сақтану үшін бар-жоғы қолды мұқият сабындап жуып, жеке бас гигиенасын сақтау қажет.

Сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі балаларды ай сайын дәрігер қабылдауына әкелу керек. Педиатр дәрігер ай сайынғы баланың салмағын, бойын өлшейді. Жалпы, бала ауырғанда, ата-аналар үйде өз бетімен ем-дом қабылдамай, дер кезінде дәрігерге әкелу керек.

Кәусәр ӘБДІКЕРІМ, тілші