Балжан Патихова 3 баласымен жұпыны бір бөлмені паналап отыр. Көгерген қабырғалардың ортасында күнелтуге мәжбүр әйел мұнда күйеуінің таяғынан қашып келген. Үлкені – қыз, 15 жаста, ортаншы ұлы – 14 жаста. Кішісі де ұл бала. 12 жастағы Бақдәулетінің бала боп доп теуіп ойнамағанына 7 жыл болыпты. Кенжесінің қуықтай бір бөлмеде бар көргені — көрпеше мен мүгедек арбасы. Аяқ-қолы сап-сау болып туылған бала 5 жасқа толғанда кенеттен ақсаңдап, кейін келе жүруді мүлде қояды. Дәрігерлерге тексерткенде Дюшенді бұлшық ет дистрофиясы деп диагноз қойған. Мұны естіп есеңгіреген әйелдің өмірі осы сәттен бастап 360 градусқа өзгереді.
«Өзім Алматы облысы, Есік қаласының тұрғынымын. 2004 жылы Тараз қаласына күйеуге шықтым. Күйеуім екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. 13 жыл бірге тұрдық. 2016 жылы баланың диагнозы қалай белгілі болды, сол кезден бастап күйеуім ұрып-соғатын болды. «Кет! Бұл біздің бала емес! Біздің тұқымда мүгедек жоқ! Кетіңдер, кетіңдер!» деп үйден қуып, ұрып, сау жерімді қалдырмайтын. Көгала қойдай болып, орнымнан тұра алмай қалған кездерім көп болды. «Қайтып келген қыз жаман» дейді ғой қазақ. Жағдайымды анама айтып жылай да алмадым. Туыстарымның атына кір келтірмейін деп, өзім жылап-жылап қоятынмын. 2016 жылдың желтоқсаны болатын. Күн суық, аяз болды. Сол қыстыгүні қақаған аязда тағы да ұрып-соғып, үш баламмен үйден қуып шықты. Жолдасым ішпеген еді. Таразда танысым, не туысым жоқ. Көшеде қалдым. Негізі мамандығым медбике. Таразға күйеуге шыққанда ауруханаға жұмысқа тұрып, жап-жақсы жұмыс істеп жүргенмін. Күйеуім әркімнен бір қызғанып, науқастар мен дәрігерлердің көзінше ұрып-соғып, ақыры жұмыстан шығарып алған еді. Содан елмен араласудан қалдым,»
— дейді өткені есіне түсіп, еңкілдеп жылаған Балжан.
Түнде барар жері, басар тауы болмаған келіншек үш баласын құшақтап өзін таяқтап, қуып шыққан үйге қайтып кіруге мәжбүр болады. Сол мезетте үйінде ата-енесі болған екен. «Бірақ, біреуі де баласына «қой» деп ләм-мим демеді, маған болмаса да, туған немерелеріне араша түспеді,» — дейді ашынған әйел. Содан мүгедек бала туғаны үшін кінәлі болып, үйінен қуылған келіншек күйеуінің табалдырығына қайтамын деп тағы да таяқтың астында қалыпты. Әйел туыстарына хабарласпақ болғанда, ұялы телефонын тартып алған екен. Содан бір күні күйеуі байқамай өз телефонын үстел үстінде қалдырып кеткенде, осы сәтті пайдаланған Балжан Есікте тұратын анасына қоңырау шалған.
«Мама, алып кетіңізші, алып кетпесеңіз, асылып өлем,»
— деп жыладым дейді келіншек.
Осы сәтте басқа да жылаған дыбыстар естілді. Артыма қарасам, басқа бөлмесі болмаған соң, анасының әңгімесін менімен бірге отырып, тыңдауға мәжбүр болған үш баланың көзінен мөлтілдеп жас төгіліп отыр. 10 сыныпта оқитын қызы Мерей менің қарағанымды байқап, көзін жаба қойды. Ал 14 жастағы ұлы Әділет болса, жігіт екендігін көрсетіп, жыламағандай кейіп танытып, көзін жұмбауға тырысқан. Десе де, жанарына толған жасы оған бағынбай, әлі қатпаған жұдырығына тамып жатты…
«Көшеден тауып келген жоқпын ғой мен! Үшеуі де бір әкеден. Сөйтіп, қуып шығып отыр ғой…» — дейді 35 жастағы келіншек. Балжан Патихованы үш баласымен анасы келіп алып кетеді. Өздері отбасында бесеу екен. Екі інісі, екі сіңілісі бар. Бәрі үйленген. «Әр қайсысында 2-3 баладан бар. Өз алдына отбасы боп отыр. Анам інімнің қолында Есік қаласында тұрады. Тапқан ақшалары өздерінен артылмайды. Маған көмектесуге жағдайлары жоқ. Бесағашта нағашы ағам тұрған. Көмек болады ғой деген оймен осында келіп тұрдым. Осы үйді 30 мың теңгеге тауып, жалдадым».
Әйел бүгінде үш баласына 15 мың теңге алимент алады. Оның өзін әзер дегенде ажырасқан соң арада бір жыл өткенде ғана барып сот арқылы өндірген. Құрылыста жүріп, ай сайын екі жүз мың теңге көлемінде табатын күйеуі сотта «айлығым 30 мың теңге» деп көрсетіпті. Оған сот сеніп, әр балаға 5 мың жеткілікті деп шешкен. Сол жылап-сықтап бір жылда қол жеткізген 15 мың теңгесімен бірге, мүгедек балаға мемлекет әр ай сайын төлейтін 96 мың теңге зейнетақыға күн көріп отыр. Пәтер ақысы мен балалардың тамағына ақша жетсін деп келіншек Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйіне тазалықшы болып жұмысқа тұрған екен. «Ол кезде денім сау, шапқылап жұмыс істей беретінмін,» — дейді 3 баланың анасы.
Сөйтіп, кісіге қол жаймай, 3 баласын асырап, өз күнін өзі көріп жүрген Балжан былтыр маусым айында жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдығады.
Әйел жұмыста жүргенде астынан қан кетіп, облыстық ауруханаға түседі. Бірақ ондағылар қанды тоқтата алмай, онкологияға жібереді. Онкологтар күйдіріп, әрең дегенде тоқтатқан қанды. Сонда биопсия жасап, жатыр мойны қатерлі ісігі деп диагноз қояды. Бала-шағаның қамы деп, денсаулығына мән бермеген әйел ауруын асқындырып алған екен. Дәрігерлер оған диагнозын хабарлағанда, «қатерлі ісіктің 3-ші санаты» деп төбесінен жай түсіреді. Содан Балжан желтоқсан айына дейін ауруханада жатады. Жаңа жылдың алдын ғана шығып, емін жалғастыруы тиіс еді. Алайда, қаңтар оқиға болып, емі жайында қалған. Қазір келіншектің үйінде күтім жоқ. Дәретханасы далада. Тысқа кіріп-шығамын деп, әжептеуір емнен соң беті бері қарай бастаған Балжан қайтадан жатырына суық тигізіп алып, мүлде төсек тартып жатып қалды. Ота жасау қауіпті деген екен дәрігерлер. Емделудің жалғыз жолы — химия. Қазір ол облыстық онкологиялық ауруханада емделіп жатыр.
Қатерлі ісікпен алысамын деп жүргенде, мүгедек баласы емсіз қалды. Жылына бір мәрте ауруханада жатып, Бақдәулет емделуі тиіс еді. Алайда, анасының ауруына байланысты бала сол күйі ауруханаға бармады. Өйткені, қасында қарап жататын ересек адам жоқ.
3 баланың анасы жуынатын бөлмені армандайды. Өйткені, осында көшіп келгелі 12 жасар мүгедек баласы бір рет те рахаттанып ыстық суға шомылмапты. Бөлменің бір бұрышы – асхана. Сондағы раковинаға мұздай суға жуынады. Анда-санда моншаға барады. Мүгедек бала ауыр. Көтеріп баратын адам болмаған соң, көзі жәутеңдеп үйде қалады екен.
«Арасында шәугімге су қайнатып, жабылып тазикке шомылдыратынбыз. Ол су суып қалып, басқасы қайнағанша уақыт өтіп, сөйтіп әбден сарсаңға түсетінбіз. Сондай кезде қызым мен ұлым үшеуміз «ваннасы бар үйіміз болса ғой» деп армандап қоямыз.
Балжанның айуынша, күйеуінің де, оның туыстарының да жағдайы жақсы екен. Алайда, 15 мың теңге алименттен басқа, осы уақытқа дейін біреуі де балалардың халін сұрап, іздеп келмепті.
Төсек тартып жатып қалған 35 жастағы келіншек амалы жоқтығынан жағдайын айтып, әлеуметтік желіге жазған. Содан үйіне әкімдік қызметкерлері іздеп келген. Белгілі болғандай, әйелдің ай сайын шамамен 56 мың теңгедей атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі бар екен. Ол үшін Бесағаш ауылында тұрғылықты тіркеуі болу керек. Балжан таныстарынан үйіне тіркеуге қоюға өтінгенін айтады, бірақ ешқайсысы құлық таныта қоймапты.
Әйелдің өзі де мүгедектікке тапсырған. Бірақ, оның өзі созбалаңға салынған. Медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясына (ВТЭК) алдында тапсырған анализдері ескіріп кетіпті. Қайта барып тапсыруға әйелдің жағдайы жоқ. Өйткені, ауруы асқынып, үйінен аттап басып шыға алмай отыр.
Бесағаш ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері әйелді тіркеуге тұрғызып берді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары арасында өтініш жасап, тұрғындардың бірі көмектесуге келісті. Осының арқасында әйел былтырдан бері ала алмай келген мүгедектік тобын алды. Оған 2-топтағы мүгедектік берілді. Атаулы әлеуметтік көмекке /АСП/ өтініш беруге мүмкіндік болмай жатыр. Өйткені, екі баланың тіркеуі жоқ, яғни балалары анасына тіркелмеген. Ол үшін Жамбыл облысына сұраныс жіберіледі. Одан қалды, ажырасқан туралы қағазы табылмай жатыр. АӘК тапсыру үшін осы құжаттар қажет. Осы құжаттарын түгелдеуімен Бесағаш ауылдық округі әкімдігінің мамандары айналысып жатыр. Одан бөлек, шотын аштыра алмай жатыр. Себебі, банкке өзі баруы тиіс екен. Ал әйел болса, ауруханада. Банктен шот аштыруға да әкімдік қызметкерлері көмектесеміз деп отыр.
Кейіпкеріміздің жанайқайы жаныңызға батып, азық-түлік, киім, үй мәселесінде көмек қолын созамын десеңіз Балжан Патихованың туған ағасы Бакытжан Патиховтың атына тіркелген 87071255880 (Каспий голд) номеріне ақша аудара аласыз. Балжанның өз номері: 87076319786.
Аруна Ортай, тілші