ӨЗ БАУЫРЫН АЯМАҒАН БАСҚАНЫ АЯСЫН БА?!

ӨЗ  БАУЫРЫН АЯМАҒАН  БАСҚАНЫ АЯСЫН БА?!

Биылғы 2022 жыл тек қазақ елі үшін ғана емес, көршілес Ресей мен Украина үшін де дүрбелеңмен басталғаны анық. Оның жаңғырығы шекара асып, Еуропа мемлекеттеріне жетіп жатқанын көз көріп, құлақ естуде. Саясат әлемінде мүдде деген нәрсе бар. Бір байқалған дүние — ол мүддеге жету жолында жоғарыда аттары аталған ағайынды елдердің бір-біріне жау, дұшпан болғанын үлкен өкінішке орай көріп, сезіп отырмыз.

Қазір Ресейдің Украина жеріндегі басқыншылық саясаты үстем болып барады. Осы мәселені біздің қоғам түрлі ақпарат көздерінен алуда. Бірақ, басым көпшілік, өкінішке орай, Ресей ақпарат құралдарына тәуелді. Барлық ақпараттың 70-тей пайызын осы мемлекеттің ақпарат құралдарынан алып отырады. Бұл өте қате түсінікті қалыптастырады. Ал шындығына келсек, Украин хал­қы өзінің азаттығы үшін, тәуелсіздігі, мемлекеттігі үшін қиян-кескі шайқастарға барып жатыр. Олар үлкен патриоттықпен, батырлықпен өз жерін қорғауда.

Осы бір жағдай бәрімізге терең ой салғандай. Ресейдің пиғылы жаман. Бүгін Украинаға төнген нәубет ертең еліміздің басына келмесін деп тілейік.
«Қазақ сахарасы» деп аталатын ұланғайыр жерді ұрпағына тастап кеткен ата-бабаларымыздың әруақтарына мың тағзым! Алайда, осы жердің бүтіндігін сақтап, аманат еткен жерді келер ұрпақтың қолына табыстай аламыз ба? Көңілде күдік. Ол күдік тегін болмаса керек. Тәуелсіздік алған жылдардың басында мемлекет алдында басты міндеттердің бірі — шекарамызды анықтап алу мәселесі тұрды. Осы жұмыс ұзамай қолға алынып, қазақ жерін қоршаған көрші мемлекеттермен шекара сызығы ресми құжаттарға қол қойылып, бекемделді. Сол мемлекеттердің арасынан ерекше Қытайды алайық. Екі мемлекет арасында шекара жөнінде барлық мәселе шешілсе де, Қытай мектептерінде «Алматы төңірегі, Балқаш көлі мен Зайсан аймағы Қытай жері» деп оқушылардың санасына әлі күнге дейін құйып жатқанын қалай түсінсек? Бұл Қытайдың қазақ жеріне көзін алартқан пиғылдағы қойнындағы қара тас емес пе? Бұл-Қытайдың ойы.

Ол аздай қазақ жеріне көз тігіп, мемлекетімізді өздерінің губерниясы етуді мақсат етіп, армандап отырған Ресейдің арам пиғылын қалай жасырамыз? Осы елдегі Жириновский, Лимонов, Соловьев секілді «сарай бұлбұлдарының» біздің солтүстік өңіріміздегі облыстарға көз тігу пиғылдарының астарында көп дүние жатқаны жасырын емес.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Солтүстік Қазақстан — орыстың сыйға тартқан жері» деген Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың пікіріне таяуда жауап бергенін білеміз.

МИНИСТР ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІНЕ КӨЗ АЛАРТЫП ҚАРАП ОТЫРҒАН КӨРШІ ЕЛ САЯСАТКЕРЛЕРІНІҢ СӨЗІН САНДЫРАҚҚА ТЕҢЕДІ.

Министр Мұхтар Тілеуберді Ресей елшілігіне наразылық нотасын жібергеннен кейін көрші мемлекет елшілігі Парламенті мен Президент әкімшілігіне ондай сөздерді жариялауға болмайтынын жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, қазақтың жеріне қатысты мәлімдемелер тарихшылар мен ғалымдардың пікіріне сүйенбей айтылған.
Осындай пікірді Никонов қана емес, Федоров та айтқан болатын. «Федоровтың айтқан сөздеріне, ең біріншіден, өзім қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде намысым келді», — деген еді Мұхтар Тілеуберді. Бұл сөздерге министрдің ғана намысы оянбағаны анық. Мәселен, алматылық белсенділер Федоров пен Никонов сияқты Ресей саясаткерлерінің мәлімдемесінен кейін петиция дайындап, оны Солтүстік Қазақстан облысының әкімдіне тапсырған. Намыс қозғалысының мүшелері 500 адамның қолын жинап, Петропавлдың атын «Қызылжар» деп өзгертуді талап еткен. Бұл орынды да. Ал шындығына келсек, бұл жерлер-Ресейдің Қазақстанға емес, Құдайдың қазаққа берген сыйы!

Осындай ойлардан не түйіндеуге болады? «Адамның араны тамақ ішкен сайын ашыла түседі» деген сөз бар. Осы жолы Ресей Украинада өз дегеніне жетсе, бүгін ол жерге тігілген тойымсыз көз ертең біздің жерге де тігілмесіне кім кепіл? Жер үшін діні бір, тілі ұқсас бауырлас славян халықтары бір-біріне қырғи қабақ соғыс жариялап, ағайындықтан гөрі, жеке империалистік мүддені жоғары қойып жатқанда, түркі халықтарының өкілі саналған біз олардың қасында бөтендеу екенімізді ескергеніміз жөн. Өз бауырын аямаған Ресей бізді аясын ба?! Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең басымызға осындай жат пиғылдағы көршілерімізден нәубет келіп жатса, қырық рудан құралғанымыздың сыртында қырық ұлттан жиналған мемлекетіміздің азаматтары Украин халқы секілді патриоттық рухта қайсарлық таныта аламыз ба?! Алаңдайтын, алаңдатарлық жәйт.

Осы істі қолға алған Ресейдің көздегені не? Бірінші, «Горбачевтің кінәсі» деп саяси баға беріліп, ыдыратып алған кешегі кеңестік одақты келіссе, қолынан, келіспесе жолынан, осындай озбырлықпен тізе бүктіріп, көндіріп, бұрынғы одақты қайта құру. Украина-соның алғашқы құрбаны. Ал оған Украинаның көнетін түрі жоқ. Демек, оған тізе батыру, күш көрсету саясатын қолдану бірінші кезекке шыққан секілді. Сол одақты қалпына келтіру мақсатында бүгінгі Украинадағы Ресей саясатына қарсы басшылықты тақтарынан құлатып, орнына Ресейдің ноқтасына еретін, оларға өз айтқандарын істететін жаңа Украинаның басшыларын әкеліп, түбінде Украинаны өзіне тәуелді ету. Ал оған бүгінгі Украина жұртшылығы көне ме? Оны уақыт шешер.

Ал біз осы жағдайда қандай позиция ұстауымыз қажет? Бірден айтайық, өз тәуелсіздігі үшін, өз жері үшін күрескен Украинаның біртұтастығының сақталуын қолдауымыз керек. Егер Украина жері көкпарға түскендей күй кешетін болса, Қазақстанға да сол жолдың қаупі бар екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан Украина мен Ресейдің арасындағы қақтығыста өгізді де өлтірмейтіндей, арбаны да сындырмайтындай, дипломатиялық позиция ұстауымыз қажет-ақ. Олай жасаудың да өз себептері жоқ емес. Егер Қазақстан осы жағдайда Украинаны ашық қолдаса, Ресеймен жағдай шиеленісетіні айдай анық. Ал таяуда АҚШ президенті Байденнің «Ресейдің шапқыншылығын қолдайтын мемлекеттер біздің назарымызда болады» деп, сес көрсеткен сөзі тағы бар. Қазірдің өзінде «Ресейге жасалып жатқан санкциялардың салқыны кейбір тұстарда Қазақстанға тиеді» деген экономистердің пікірлерін де ескергеніміз жөн. Ал біз ашықтан ашық Ресейді қолдасақ, Қазақ мемлекеті де Еуропа мемлекеттерінің санкцияларына тікелей ұрынып, экономикамызды құлдыратып алуымыз әбден мүмкін. Елдің келешегін ойласақ, қәйткен күнде де бұл мәселеде біздің ел әзірге бейтарап жағдайда қалғаны жөн.
Қаңтар қақтығысында ұжымдық қорғаныс одағына мүше елдер бізге келсе де, осы жолы ел Президентінің «Ұжымға мүше болсақ та, Ресейді қорғау Ресей жерінде емес, сырт жерде болғандықтан, біз екі ел арасындағы қақтығысқа араласпаймыз» деп үзілді-кесілді бас тартқаны өте дұрыс қадам болды деп есептейміз. Қазір осы мемлекеттер арасындағы қақтығыстың болғанына НАТО блогы мемлекеттерінің бәрі қарсы шығып, наразылықтарын білдіріп, тіпті Ресейдің бетін қайтару үшін салынып жатқан экономикалық санкциялар Ресей экономикасын едәуір деңгейге құлдырататыны, халқының әлеуметтік жағдайына ауыр тиетіні анық.

Екі ағайындас мемлекеттердің арасында болып жатқан осы жағдай қазір барлық мемлекеттер секілді болашағы мен өз тәуелсіздігін ойлайтын Қазақ елінің бүгінгі билігіне де үлкен ой тастап, одан нақты сабақ алатын мезгіл жеткен секілді.

СИҚЫМБЕКТІҢ Алтынбайы,
журналист