Публицист.ру: «Қазақстан тағы да Ресейдің бетіне түкірді. Кім кінәлі?»

Публицист.ру: «Қазақстан тағы да Ресейдің бетіне түкірді. Кім кінәлі?»

Бүгінде көптеген орыс ақпарат агенттіктерінің бетінен қазақ әліпбиінің латиницаға көшу туралы жарлығы үлкен резонанс тудырып отыр. Бұл мәселе шетелдік және украина сайттарында да бейжай қалған жоқ. Аталған жағдайға қатысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшілері орыстілді сайттардағы бірқатар пікірлерді ұсынған екен. Осы материалды сайтымызда жариялауды жөн көрдік.

Ресейдің танымал Газета.ру порталы «Буквы против духа» мақаласында: «Қазақстан қабылдаған реформа орыс тілінің позициясын әлсірету тенденциясының тек бір бөлігі ғана», — деген пікір білдіріпті.

Business FM басылымы  «Латинице в Казахстане — быть. Алфавит изменят до 2025 года»  мақаласында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжаннан, Халықаралық экономика және саясат институтының Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі Асқар Нұршадан пікір алған.

Басылым Өзбекстанның латын әліпбиіне көшкенін мысалға келтіре отырып, қазір сол елдегі мемлекеттік ұйымдардың сайттары төрт транскрипцияда (орыс тілі, ағылшын, өзбек тілі латын графикасында, өзбек тілі кирилл гарфикасында) ақпарат ұсынатынын жазады.

Ресейдің Ұлттық ақпарат қызметі «Алфавитный дрейф: зачем Казахстану латиница» деген материалында ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Жарихин қисынды ой айтқан. Оның сөзінше, латын графикасын енгізу тек республикадағы қазақтілді азаматтарға әсер етеді. Ал қалғаны орыс тілін қолдана беретін болады. Сонымен бірге В. Жарихин латындандыру саясатының басты мақсаты басқа түркі тектес елдермен жақындасу екенін айтады.

Ресейлік БАҚ-тың көпшілігі Қазақстанның латын әліпбиін енгізуінде лингвистикалық емес, саяси астар жатқанын меңзейді. Мақала, материалдардың біршамасында «осы арқылы Қазақстан Ресейден алыстап бара жатыр» деген ой көп кездеседі.

ФБА «Экономика сегодня» басылымы  «Казахстан меняет алфавит по политическим причинам»  атты мақаласында танымал журналдың редакторы Аждор Куртовтың пікірін берген.

«Осы арқылы Қазақстанның саяси басшылығы Мәскеуге олардың жалғыз серіктесі Ресей ғана емес екенін дәлелдегі келіп отыр. Елдің басқа да балама серіктестері бар екенін айтпақ», — дейді А. Куртов.

Публицист.ру порталында «Қазақстан тағы да Ресейдің бетіне түкірді. Кім кінәлі?» (Переход Казахстана на латиницу – новый плевок в лицо России. Но кто виноват?)  деген шулы мақала жарық көрген.

«Ресейдің Сириядағы масқара сәтсіздігінен кейін Назарбаев бірден Қазақстанды орыс әлемінен шығаруды бұйырды. Ресми түрде бұл жай ғана: «Қазақстан президенті қазақ әліпбиін латындандыруға ұсыныс жасады», — деп мәлімделді. Тіпті «латын қарпіне көшу тым ұзақ уақытты алады» (сондағысы 2 жыл), — делінді. «Алайда жағдай айтпаса да түсінікті еді», — дейді мақала авторы Михаил Делягин.

Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын қазақ элитасы қазақ тілін тек тұрмыстық деңгейде ғана қолданатын. Осы жағдайды түзеу үшін Қазақстан қыруар жұмыс атқарды. Мемлекеттік құжат ісі толық қазақ тіліне аударылды. Енді Ресейден алыстаудың екінші кезеңі – латын графикасына көшу қолға алынып отыр.

«Ресей үшін бұл – өте нашар жаңалық. Себебі тіл графикасы мәдени кодтардың құрылымында үлкен маңызға ие, латынға көшу дегеніміз – Батысқа жол тарту. Оған қоса мұндай шешім русофобия мен ұлтшылдық себебінен емес, керісінше, саналы сараптау мен мемлекеттік саясат аясында қабылданып отыр. Демек бұл – Қазақстан басшылығының  эмоциясы мен жаңсақтығы емес, стратегиялық, алдын-ала  байыппен қабылданған  шешімі», — дейді ол.

Лента.ру порталында «Беспредельный Qazaqstan. Казахским националистам не нравится кириллица, но приглянулись российские земли» атты мақала жарияланған екен. Онда көршілес Ресей, Өзбекстан, Қытай жерлерінің біршама бөлігі Қазақстанға тиесілі екенін көрсететін қазнеттегі карта жайында әңгіме өрбіген. Мақала авторлары мұндай картаның желіде таралуына латын әліпбиіне көшудің қандайда бір қатысы бар деп санайды.

«Латын графикасына көшу қазақ тілін модернизациялау проблемасын шешеді-міс. Республикадағы ақпарат құралдары азаматтардың жаңа бастаманы ашық қолдайтынын білдірген. Қазақстанмен көршілес елдер (Түркіменстан, Өзбекстан) латын графикасына көшсе де, тіл реформасы мемлекеттік іс жүргізуді толық қамти алмаған», — деп жазады авторлар.

Ресейлік сарапшы мамандардың бірсыпырасы Назарбаевтың латындандыру саясаты Ресеймен араны суыту тәсілі екенін айтып, екі мемлекеттің саяси қарым-қатынасы өзгереді деп болжайды. Орталық Азия бойынша сарапшы маман Аркадий Дубнов:

«Назарбаев билікте отырған кезде Қазақстан Ресейден қатты алыстамайды. Себебі бізде Еуроодақ бар. Алайда бұл саясат Мәскеуге ескерту іспетті», — деп дабыл қаққан.

Ал Украина басылымдарының көпшілігі біржақты позиция ұстанып отыр. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі – «орыс әлемінің және Путиннің жеке сәтсіздігі» деген көзқараста.

Қазақстандағы әліпби реформасы солтүстіктегі көршілеріміздің ғана емес, АҚШтың қызығушылығын тудырды. The New York Times (NYT) басылымы латын графикасының соңғы қабылданған нұсқасына байланысты сауалнама жүргізген. Көп маман соңғы қабылданған нұсқадағы апостровтар санын көріп шошығандарын жеткізген. Халықаралық қатынастар және түрік зерттеулері  Мичиган университетінің профессоры Тимур Кокаоглудың айтынша, бұл нұсқа адамның көзін ауыртып жібереді.

Талғар-ақпарат