Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай Талдықорған қаласындағы 14 мектеп арасында хоккей ойынынан жарыс өтті. Оны Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанаты және «Жасыл ел» штабы ұйымдастырды. Мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, қысқы спорт түрін дамыту, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық спортты дамыту туралы сөз қозғағанда, балалар спортына үлкен көңіл бөлу қажеттігін үнемі ерекше атап өтеді. Осы бағытта мемлекеттік қолдаудың арқасында нәтижелі істер атқарылуда. Жас спортшылардың сүйікті спорт түрімен толыққанды айналысуына жан-жақты жағдай жасалуда. Сіздердің араларыңыздан болашақта жоғары санатты кәсіби спортшы шығатындығына сенімдімін. Баршаңызға жоғары спорттық нәтижелер мен жетістіктер тілеймін. Спортпен шұғылданып, салуатты өмір салтын ұстаныңыздар! — деді ол.
Күннің суықтығына қарамастан, мұз айдынындағы хоккей қызықты да, тартысты болды. Финалдық ойында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, бірінші орынды №8 орта мектеп командасы, екінші орын № 1 орта мектеп командасы және де үшінші орынға №12 орта мектеп командасы лайық деп танылды. Турнир жеңімпаздары мен үздік ойыншыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.