Кибербуллинг құрбандары кімдер ?

Кибербуллинг құрбандары кімдер ?

Адамзат баласы интернетке қол жеткізгелі бері шекара ұғымы жойыла бастаған сыңайлы. Бүгінде қай-қайсымыз болсын «айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» осы жаһандық «тордың» тұтқынымыз. Мұндайда ес білетін ересектерден бұрын оңы мен солын танып үлгермеген балалар мен жасөспірімдер үшін алаңдайтын болдық. Оған себеп – баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізетін буллинг пен кибербуллингтің кесірі. Бүгінде еліміздегі 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12%-ға жуығы – осы кибербуллингтен жапа шеккендердің қатарында.

Буллинг пен кибербуллинг мәселесін қозғамас бұрын осы сөздердің шығу тарихына, мән-мағынасына үңілген жөн болар. Буллинг (bullying) сөзі ағылшын тілінен аударғанда қорлау, қудалау, мазалау, кемсіту, қорқыту дегенді білдіреді екен. Бүгінде осы буллинг ұғымы интернет желісі дамығалы бері әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі көрініс тауып, оны кибербуллинг деп айдарлап алдық. Яғни кибербуллинг – адамды интернетте, мәселен, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау дегенді білдіреді. Жасыратын несі бар, осы күні балалар заман ағымынан, көштен қалмасын деп гаджеттер мен телефонға үйірсек етіп алдық. Хат-хабар алысып, жүріс-тұрысын қадағалап тұрған жақсы әрине. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, әлеуметтік желілердің де екінші ұшы барын ұмытпаған жөн. Өкініштісі сол, бүгінде заманауи технологиялардың пайдасынан гөрі зияны көбейіп барады. Әсіресе, әлемді әбігерге салған пандемия кезінде баланың білім алуы да онлайн жүйеге көшіп, оқушы компьютер мен телефоннан бас алмайтын болды. Мұндайда бала сабағын оқып қана қойса жақсы. Ата-анасы біле бермейтін түрлі қосымшаларды жүктеп, интернет кеңістігін шарлай бастайтыны көңілге күдік ұялатады. Әлеуметтік желілерді ақтарып, бұрын-соңды түрін көріп-білмеген, жасынан да, жынысынан да бейхабар «достар» табатынын қайтерсіз. Ондай онлайн достың да досы бар. Бірі ермек үшін әңгіме-дүкен құрса, енді бірі арам оймен баланың сеніміне кіруге тырысады. Біз қозғап отырған бүгінгі мәселе де осы ойында жымысқысы бар жүзіқаралар туралы болмақ. Олар алдымен түрлі ойындар арқылы баланы қызықтырады. Одан соң бала туралы мәліметті жинап алып, бірте-бірте қорқыту, бопсалау, сендіруге көшеді. Ақыр соңында аңқау бала жалған аккаунт иесінің айтқанына көніп, айдағанына жүретін деңгейге жетеді. Осындай «достықтың» соңы баланың өз-өзіне қол жұмсауымен аяқталған қайғылы оқиғалар да аз болмай отыр.

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысы биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек»,- деген еді. Ел Президентінің осы тапсырмасын тиісті органдар қаперге алады деп сенеміз. Себебі, ертеңгі ұрпақты кибершабуылдан қорғауды заң жүзінде қолға алатын күн әлдеқашан туған болатын. Бұл жұмыс жедел қолға алынбаса алдағы күні сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Бүгінде жат ағымның жетегінде кеткен жастардың басым көпшілігін де осы кибершабуылдың құрбаны деп қарауға болады.

Буллинг жасаушы өз шабуылын күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Қоғамда “буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады” деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті, ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды. Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суреттерін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқан-лоққы жасау арқылы кездесуге шақырады, не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі, Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес. Кибербуллинг өз құрбанына тәулігіне 24 сағат бойы тыным бермейді, жасөспірімнің өзінің қорғаусыз қалғанын сезінтіп, ауыр психологиялық күйге ұшыратады. Жасөспірім өзін кім аңдып жүргенін білмейді және қауіпті ұлғайтып көрсетуге бейім келеді. Аңдушылардың аты-жөнінің жасырын болуы қорқыныш, үрейін күшейте түседі екен.
Кибербуллинг жайлы белгілі заңгер Абзал Құспан өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Бізде арнайы заң жоқ. Қазір қоғамдағы белсенді азаматтар, бастамашы топ құрып, осыған кірісіп жатқанынан хабардармын. Ондай заң сөзсіз қажет, себебі интернет желісінде буллинг әрекеттері көбеюде. Ол бөлек қоғамдық қатынас болғандықтан заңды реттеуді сөзсіз қажет етеді!»,- деп кибершабуылшылардың жымысқы әрекеттерінің жай жапсары жайлы түсіндірген болатын.

Расымен де қазіргі таңда әлеуметтік желідегі «әлемжеттік» жасау жолдары жыл сайын түрленіп, құйтырқы әрекеттің құрбандарының қатары көбеймесе азаяр емес. Шалыс басқанды шұқып көрсетіп, адамның ар-намысын аяқ асты ететін жеке бастың мәселесін жасқанбай жалпақ жұртқа жария ете беретін қоғамның мақсаты адам өлтіру болмаса да, кибершабулшының әрекеттіне саятынын бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. «Он күнәнің тоғызы тілден» деген, бүгінде тілдері сала-құлаш, ішкі запыранын сыртқа шығарып, айналасына айдаһарша ақырып отыратындар өзгенің өмірін ойламаса да, өз ұрпағына қандай тәрбие беріп жатқандығын ойласа игі еді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей ата-ананың «өмірін» көшіріп алатын балалар сол әрекеттірді қайталамасына кім кепіл?!

Өскелең ұрпағымыз өрескел істерге бармасын, ешкімнің ала жібін аттамасын, үкілі үмітімізді үзбесін десек өзіміз үлгі көрсетіп, ақырын жүріп анық басқанымыз абзал болар!

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»