Адамзатқа қарсы жасалған зұлмат

Адамзатқа қарсы жасалған зұлмат

Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей полигонын жабу туралы Қазақстанның тарихи шешімі, қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан ел болып, әлемдік қауымдастықтың алдында зор беделге ие болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2009 жылы Семей полигонының жабылған күні-29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялады, бұл күн содан бері бүкіл әлемде аталып өтілуде. Семей полигонында жасалған ядролық зарядтардың жалпы қуаты-1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Сорлы қазақ даласы «өлім тұзағына» айналдырылған сол 1949 жылғы 29 тамыздағы сынақты КСРО-ның сол кездегі басшылары Лавренти Берия және атом бомбасының авторы Сергей Курчатов бастаған әскери басшылар бақылап тұрды. «Өлім ошағына» айналған Семей облысында сол тұста 500 мыңдай адам өмір сүретін. Қазір сол халықтың ұрпақтары да қолдан жасалған апаттың зардабын тартуда.

Сол адамзат баласына өлім ұрығын сепкен ажал аранында екі жыл сарбаздық міндетін атқарған жанның бірі-Қызылорда облысының, Қазалы ауданы «Қазалы» совхозының «Кеңтүп» ауылында 1950 жылы 22 қаңтарда дүние есігін ашқан Аманжол Орынбасаров есімді азамат еді. 1969 жылы Кеңес Одағы қарулы күштері қатарына алынған Аманжол бірден Семей облысының Курчатов қаласындағы құрылыс баталёнына барып түскен еді. Бұл сарбаздық міндетін атқаратын әскери құрама №63-159 деп аталатын. Жүз сексен солдат топтастырылған ротаны Хоменко атты украин офицері басқаратын. Жабық қала Курчатовтың сыртында орналасқан гарнизонның құрамындағы сарбаздардың міндеті жер асты шахтасын үңгіп қазып, кезекті жарылысқа арнайы орын дайындап беру болатын. Осы екі жылда 86-рет жер асты жарылысын көзімен өткерген қазақ сарбазы 1971 жылы елге оралды. Алматыдағы ауылшаруашылығы институтының ветеринария саласын бітірген ол ұзақ жыл Панфилов ауданының «Айдарлы» совхозында еңбек етті. 2009 жылдан Талғар ауданының Белбұлақ ауылдық округінде мал дәрігері, бас маман болған Аманжол Орынбасаров 2013 жылы зейнеткерлікке шықты. Кеудесінде; «Семей полигонының ардагері», «Семей ядролық полигонының жабылғанына-20 жыл!» Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалдары жарқыраған қазақ азаматы Ресей империясының 40-жыл бойы Семей өңірінде үздіксіз жарылыс жасауы-бұл қазақ ұлтын саналы түрде құртудың жымысқы әрекеті екенін енді біліп отырғанын айтады. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, 1992 жылдың мамыр айында Семей ядролық полигоны жабылып, оның Курчатов базасында Қазақ Ұлттық ядролық орталығы құрылды.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».