Пайда ойламай, арды ойлаған

Пайда ойламай, арды ойлаған

Біреу қаламмен, біреу амалмен, әйтеуір қазақ елінің мүддесіне қызмет етіп келе жатырмыз. Не нәрсе болса да нәтижесімен өлшенеді. Кейде сөзің, пікір-ұсынысың желге ұшырған кебектей болып, мүжілудің құрбаны болардай кездер болады. «Қай шамаға дейін жете аламыз?» деген ой жеп, үміт пен сенім жырақтаған сәтте керең естіп, соқыр көретіндей етіп шегелеп, қара орман жұрттың, жігерлі жастың күткен әңгімесін айтып, қанаттандыратын сергек ойлы тұлғаны тыңдағың келетіні бар. Жуырда сол жұтаңдығым қанағаттанып, қазақ болып туғаныма масаттандырған, мақтандырған рухани кештің куәсі болдым. Ол — қазақ қолөнерінің атасы, этнограф Дәркембай Шоқпарұлының туғанына 75 жыл толуына орай аудандық кітапханада өткен «Өнер талаптан туады» атты іс-шара еді.

Жаттанды сценарийден, айғайлаған пафостан ада, еркін форматта өткен кештің ұйымдастырушысы – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық кітапхана және кеш кейіпкерінің шәкірті, ақын, аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Камнұр Тәлімұлы. Панфилов ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нағима Аханова кешті ашып, мақсатын түсіндіргеннен кейін бірден сөз тізгінін алған Камнұр Тәлімұлы бойындағы ізгі қасиеттер қасиет болып қастерленіп, сол қасиетінен айнымай өмірден өткен ұстазы жайлы толғана, тамсана әңгімелеп берді. ««Тірімізді қадірлей алмай жүргенде, өлісі несі» деп мысқыл айтатындар табылар. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді айтқан біздің қазақ. Аласапыран заманда өлгенімізді жоқтамай, олардың ұлтжандылығын мақтамай, әркімнің шылауында жүрумен мәніміз бен мекенімізден баз кешетіндей деңгейге жақындадық. Ол ащы шындық. Сондықтан ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ұстап, бізге жеткізе білген тағылымы бөлек, табиғаты таза тұлғаларды ұлықтаудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Олардың өткенінен сыр шерте отырып жастардың санасына там-тұмдап сіңіре білсек, Алаш елінің көсегесі көгереді. Ұстазым болған Дәркембай аға ұлт қауызындағы рухтың сөзін сөйлеп, көзін көрсетіп кеткен абзал жан еді», — деп қолөнершінің қасында жүрген сәттерінен естеліктер айтты. Дәркембай атаға көзі тірісінде-ақ жоғары баға берген Ш.Мұртаза, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, А.Сейдімбек, Т.Молдағалиев сынды тұлғалардың пікірлерінен үзінді келтірді. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген, тері илеп, тас қашаған ағасының біреу білсе, біреу білмейтін ақындық қасиетін даралады. Рух өршілдігі бар өлеңдерін оқыды. Ұстазының әзілге жақын болғандығын, керек жерде дөп түсіп, тауып та, қауып та айтқан әзіл әңгімелерімен бөлісті.

Кешке қатысқан шебердің ұлы Дәулет Дәркембайұлы, шәкірті Сайлау Ботабеков, облыстық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрдәулетов, кітапхана директоры Махамбет Хармысов, ақындар Бексұлтан Көлбаев, Мақсат Ережеп, шәкіртінің шәкірттері Ринат Мүлікбаев, Жанболат Нұрданбек атадәстүрді қайта жаңғыртқан дара тұлғаның даралығына, даналығына тоқталды. Байқасақ, Д.Шоқпарұлы қазақ өнерінің болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп, мол мұра қалдырған. Айта кетсек, 1981 жылы Ықылас атындағы саз аспаптар музейін ұйымдастыру кезінде өз шәкірттерімен бірге 100-ден астам саз аспаптарын жасап, музейге тарту етіпті. Сондай-ақ Қыздар университетінің 60 жылдық мерейтойы барысында ашылған «Ақтұмар» музейінде ұстаның қолынан шыққан 300-ге жуық экспонат қойылған. Ол 200-ден астам ғылыми мақалалар жазып, этнографиялық зерттеулермен айналысқан. 2007 жылы Алматы облысының әкімі С.Үмбетовтің қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында ашылған «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейін» қазір ұстаның ұлы, қолөнер шебері Дәулет Дәркембайұлы басқарып отыр. Музей директоры сөз алған тұста әкесінің адалдық ауылынан алыстамай өмір сүргендігін, балалары мен шәкірттері де сол ізгі қасиетті сіңіргенін айтып өтті.

Кешті қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева: «Халықтың салты мен дәстүрінің, тілі мен өнерінің тіні үзілер шақта осындай азаматтар атқарған игі істер есіңе түскенде, жүрегіңді шымырлатар нәрлі күштің әлі де барына сеніп, бір сілкініп аласың. Қазақтың маңдайына біткен мұндай асыл ағалардың еңбегін атадан балаға жалғаса беруі керек. Ол біз сияқты тағдыры жел өтінде тұрған халық үшін шамшырақ бола білуі керек. Оқу бағдарламасына енгізу де артықтық етпейді» — деген көкейдегі ұсынысын да жеткізе кетті. Әрине бұл уақыт еншісіндегі дүние болса да қайнар көзі мәдениет пен әдебиетте жатқан қоғамдық сананың өзгеруіне оң ықпал болар еді деген оймен өзгелер де қосыла бас изесті. Бірақ…

«Бір жұттан аспайтын байлықтан не қайыр» – дейтін ауылдағы көнекөз қария­лар. Уақыттың алмағайып мінезді аласапыранынан өту үшін адамы сарсаңда жүрген қоғамда рухани тіршіліктен алыстамауымыз керек екендігін түсінер кез енді келді. Бұл тақырыпқа әлі талай ораларымыз хақ!

Меруерт Мәулет,
«Талғар»