НАУРЫЗДАҒЫ 10 КҮНДІК МЕРЕКЕНІҢ МАҢЫЗЫ
-
14 наурыз – «Көрісу күні»
«Сәлем беру үлкен үйден басталады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң жасы үлкендерге арнайы барып, амандасады. Барлығы сол үйде жиналып, бата оқылады, сүр ет пен қымыздан дәм татады. «Жаңа жыл келді, жыл басы болып жатыр, аман-есен қыстан шықтық, бас аман, мал аман болсын» деген сөздер айтылады. Қарияларға сәлем бергеннен кейін басқа туысқандарының үйіне кіріп, былайша айтқанда, айт мерекесі сияқты үш күн бойы тойлайды», — деді Досымбек Қатранұлы.
-
15 наурыз – «Жайлау күні»
Бұл күні адамдар үй-жайын, мекемелер кеңселерін тазартып, алаңдарды сыпырып, қардан, қоқыстан арылуы тиіс. Реніштерін кешіріп, бір-біріне қонаққа, серуенге, қыдыруға шақырады. Сондай-ақ, елді мекен аумағын көркейту-көгалдандыру үшін жалпы халықтық сенбіліктер өткізіледі.
-
16 наурыз – «Шежіре күні»
Ерте замандарда шежіре тарихын арнайы шежірешілер баяндап отырған. Бүгінде бұл міндет әулет ақсақалдары мен үлкендеріне, мамандар мен шежіретанушыларға жүктеліп отыр. Өзіндік математикалық құрылымы бар бұл жүйені арнайы атап өту де қоғамда қолдау тауып, бүгінгі күн «Шежіре күні» деп бекітілген еді.
-
17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні»
“Тарихқа тағзым ету”. Басты мақсат – балалардың жүрегіне патриоттық сезімді ұялату, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін сыйлауға баулу
-
18 наурыз – «Игі істер күні»
«Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, наурызды тойлау апталығының бұл күні жоқ-жітімге, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Жомарт жүректі азаматтар қоғамдық маңызы бар объектілер салуға, жөндеуге атсалысады. Осы күні жергілікті әкімдіктер түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады», — дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Рухани жаңғыру орталығының басшысы Жанар Бұқанова.
-
19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»
Бұл күні қазақтың ұлттың ойындары өте көп ойналуы тиіс. Арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, аударыспақ, көкпар осының барлығы да жыл сайын Наурыз мерекесінің құрметіне ұйымдастырылады. Ләңгі тебу, асық ойнау әсіресе балалар арасында жиі өтеді. Асық ойнау көзге тым қарапайым көрінгенімен бала денсаулығына өте пайдалы. Асық – қойдың асықты жілігінен алынатын сүйек. Баланы ептілікке, шапшаңдыққа, алдына қойған мақсатына жетуге тәрбиелейді.
-
20 наурыз – «Зияткерлік күні»
Балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында арнайы бір күн белгіленіп отыр. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады. Жастардың дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі баланың санасын дамытуға бағытталған басқа да амал-тәсілдері дәріптеледі.
-
21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»
Аты айтып тұрғандай бұл күні әр үйдің дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.
-
22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»
Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алады, одан әрі бұқаралық мерекелік шеруге ұласады. Арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
-
23 наурыз – «Жоралғы күні».
Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады, барлары заман талабына сай дамытылады. Салт-дәстүрдің, ырым-жырымның адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі.
Осы жылы қазақстандықтар бұл мейрамда бес күн – 20, 21, 22, 23 ,24 наурызда демалады. Наурыз мерекесінің алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс күні сәрсенбі, 24 наурызға ауыстырылды.