АНА ТІЛІМІЗДІҢ Тілерсегі ТІЛІНБЕСІН

АНА ТІЛІМІЗДІҢ Тілерсегі ТІЛІНБЕСІН

Бүгінгі ұрпақ бабалардың аманатына қиянат жасамай арқалап келеді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Өйткені «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіретінін» білетін арда қазақ азайды ма, әйтеуір ана тілін білмегеніне арланбайтындар мен бөтен тілде тілін бұрап, қазақшаны бұрмалап сөйлегенін мақтан көретіндер тым көп. Айдалада жалғыз жүрмеген соң айналаңда қазақы қалпынан қашып, ана тіліне пысқырмайтындар толып жүргенде қазақ тілінің талайларды тамсандыратын тамашасын айтып мақтана да алмайсың…

Тыстан қарап отырған талайлар ана тілінен адалардан, қазақы құн­ды­лы­ғын қадір тұтпайтындардан мың мы­сал келтіріп, талай рет бетті шиедей етіп «тамақтап» та кеткен. Көздерінше намысты қолдан бермей көкезуленгенмен, былай шыққанда ішің қан жылап, кеудеңдегі аласапыранмен жалғыз арпалысқан күндерді қалай ұмытуға болады?…
Осыдан 20 жыл бұрын университетті оқып бітіргенше шетелдік студенттер тұратын жатақхананың студенттер кеңесінің жетекшісі болдым. Сол кезде-ақ олар Қазақстанға дүниенің қай қиырынан келсе де бірен-саран корейлік студенттер болмаса, бәрі дерлік орысша үйренуге ден қоятын һәм орысша тіл сындырып келетін. Себебін сұрағанда «Біз осылай келерде бірнеше жыл ақпар жинап, арнайы дайындықтан өтіп, емтихан тапсырып келеміз. Сондықтан бұл елде қазақ тілі емес, орыс тілінің маңызды екенін білеміз. Сендер де түгел қазақша сөйлемейсіңдер ғой, өздерің неге білмейсіңдер?» деген сарындағы сумақай, сұрқай сұрақтардан жерге кірердей ұялған кездерім әлі есімде, ұмытылмайды… Содан жүректе жазылмас талай жара қалып, шемен шер қатқан. Өкініштісі сол, тәуелсіз ел болып, әлем елдерімен тереземіз тең қалыпқа келдік десек те шеменнің шеті әлі сөгілмеді. Себебі, ана тіліміз – қазақ тілі сол «қалың қайғысынан» әлі құтыла алған жоқ. Қазақ тілін қарық қылмақ түгілі, орыс тілінің «отарынан» опық жеп жүргенде ағылшын тілінің қажеттілігі алға шығып, ана тіліміз басынан күн өткен баладай жаутаңдап көлеңкеде қалып келеді. Дұрыс, «қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген бар ғой, тілдерді кемсітпек ниетіміз жоқ, өзге тілдің бәрін білгенде ана тілімізді тепкіге тастап, тым астамшылық танытып менсінбеудің салдарынан меңгеруге мән бермейтін надандығымызға налисың ғой. Ана тіліміздің аяқ асты болуына Кеңестік дәуірді кінәлап та жаман үйреніп алғанбыз. Қит етсе болды, 70 жыл боданда болдық, енді ес жиып жатырмыз деп жақауратып шыға келеміз. Осындайда тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық уақыт өтсе де тілімізді тілім-тілім етіп, әлі күнге дейін ес жия алмай, тұғырына қондыра алмай жүрсек кінәні кімнен іздеуіміз керек деген өткір сұрақ санаңды осып жібереді. Жауабын біліп тұрсақ та, мойындағымыз келмейді. Өйткені ана тілін ардақ тұтатын аз ғана топ пен әлемнің әр түкпірінде оқып келген немесе «орысша тәрбиенің құрбаны» болып кеткендердің арасындағы күресте кім жеңерін де білмейміз…
Әр қиырдан оқып, әр ұлттың тілін мең­геріп келгендердің көбі өзінің қазағына мың-мыңдап қолұшын бергеннен гөрі, «мен мұндалап» ерекшеленгісі келіп тұрады. Сөйтіп жалпақ тілмен айтқанда, өзге тілде сөйлеп, солардың оғаштау салт-дәстүрін көрсетіп, қызметке келген соң барған жағынан көрген көшірме дүниелерді әр салаға бағдарлама қылып тықпалап құртып, елді тұқыртып, тұралатып келеді. Қазақ тілінің қалыптасқан сөз жасам қағидалары мен ережелеріне қайшы келетін небір сөздерді ойлап тауып, жалғау, жұрнақты қалай болса, солай қосып қолданатын буын пайда болды. Өзге тілден калькалық тәсілмен аударылған аудармалардан аяқ алып жүре алмайсың. Қай саланың маманын алып қарасақ та тілді қалыбын бұзбай таза қолданатындар жоқтың қасы. Ең жаманы, бұл мәселеге ата-ана мен мұғалімдердің мән бермейтіні. Баланың тілі алғаш шыққан кезден бастап әке-шешесі ана тілінде таза сөйлесе, сосын мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап мұғалімнің тілі «бұралған» аудармалар мен «қыңыр-қисық» сөздерден ада болса ана тіліміздің аяқ алысы да мұнша әлсіз болмас еді. Әсіресе, ана тілімізге қатысты мәселеде «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтін қазақтың тәмсілі қазір ескерілмейді. Санасына сіңген «бұралқы», кірме сөздерді баланың тілінен аршып ала алмайсың, өйткені ата-ана мен мұғалім, қоғам солай сөйлеп тұрғанда, оған оның қате екенін жаныңды берсең де дәлелдей алмайсың.
Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, тілтанушы ғалым Халел Досмұхамедов: «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл — сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл — күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», — деді. Рас, сүйінішіміз күйініштен «жер болып жеңіліп» жатыр. Оны күнде көріп жүргеніміз сонша етіміз өліп, құлағымыз керең, көзіміз соқыр болып қалған. Біз қанша мақтансақ та, қанша іс атқарылып жатса да олардың аздық етуінің салдарынан, иә, дерттің дендеп кетуінен ана тіліміздің аңшының қолына түскен арланның бөлтірігі секілді тілерсегі тілініп, алысқа ұзай алмай, қиралаңдап қалған жайын жасыра алмаймыз. Анда-санда бір ұйымдастырылатын оны-мұны шаралар, қазақ тілді ғалымдар мен мамандардың, ақындар мен жазушылардың арасында ғана өтетін конференциялар тұралап тұрған тілдің мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Өйт­кені «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп Ата заңға айпарадай қылып жазып қойғанымызбен, оған қажеттілік туып отырған жоқ. Қоғам белсенділері мен қазақ тілді ортаның жанайқайынан басқа ештеңе естілмейді. «Ит үреді, керуен көшедінің» күйін кешіп, ақпарат құралдарынан өзіміз айтып, өзіміз естуден, қазақ тілді басылымдар мен сайттарға, әлеуметтік желіге өзіміз жазып, өзіміз оқудан ары аса алмай жүргеніміз ақиқат. Осы ретте Халел Досмұхамедовтың «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады» дегені ойға оралып, ащы шындықтың бір шеті қайда жатқанын анық көрсетеді. Әлемдік өркениеттен қалмай өзгелермен тең жүруді олардың мәдениетін меңгеру мен солардың тілінде сөйлеумен шатастырып аламыз да, өзіміздің таңсықты жиып қойып, өзгенің қаңсығына тым өзеуреп кететінімізді ашық айтпасақ та қу ішіміз сезетіні өтірік емес. Тұп-тұнық өз айдынымыз тұрғанда біреулердің шалшығына шомылғымыз келіп тұратыны жанға батады.
Ғаламданудан қалып қаламыз деп қазақ тілін ысырып қойып, орыс тілін оздыра отырып, ағылшын тілді алға шығардық. Сөйтіп балабақшадан бастап үш тілде білім беруге көшкен жалғыз ел біз ғанамыз мынау дөңгеленген дүниеде. Жаныңның жарасына тұз себілгенде ызадан күлкің де келеді. Жетіскеннен емес, жаныңа керек жалғыз ана тіліңнің жансауғасына жарамағандықтан келетін кекесінге толы мысқыл күлкі. Иә, иә, кәдімгі кеткен кектің, адуынды ашудың, запыран зардың мырс еткен ащы күлкісін айтып отырмын. Балабақшаға тұрақты баратын балаңызға зер салып қараңызшы, керең болмасаңыз естисіз, соқыр болмасаңыз көресіз оның қойыртпақ тілде сөйлеп, тілі түсініксіз дүбәра болып бара жатқанын. Бір тілде ойлай алмайды, ойлай алмаған соң бір тілде сөйлей де алмайды. Мектеп оқушыларының күйі де осының ары жақ, бері жағында. Қазақшадан гөрі орысша сөйлей салып, жетпегенін ағылшынша қоса салатын сауыншының шалғышындай сатал-сатал бір үрдіс пайда болды. Біз секілді қазақтар қақаңдап, қақсап қанша түзеткіміз келсе де дерт дендеп кетті. Аралас тілде сөйлеуді емес, полиглот болуды үйрете алсақ бір жөн еді. Біз әр тілде таза сөйлеуді емес, бір-біріне қалай-болса солай қосып, тілдерді оңды-солды қосып сөйлеп қойыртпақтайтын ұрпақты өсіріп жатырмыз. Ұрпағымыздың ұлағатты, тіліміздің мұрағатты болуын ойлағанда, мұнша қатты кетудің кесірін әлі қанша көретінімізді болжай алмай, анық ұқпай жүрміз. Ана тілге қатысты әр мәселені ауызбен айтқанмен, іске келгенде мешеулеп, қорқа соқтап, жалтақтап жүргенімізді ашық мойындайтын уақыт әлдеқашан өтті. Ана тілімізден адасып, болмысымыздан көз жазсақ келер ұрпақтың көрер күні не болмақ? Қайығы қайраңда қалған қайран қазақ тілімнің күні бір туар деген үмітпен өмір сүріп келеміз…
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші