Гүлдала гүлденіп келеді
АУЫЛ ТЫНЫСЫ
Маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да ауылдың еңсесін тіктеп, шаруа адамының кәсібін дөңгелетіп әкетуіне барынша демеу көрсетуге бағытталған. Түгін тартса майы шығатын, жері шұрайлы, топырағы құнарлы ауданымыздың халық тығыз орналасқан елді мекендерінің бірі – Гүлдала ауылдық округі.
Округ аумағы 3605 гектар жерді қамтиды. Онда Гүлдала, Кіші Байсерке, Жаңа қуат сынды үш ауыл орын тепкен. Тұрғындары көпұлтты, халық саны 16251 адамды құрайды. Бүгінде замана көшінен қалыспаған, береке-бірлігі жарасқан іргелі округ тізгінін білікті басшы Мақсат Маханбетқали ұстап келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алға қойған келелі міндеттерін жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп, ауыл жұртшылығын жүйелі іске жұмылдырып келе жатқан атқарушы билік өкілі – ауыл әкімі мен оның аппарат қызметкерлерінің тындырып отырған жұмыстары ауқымды, алға қойған міндеттері жүйелі. Үстіміздегі жылы ауылдық округте ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылды.
Атап айтар болсақ, округ көшелерін жарықтандыруға биылғы жылы 6 100 000 теңге бөлінген. Оның ішінде көше шамдарының үздіксіз жанып тұруына қызмет көрсету, яғни жөндеу жұмыстары, шамдарды ауыстыру және басқа қызметтерге 4 595 000 теңге бөлініп, жұмысты «Tauekel Bp» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ал электр қуатының коммуналдық төлеміне 1 505 000 теңге қаражат жұмсалған.
Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 3 000 000 теңге қаражат бөлінген. «Инабат» ҚБ округке қарасты елді мекендерде және шекаралас Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас республикалық маңызы бар тас жол бойындағы тұрмыстық күл-қоқыстан санитарлық тазалау және апатты күл-қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын жүргізуде. Ал дезинфекция жасау жұмыстарын «Gul Qurylys» мердігер компаниясы жасаған.
Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бюджеттік бағдарлама аясында барлығы 7 500 000 теңге қаражат бөлініп, оның 2 500 000 теңгесіне Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас республикалық маңызы бар тас жол бойында орналасқан 1300 ағашты әктеп, 5 км аралықтағы жол жиектерінің шөбін шабу жұмыстары жүргізіліп, 50 түп жасыл желек, көшеттер, ағаштар отырғызылған. Сондай-ақ Гүлдала ауылының С.Сейфуллин көшесі бойында орналасқан саяжай мен балалар ойын алаңын ұстап тұруға жұмсалған. Жұмысты «Инабат» ҚБ атқарған. Ал «Tauekel Bp» ЖШС-і бюджет қаражатынан бөлінген 1 000 000 теңгеге Гүлдала ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті жаңартып берген. Жоғарыда көрсетілген қаражаттың қалған 4 000 000 теңгесіне көше бойына бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған. Жыл аяғына дейін қаржы игеріліп, бұл жоспар да жүзеге аспақ. Бұл бейнебақылау камералары қойылса ауыл көшелерінде тәртіп орнап, ел тыныштығы үшін де тиімді болмақ.
Автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша Гүлдала ауылдық округінің орталық көшелерін қыс және жаз мезгілдерінде ұстап тұру жұмыстарына 5 433 000 теңге бөлініп, жұмысты «СМЭУ ИНТЕРСИГНАЛ» ЖШС-і атқаруда. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 12 900 000 теңге бөлініп, Гүлдала ауылында Қазыбек би көшесіне ойын алаңын салу жұмыстарын жүргізу үшін баға ұсынысы тәсілімен хабарлама беріліп, «Smart City Company» ЖШС-і жеңімпаз атынып, 7 000 000 теңгеге келісімшарт жасалынып, жұмысты толығымен аяқтаған. Үнемделген 5 900 000 теңгеге Кіші Байсерке ауылындағы Жамбыл көшесіне «СТРОЙ-2018» ЖШС-і балалар ойын алаңын салып жатыр. Құрылыс жұмыстары қарашаның аяғында аяқталады деп жоспарлануда.
Гүлдала ауылының Қазыбек би, Құрманғазы, Панфилов, Дитковский көшелеріне аудан бюджетінен қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қонаев көшесінің жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Гүлдалалықтарды толғандырып жүрген тағы бір мәселе Қотырбұлақ өзені арқылы өтетін көпірдің тозығы жеткендігі еді. Бұл мәселе де оң шешімін тауып, үстіміздегі жылы аталмыш көпір жөндеуден өтіп, ел тілегі ескерілді. Жыл өткен сайын бюджеті еселеніп артып отырған ауданымыздың бір ғана елді мекеніндегі ел игілігі үшін атқарылып жатқан істер легі осындай. Ал болашақ еншісіне қойылғаны қаншама. Өркенді істер өзекті мәселелерді шешіп, халықтың тілегі қашанда атқарушы биліктің назарында екенін ұмытпайық.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»