«Асып кеттім деп аптықпа, Жетпей қалды деп жетесіздік танытпа!!!»

«Асып кеттім деп аптықпа, Жетпей қалды деп жетесіздік танытпа!!!»

Армысың АТА!!!
Алматыдай алып шаһардағы мың сан тірліктің ортасында шапқылап жүргенде материалдық құндылықтан өзге де рухани байлықтың бар екенін еске салғандай түсіме ендіңіз…Тек өзіңізге ғана тән жылы жымиыспен қасыма таядыңыз, аялы алақанмен маңдайымнан сипадыңыз. Бірақ үн қатпадыңыз. (Мүмкін, марқұм жандар үндемейтін болар). Ал мен үніңізді естігім келді, аңсадым сондай. Ақыры қағаз бен қаламға жүгініп, өзіңізге деген сағынышымды төктім, ойша тілдестім…

Өзіңізді жылдар сілемі алыстатқан сайын сізге деген етене жақындығым жанымның қыл тамырын басып, әрі-сәрі күй кешетін сәттерім жиілей түсуде. Сәл нәрсеге қуансам сізбен бөлісіп, жебеп-демегеніңіз үшін алғысымды жаудырамын, сәл нәрсеге қайғырсам сізден медет іздеймін. Әйтеуір, сізден алшақ жүрген кезім болған емес.
Қарбалас тірліктен қолым қалт етіп ауылға ат басын бұрғанда сізбен қатарлас қарияларды көріп менің де атам өстіп алшаңдап басып жүрер еді-ау деп ойға қалатыным бар. Немерелері, біздер, енді-енді ес біліп, етек жинап, өнеге-өсиетке ден қояр шақта сұм ажалдың тырнағы сізге ілінгеніне ішім удай ашиды. Дегенмен, ірілік пен ізгіліктің әңгімесін шерте білген дәл сіздей жанның менің атам болғанына әсте, ризамын. Мен ғана емес бар ұрпағыңыз мақтанады сізбен. Өзіміздің аймақта қай ортаға бармайық Сізді айтсақ болды жылы қабақ, ашулы құшақ көремін. «Жақсы адамның өзі өлсе де, сөзі өлмейді» деп тегін айтылмаса керек-ті…
АТА, ойлап отырсам сіздің берген тағылым-тәрбиеңіз бір оқу орнының бізге ұсынған білімінен кем емес екен. Есіңізде ме, ер жетіп қалған інілерім Арман мен Жасұланды және мені қасыңызға шақырып алып: «Қарақтарым, асып кеттім деп аптықпаңдар, жетпей қалдым деп жетесіздік танытпаңдар, бәрі де уақытымен болады. Алдыңда тұрған адамның қадірін біліңдер, шуақ сыйлаңдар, ешкімді босқа ғайбаттап, кем көрмеңдер, кімді де болса тең көріңдер, үміт жібін үзбеңдер, пенде жарықтық ілгері күндерге үмітпен қарайды ғой, соны естен шығармаңдар. Таласқа емес татулыққа, бақастыққа емес бақытты болуға ұмтылсаңдар болғаны, соның өзі талай асудан өткізеді, талай белеске жеткізеді»,-дегеніңіз. Иә, осы өсиет біздің өмірлік қағидамызға айналды.
Бүгінде әр қимылымды парасат пен пайымның таразысына саламын. «Менің бұл әрекетіме атам не дер еді?» деп ойша електен өткіземін. Алай-дүлей аярлығы бар мына заманда туған жерден шалғай жүріп, қанағатсыз өмірде ақ пен қараның, жаман мен жақсының, махаббат пен зұлымдықтың, аштық пен тоқтықтың дәмін татып, күн мен түннің барлығын сезініп, айналаңдағы адамдардың көзқарасы мен психологиясының, мінезі мен әрекеттерінің бір-біріне кереғар диалектикасын көзбен көріп, құлақпен естіп жүргендіктен болар, жақын жандардан жігер берер бір ауыз сөз естісем-ау деп әрі-сәрі күй кешемін.
Апам екеуіңіз арқылы ар тазалығын арқау етіп, адамгершіліктің шекпенін киіп жетілгендіктен мына «түлкі» заманды «тазы» болып шалуға әлім келер емес, АТА. Сіздер дәнін сепкен бойымдағы сол бір адами қасиеттер бүгінде пенделіктің пәтуасына түсіп кеткендей болады. Мына өмірде әділдік деген ұғым бар болса, ол ұғымның маған да қатысы болуы керек қой деп ойлап, әрекеттенемін деп талай аузым күйді. Әділдікті серік етемін деп адалдығына емес, ақшасына, біліміне емес, киіміне қарап қарсы алып жатқан қоғамда көп нәрседен ұтылып жатқан жайым бар. Адал, әділетті болам деген менің мінезім керісінше пиғылы теріс жандарға жол ашып жатқандай. Сондай сәттерде тағы да жолым болмады-ау деп мұңайып қалам. «Мүмкін осылай болғаны дұрыс та шығар, менің сәтті шағым алда болар, қанша дегенмен бар пенде адамгершіліктен жұрдай емес шығар» деп келер күнге үмітпен қараймын. Өйткені сіз айтқан өсиет жадымда. Сіздің тәрбие мектебіңізден өткен қызыңызбын ғой, АТА. «Мықтылық дегеніміз — әдемі тұрмыс құрып, бақытты ғұмыр кешу емес, қоржын арқалап жүрсең де адамдығыңды жоғалтпау» демекші, Құдайға шүкір ар арқалап жүріп те кім екеніңді дәлелдеп, биікке шығуға болады деп сенемін.
Бұрындары жиі баратын ауылға ат ізін салуларың сиреп барады деп сөге көрмеңіз. Онсыз да жақындарым көп өкпе артады. Есейген сайын есер тірлік үшін күресің күрделене түсе ме деймін. Уақыт та зымырап жатыр. Осы айлық алғанда бармасам деп құлшынасың, бір бүйірден бір кемшін тұсың қылт ете қалады да, ендігі айда деп ауылға деген жоспарды өзгерте саласың. Жылжыта-жылжыта талай уақыттың өткенін байқамай қаласың. Әйтеуір бір сәті түсіп барасың, бірақ сізден несін жасырайын, баруымыздан қайтуымыз тез болады. Қалаға үйреніп қалған екен деп ойлап қалмаңыз, баяғы қу тіршілік қамыты ғой тартып тұратын. Оның үстіне бүгінде ауылдың өзі де ажары қайтқан қыздай болып барады. Бұрынғыдай жарқын күлкі, шат-шадыман көңіл, белсенді өмір байқалмайды. Жастардың ду-дуын, ойын-күлкісін естімейсің. Төбе басына жиналып алып әңгіме шертер қарияларды көрмейсің. Хал сұрай келіп шәй ішіп, ауылдың «жаңалығын» айтып кетер көршіні байқамайсың. Кімнен кінә іздеп, кімді айыптарыңды да білмейсің. Әлде біз есейіп кеттік пе екен?! Десек те, туған жерің – туған әке-шешең сияқты емес пе, еркелегім келеді, көгіне аунап, шаңына тұншыққым келеді. Алайда ауыл бізді, біз ауылды жатырқап қалғандаймыз. Уақыт өз дегенін алып жатқан сияқты…
… Бәрінің бірдей тігісін жатқызып айтпағанымды өзіңіз де сезіп отырған боларсыз. Көңілімдегі көп ойдың бір ғана куәсі Сізсіз ғой, Ата. Ең бастысы, өзіңіз із тастаған әулеттің абыройы аласарған жоқ, аласармақ та емес.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИТЕГІ,
«Талғар»