Ағымдағы жылы Алматы облысында 799 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 64 млн. 236 мың теңге материалдық залал келтірілген. Дейтұрғанмен, қызыл отқа орану жағдайы өткен жылдан қарағанда 20,7% -ға азайған, деп хабарлайды «Jetisy Media».
Биылғы жылы тұрғын үй секторында 526 өрт оқиғасы тіркелген. Ал, қатты отынды пайдалану кезінде тағы да өрт шығып, ұзын-саны 126 жағдай анықталған.
Жылыту маусымы кезінде оқыс оқиғалардың тіркелуінің басты себебі, азаматтардың жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбауы, сақтық шараларына немқұрайлы қарауы болып табылады дейді мамандар.
Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін облыс аумағында тұрғын үй секторында қазіргі уақытта мүдделі органдармен бірлесіп профилактикалық шаралар өткізілуде.
Аталмыш жұмыстар 15 тамыздан бастау алған. Қоғамның осал топтарын құрайтын азаматтарға тиесілі 3315 үйге бақылау жүргізілген.
Жұмыс барысында 3 800-ден астам бұзушылық анықталып, оның ішінде 1760-ы сол жерде жойылған.
Халықтың әлеуметтік осал топтарымен профилактикалық жұмыс бірлі-жарым барумен және үгіт материалдарын таратумен шектелмейді. Аталған санаттағы тұрғын үйлерді қайта аралау жүзеге асырылды. 1486 үй қайта қаралды. Нәтижесінде 1200 үйдің тұрғындары өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қолданғаны анықталды, оның ішінде 1032-сі өз бетінше, 168-і жергілікті атқарушы органдардың көмегімен. 286 үй бұзыла отырып пайдаланылуда, бұл туралы міндетті түрде жергілікті атқарушы органдарға хабарланатын болады.
«Облыста есепте тұрған 386 870 жеке тұрғын үй бар. Соның ішінде 23 124 үй өрт жағдайына байланысты алдын алу шараларына қатысты теусерістен өтті. Нәтижесінде 30 мыңнан астам азамат қамтылып, оларға өрт қауіпсіздігі шаралары туралы түбіртек-ұсыныстар беріліп, халыққа өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді»,- дейді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Ахашов.
Тілсіз жауды ауыздықтау мақсатында 2019 жылы облыс әкімдігінен 169 млн.490 мың теңгеге бөлінген. Бұл қаражатқа халықтың осал топтарының үйлеріне 24 501 улы газды анықтау датчиктері сатып алынып, орнатылған.
Талғар-ақпарат