Ғасыр жасаған ғазиз ана

Ғасыр жасаған ғазиз ана

1 қазан — Қарттар күні

Жүз жасқа келіп ел-жұртының қошеметіне бөлену екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Жасы жүзден асқан хазиз аналар Талғар топырағында санаулы ғана. Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әжелердің қатары бүгінде сиреп барады.

Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсеткен сүйегі асыл жандар. Бүгінде немере-шөбересінің ортасында тамырын тереңге тартқан бәйтеректей сая болып отырған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Сондықтан жылына бір келетін қарттар мейрамында биыл ғасыр жасап отырған Бүбиза Жүнісова әжей туралы сөз қозғамақпыз.
Бір ғасырдың куәсі болған Бүбиза әже 1920 жылдың 13 қаңтарында Алматы облысының Шелек ауданына қарасты Малыбай аулында Жүніс қарияның отбасында дүниеге келіпті. Әке-шешесі ауқатты, мал-жанды отбасылардың бірінен болған екен. Содан да әжеміз балалық шағында тағдырдың тауқыметін көп тартпай, аузы аста, жамбасы жұмсақ төсекте болыпты. Бойжеткен соң өзінен он төрт жас үлкен Төлебай Смайлов есімді жігітке ұзатылыпты. Төлебай Алматы облысына қарасты Кеген ауданының Алғабас аулының тумасы екен. Қарапайым шаруаның баласы болған. Сол Алғабас ауылындағы жылқы заводында еңбек жолын бастап, қарапайым жұмыскерден бастап ферма меңгерушісі қызметіне дейін көтеріліп, абыроймен еңбек еткен. Бүбиза апамыз сол фермада сауыншыдан бастап әйел затының шамасы келетін барлық жұмысты көппен бірге атқарып жүрген. Осындай бейбіт күннің ажарын бұзып, зұлматты Ұлы Отан соғысы басталғанда Төлебай атамыз қатарымен бірге елімізді неміс фашистерінен қорғау үшін соғысқа аттанған. Атамыз қан майданның қырғынында қырым етігімен қан кешіп, жаумен шайқасып жатқанда, Бүбиза анамыз Жеңісті жақындату үшін тылда еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрді. Ақыры сұм соғыс та аяқталып, Жеңіс туы желбіреп, бейбіт күн де туады. Төлебай атамыз соғыстан аман-есен еліне оралып, бірден еңбекке араласып кетеді. Екеуі де өздері еңбек жолын бастаған фермаларында ұзақ жыл еңбек етеді. Өмірге нәрестелер келіп, отбасының шаңырағы нұрлана түседі. Ұлдары мен қыздарына тәлімді тәрбиелерін беріп, қатарынан кем қылмай өсіріп, жеткізеді. 2004 жылы Талғар ауданының Кеңдала аулына қоныс аударған. Төлебай атамыз 74 жасында өмірден озады. Бүбиза анамыз ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп, демалысқа шығады. Жеті құрсақ көтерген аяулы ана тағдырдың түрлі сынына мойымай ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» демекші, ақ жаулықты ананың жеті баласынан тараған 21 немере, 47 шөбере, 12 шөпшегі әжейдің өмірін жалғап, шаттыққа бөлеп отыр. Бала – өмірдің мәні десек, немере баладан тәтті, шөбере мен шөпшектің жөні тіпті бөлек. Міне, осындай бақыттың базарында, ұрпағының назарында отырған әжемізге ұзақ жасау тән-ақ. Балаларының барлығына жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасаған «Күміс алқа» иегерінің перзенттері де бүгінде әр саланың білікті маманына айналған. Олардың бірі – сатушы, бірі-ұстаз болса, енді бірі – инженер. Бұл үлкен отбасында барлық мамандықтың иелері табылады. Келіндері енеден алған тәрбиенің лайықты үлгісін көрсетіп, өздері де әже атанып отыр. Бүбиза әже бүгінде кенже ұлы Ерболдың жұбайы Нұрбати мен немересі Дастанның қолында. Ербол бірер жыл бұрын жол апатынан көз жұмған екен. Мінезі ашық-жарқын, көргенді ортадан тәрбие алған келіні Нұрбати енесін анасындай сыйлап, үлпілдетіп бағып отыр.
Күні кеше Қарттар күні мерекесінде ақ жаулықты әжемізді аудан әкімі Серікжан Ерекешев құттықтап барған еді. Себет толы сый-сияпатын жасап, құшақ гүлін ұсынып, кестелі орамалын иығына жауып, ақжарма тілегін ақтарды. Қарт әжеймен әңгіме құрып, ғасыр жасаған асыл ананың ақ батасын алды. Бүбиза әжеміз де бүгінгі күніне шүкіршілік етіп, аудан басшысына ыстық ықыласын білдіріп, алғысын айтты.
«Өсетін елдің қарты қазына болар» деген екен бабаларымыз. Расында да, кеудесі өсиетке, тұлғасы қасиетке толы ақ жаулықты әжелеріміздің өсер ұрпаққа берер өнегесі жетерлік. Бәрі ұлт болашағы мен ұрпақ қамы үшін деп тер төкті емес пе?! Ендеше, ғасыр көрген ғазиз ананың тәуелсіз елінің тұғырлы болғанына куә болып жүргені де бір бақыт.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»