Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем алатын азаматтар тізімі кеңейтілді

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем алатын азаматтар тізімі кеңейтілді

Төтенше жағдай кезінде ақысыз демалыс алғандар мен жұмыстан қысқарғандар үшін әлеуметтік төлем алу жолдары жеңілдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, бастапқыда айтылғандай, жұмыссыздығы туралы анықтама қажет емес. Жұмыс беруші қызметкерлерінің тізімін өткізсе болғаны. Немесе жұмысшының өзі «Электронды үкімет» арқылы өтініш жаза алады.

Сосын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алатындардың тізімін кеңейтті. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.

Жұмыс беруші мен жұмысшыдан түскен өтініш бұрын 7 күнде қаралатын болса, енді 3 күннің ішінде шешіледі. Сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысшыға кемі 3 ай көлемінде ақша аударылған болуы тиіс еді. Енді бұл талап та өзгерді. Тек бір айдың көрсеткіші болса жарайды. Сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатын азаматтардың тізімі кеңейтілді. Бастапқыда орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ғана тізімге енгізілген еді. Енді олардың қатарына азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатындар, қызмет көрсету саласындағылар және салық агенттеріне міндетті зейнетақы жарналары төлейтіндер қосылды. Жалпы Үкімет қауіпті індетпен күреске және дағдарысқа қарсы шараларға 4 трлн теңгеден астам қаржы жұмсайды. Оның 2 трлн-нан астамы республикалық бюджет қаржысы, 1 трлн 800 млрд теңге Ұлттық қордан бөлінеді. «Қазір ең басты мақсат – инфекцияның таралу қаупін азайтып, алдын алу шараларын күшейту», — дейді министр.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

— Құрметті қазақстандықтар, төтенше жағдай шектеулеріне түсіністік танытып, карантин режимін сақтап отырғандарыңыз үшін алғыс айтамыз! Карантин режимін бұзған біраз оқиғаны анықтап жатырмыз, бірақ халықтың басым көпшілігі дәрігерлер кеңесіне құлақ асып, үйлерінде қалуда. Вирустың әлемде қалай өршіп жатқанын көріп отырған боларсыздар. Нью-Йоркте әр 17 минут сайын коронавирустан бір адам көз жұмуда. Ауырғандардың жалпы саны әлем бойынша 600 мыңнан асты. Өлім көрсеткіші 4,6%. Бұл жоғары көрсеткіш болып есептеледі.

Төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзғандар да аз емес. 124 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалып, 56-сы ұсталған. Ең сорақысы, елдің саулығынан гөрі өзінің бас пайдасын көздейтіндер де бар. 40 мың бетперде мен 2 мың литр антисептикті қымбатқа сатқандар ұсталды. Ол ол ма? Онсыз да жұмысы көп дәрігерлердің қызметіне кедергі келтіретіндер де табылды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

— Ол «ДамуМед» порталында өзінде коронавирус белгісі бар деп көрсеткен. Бірақ жедел жәрдем дәрігерлері ол адамнан ешбір ауру белгісін таппаған. Кейіннен анықталғандай, ол азамат жүйенің, дәрігерлердің жұмысын тексергісі келіпті. Әйтпесе, еш жері ауырмаған, шетелге шықпаған, ауырған адамдармен байланыста болмаған. Дәрігерлеріміз онсыз да ұйықтамай, үйлеріне қайтпай, бар жанын салып жұмыс істеуде. Олардың әр минуты бағалы. Әр секунды санаулы.

Қазір бетперде өндірісі қарқын алды. Күніне 1 млн данасы шығарылады. 70%-ын тігін цехтары дайындаса, қалғаны фармацевтикалық компаниялардың еншісінде. «Алыпсатарлар тағы да айласын асырмаса, бетпердеден тапшылық болмауы керек», — деді министр. Сондай-ақ ол қауіпті вирус туралы жалған ақпарат тарағанын айтып, нақты жауабын берді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

— «Ешқандай жаңа ауру емес, 1965 жылы анықталған және адамдардың 70%-інде оған қарсы иммунитет бар» деген ақпарат таралуда. Бұл жерде ескеретін мәселе бар. Дәрігерлер мен мамандар мені толықтырады деп ойлаймын. Коронавирус ол – вирус тұқымдасы. Оған қырықтан астам вирус кіреді. Шынында да 1965 жылы осындай вирустың алғашқы түрі табылған. Ол COVID-2019 емес. Адамдарда оған қарсы ешқандай иммунитет жоқ.

Министр осындай жалған ақпарат таратып, ел арасында іріткі салатындар заң алдында жауап беретінін ескертті. Сондай-ақ індетпен күресіп, күндіз-түні жұмыста жүрген дәрігерлердің жағдайы жасалып жатыр. Алматы облысында мыңдаған медицина қызметкері арнайы жатақханаға орналастырылып, қажетті көлікпен қамтамасыз етілді.

 

Талғар-ақпарат