Кез келген мемлекеттің қаржылық жүйесінің жетекші тармағы мемлекттік бюджет болып табылады. Ал мемлекеттік бюджет қоржыны салық түсімімен толығады әрі бұл халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да тікелей әсер етеді. Сондықтан үкіметіміз салықтық саясаттың жүйелі жүргізілуін қадағалап, оның ел игілігіне бағытталуын басты назарда ұстап отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуына бағытталған ұзақ және қысқа мерзімді мақсат-міндеттер мен бағыт-бағдар айқындалды. Олардың қатарында салық жүйесін жаңғырту мен тиімді қаржылық реттеу мәселесі де қамтылған. Бұл орайда ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге өз дәрежесінде ықпал етіп, мемлекеттік қызметтің заманауи деңгейіне көтерілу үшін мемлекеттік кірістер органдары әлемдегі озық үлгідегі стандарттарға бой түзеп келеді. Маңызды мемлекеттік құрылымның бірі саналатын мемлекеттік кірістер органдары салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз етуде. Осыған орай Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Лесханов Едгар Лесханұлымен сұхбаттасқан едік.
– Едгар Лесханұлы, салық түспей-бюджет бүтінделмейтіні белгілі. Осы орайда Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 2019 жылды қалай аяқтады, салықтың орындалуы туралы не айтасыз?
– Салық – еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуінің тұрақты кепілі саналатынын ескерсек, бұл бағытта атқарылатын жұмыстың ауқымды, жауапкершілігі зор екені рас. Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 2019 жылды табысты аяқтады деуге негіз бар. Алдын ала жасалған жоба-жоспарда белгіленген салық пен өзге де түсімдерді шашауын шығармай жинап, бюджет кірісін толтыруға тырыстық. Ауданның мемлекеттік бюджетінің 2019 жылдың жылдық болжамы 53 645 377,0 мың теңге болса, нақты түскені 54 074 601,4 мың теңгені құрады. Болжам 100,8 пайызға орындалды. Атап айтқанда, республикалық жылдық болжамы 43 358 233,0 мың теңге болса, нақты түскені 43 358 735,0 мың теңгені құрап, болжам 100,0 пайызға, жергілікті бюджеттің жылдық жоспары 10 287 144,0 мың теңге болса, нақты түсім 10 715 866,9 мың теңге болды. Яғни болжам 104,2 пайызға орындалды.
Болжамдық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында басқарма қосымша түсімдерді іздестіру жұмыстарын жүргізуде. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 837 465,5 мың теңге қосымша түсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде:
— корпоративтік табыс салығы бойынша – 59 салық төлеуші бойынша 1 309 653,9 мың теңге;
— қосылған құн салығы бойынша– 63 салық төлеуші бойынша 296 353,3 мың теңге;
— жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша – 82 салық төлеуші бойынша 95 351,7 мың теңге;
— заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы – 49 салық төлеуші бойынша 134 424,9 мың теңге;
— заңды тұлғалардың көлік салығы бойынша – 9 салық төлеуші бойынша 1 463,1 мың теңге;
— пайдалы қазбаларды өндiру салығы бойынша– 2 салық төлеуші бойынша 218,6 мың теңге.
– Мемлекеттік кірістер органдарында көрсетілетін қандай қызмет түрлері бар?
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер регламенттерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 4 маусымдағы №348 бұйрығына сәйкес 44 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде 28 салық және 16 кедендік қызметтері. Осы 44-тің 33-і автоматтандырылған, 11-і қағаз жүзінде көрсетіледі.
2019 жылы көрсетілген қызметтердің саны 147 864 құрады, оның ішінде 139 626 (94,4%) электронды түрде, 5323 қағаз жүзінде, «Азаматтар Үкіметі» арқылы 2 915 болды.
2019 жылғы 31 желтоқсанға Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 2749 заңды тұлға, 10 633 жеке кәсіпкер, 2028 шаруа қожалығы тіркелген.
Бүгінде Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға барынша ден қойылған. Салық төлеушілердің ақпараттарын қабылдау мен өңдеу және салықтық тіркеу орталығы салық төлеушілерге 9:00 – 17:30 уақыт аралығында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қызмет көрсету орталығында салық төлеушілерге салық есептіліктерін электронды түрде тапсыру үшін өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы бар.
Салық төлеуші kgd.gov.kz сайты арқылы барлық жылдардағы және барлық нұсқадағы салықтық өтініштер мен салық есептілігі нысандарын алуға, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша салықтарды, жеке табыс салығын, көлік салығын, патент бойынша салық сомаларының және өсімпұлдардың есебін жылдам әрі оңай біле алады.
Салық мәдениетін көтеру және кәсіпкерлердің сауаттылығын жетілдіру мақсатында Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Қосымша кіріс көздерін түсіру жөнінде не айтасыз?
– Бюджетке қосымша кіріс көздерін іздестірумен салық базасын ұлғайту жұмыстарына жіті мән беріп, 2019 жылдың шілдесінде облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов бекіткен 2019 жылға арналған жергілікті бюджетке түсетін қосымша түсімдерді қамтамасыз ету үшін уәкілетті және мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында басқарма ауылдық округ әкімдерімен және уәкілетті органдарымен бірлесе отырып жүйелі жұмыстар жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 526,2 мың теңге көлемінде қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қосымша түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында басқа салық органдарында тіркелген салық төлеушілерді қайта тіркеу жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС Талғар ауданына тіркелді, тіркелу кезінен бастап бюджетке 161 797,6 мың теңге салық төледі. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу қатысушылары бойынша жұмыстар жүргізу нәтижесінде 14 577,0 мың теңге қосымша түсім түсірілді. Сотпен тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеушілердің контрагентерімен жұмыстар жүргізілді, оның нәтижесінде 16 салық төлеушіден 31 517,1 мың теңге қосымша түсім түсірілді. Өткен жылы хабарламалар қою режимі бірыңғай мәліметтер қоймасы ақпараттық жүйесінде қойылған хабарламаларды өңдеу барысында, 918 хабарламар бойынша 664 418,8 мың теңге қосымша түсім түсірілді, оның ішінде 452 274,4 мың теңге нақты ақшамен.
2019 жылы 50 тақырыптық рейдтік тексеру жүргізілді, тексеру нәтижесінде заңсыз 14 616 бөтелке немесе 9 043,0 литр мөлшеріндегі алкоголь өнімдері, 3640 дана мөлшеріндегі темекі өнімдері, 10,166 тонна немесе 11 907 литр мөлшеріндегі мұнай өнімдері (дизель отыны) анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 463 бабының 1 тармағымен, 282 бабының 3 тармағының 7 тармақшасымен, 283 бабының 3 тармағымен, 281 бабының 5 тармағының 2 тармақшасымен 83 әкімшілік істер құрастырылып, Талғар аудандық сотына қарауға жіберілді. Барлық материалдар үшін шешімдер шығарылып, акцизделетін тауарларды тәркілеумен 10 364,9 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды.
Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен 2019 жылдың басынан бастап жеке сот орындаушылармен және ішкі істер басқармасымен бірлесе отырып 146 рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейд нәтижесінде 3 632,1 мың теңге салық өндірілді, сонымын қатар 22 борышкердің ары қарай іске асыру үшін мүлік тізілімі жасалып, салықты толығымен төледі.
Барлық борышкерлерге қатысты мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары күнделікті қолданылады. 2019 жылғы 31 желтоқсанға салық берешегі бойынша 165 506,5 мың теңге қосымша қор өндірілді.
–Уақыт талабына сай жыл сайын біздің заңнамалық тұғырымыз бірқатар жаңалықтармен, өзгерістермен толығып отыратыны белгілі. Осы орайда, 2020 жылдан бастап Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы тарқатып айтсаңыз.
– Салықтық саясаттың негізгі міндеті бюджет кірісін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру (немесе шектеу), елдегі табысты реттеу болып табылады. Мемлекетімізде кәсіпкерлік саласына деген қамқорлық жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай, 2020 жылдан бастап Салық кодексіне енген өзгерістерді жан-жақты айтып өтейін.
2020 жылғы 1 қаңтарда «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ Кодексінің келесі нормалары күшіне енді.
Микро және шағын бизнес компанияларын үш жыл мерзімге кірістен салық төлеуден босату бойынша
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарының 34-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес Салық кодексіне арнайы режимдерді қолданатын және микро немесе шағын бизнесті болып табылатын тұлғаларды табыс салығын төлеуден үш жылға босату бойынша түзетулер енгізілді.
Патент бойынша
Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдан бастап патент қолдануға рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізімі заңнамалық тұрғыда шектелген, оның ішінде сауда алып тасталған.
Қызметтердің шектеулі тізіміне 32 қызметтің түрлері кіреді (мүлікті жалға беру, білім беру, аударма қызметі, фотография қызметі, шаштараз, такси қызметі және т.б.).
Бірыңғай жер салығы бойынша
2020 жылдан бастап салық салу нысаны өзгертілді. Егер қазір салық салу объектісі жердің болжамды құны болса, онда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап салық салу объектісі жеңілдетілген декларациядағыдай табыс болады. Ставкасы кірістен 0,5% мөлшерінде құрастырылды.
Бұл жаңалық бірыңғай әлеуметтік салықты қолданатын және микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын салық төлеушілерге үш жылға дейінгі мерзімге салықтан босатуға мүмкіндік береді.
Барлық артықшылықтар сақталады
Бірыңғай жер салығын төлеушілер табыс салығы, жер салығы, жер пайдалану төлемдері, көлік салығы және мүлік салығы (белгіленген лимиттер шегінде), әлеуметтік салық, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдер ретінде төлеушілері болып табылмайды.
Бірыңғай жер салығын төлеушілер айналымға қарамастан қосымша құн салығын төлеушілер болмайды. Егер қосымша құн салығы бойынша тіркеу қажет болса, салық режимі ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге өзгертіледі.
Тіркелген салық бойынша (фиксированный налог)
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелген салық заңды түрде жойылады.
Тіркелген салық төлеушілері басқа салық салу режимдеріне ауысуға және салық салынатын объектілерді (бір ойыншымен ойын ойнауға арналған ұтыссыз тіркелген ойын автоматы, бірнеше ойыншыға арналған ұпайсыз ойын автоматы, ойын үшін пайдаланылатын дербес компьютер, ойын жолы, карт, бильярд үстелі, уәкілетті ұйымның айырбастау пункті) тіркеуден шығаруға міндетті.
Камералдық бақылау
Камералдық бақылау нәтижесімен қалыптастырылған хабарламаны орындалмаған деп тану туралы Мемлекеттік кірістер органдарының Шешімі салық төлеушіге (салық агентіне) пошта арқылы, электронды түрде жолданады.
Салық төлеуші Шешім табыс етілген (алынған) күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жоғары тұрған салық органына және (немесе) уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасай алады.
Шағымның көшірмесі шешімді жіберген салық органына жіберілуі тиіс.
Бұл ретте, уақытша еңбекке жарамсыз болған жағдайда салық төлеуші салықтық тексеріс нәтижесі туралы хабарламаға шағым түсірген жағдайдағыдай шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы ұқсас норма жазылған.
Салық төлеушінің (салық агентінің) шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішхатты еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда қанағаттандырады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Шешімге жоғары тұрған салық органына (МКД, МКК) немесе сотқа шағым берген кезде жоғарғы органның шешімі не (немесе) сот актісі заңды күшіне енгенге дейін жүзеге асырылмайды.
Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау
Салық кодексінің 71-тарауына өзгерістер жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды және бұдан әрі кезең-кезеңімен көшу көзделген.
Бірінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау шеңберіндегі декларацияны:
жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы);
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы);
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы);
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады.
Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы) болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады.
Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайы тапсырады.
Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары декларация тапсырады.
Бақылау-касса машиналарын қолдануға қатысты
Салық кодексінің 166-бабында қызметін патент негізінде арнаулы салық режимiн қолдана отырып және арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет бойынша бірыңғай жер салығын төлеу негізінде осы арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асыратын салық төлеушілердің 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап БКМ қолдануға өтуді қарастыратын норма күшіне енді.
Онлайн-БКМ қолдану талаптары жалпы пайдаланудағы телекоммуникация желілері жоқ аймақтарда өз қызметін жүзеге асыратын бизнес субъектілеріне таратылмайтынына назар аударамыз.
Талап қою мерзімі бойынша
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап талап қою мерзімі үш жылды құрайды, салықтық мониторингке жататын және қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша бес жылды құрайды.
Осыған байланысты көрсетілген норманы әр түрлі түсіндіруді болдырмау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасында тиісті түзетулер қарастырылған.
– Ағымдағы жылдың жоспары қандай?
– Әрине, 2020 жылы да Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы салық түсімін арттыруға бағытталған келелі міндеттер мен жүйелі жоспарды орындауда қарқынды еңбек ете береді.
Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 2020 жылға қойған мақсаттары айқын. Атап айтар болсақ:
1. Мемлекеттік бюджет жоспарын және берілген болжамдарды 100% орындау, сонымен қатар бюджет нысандары мен бірыңғай жіктеу кодтары бойынша жоспарды сапалы орындау және өсу қарқынын қамтамасыз ету;
2. Қосымша кіріс көздерін іздестіру;
3. Артық төлемдерді азайту бойынша жұмыстар жүргізу; 4. Берешектер мен бересінің өндіру бойынша жұмыстар жүргізу; 5. Тіркелмеген объектілерді табу; 6. 2019 жылға арналған жергілікті бюджетке түсетін қосымша түсімдерді қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің уәкілетті және мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау; 7. Көлік салығы бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізу; 8. Көші-қон полициясымен бірлесе отырып рейдтік іс-шаралар жүргізу;
–Тұщымды әңгімеңізге рахмет!
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».