Бөрікті аспанға атып, аттан салып

Бөрікті аспанға атып, аттан салып

Пешенеге жазған өмірін поэзияға арнаған тұғыры биік тұлғаның туған күнін дүбірлетіп тойлау артындағы іні-бауырлары үшін жыл сайынғы мызғымас дәстүрге айналған. Сондай жандардың бірі, ақын туған ауданның тумасы, бүгінде Талғар ауданыдағы қазақ күрес бөлімінің аға жаттықтырушысы Бекжан Үмбетбаев. Міне, осы жанның мұрындық болуымен, өткен аптада Талғар қаласындағы «Алмалы» БЖСМ ғимаратында Қазақ күресінен 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жүлдесіне арналған республикалық жарыс өтті. Бұл жарыстың жалғасып келе жатқанына биыл он екі жыл. Б.Үмбетбаевтың айтуынша он екінші рет ақын жүлдесіне арналып ұйымдастырылып отырған күрес жарысы алғашқы екі жылдай аудан көлемінде өткізіліп, кейіннен облыстық дәрежеге көтерілген. Тек осы жылдан бастап қана республикалық деңгейде өткізуге мүмкіндік алған. Бес облысқа қарасты 13 ауданнан 300-ге жуық палуан 9 салмақ түрі бойынша бақ сынасты. Аталған жарыста ауданымыздың атынан жиырма бес палуан кілемге көтерілді. Бір күнге созылған жарыстың ашылуында сөз сөйлеген Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы келген қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді. Сонымен қатар ақын атамыздың көзін көрген Даубай Әбдісаев сынды ақын інілері жырдан шашу шашса, қазақ эстрадасының бірқатар жұлдыздары да сәлемін әнмен жеткізіп төбе көрсеткен жайы бар. Түскі үзіліс уақытында жарысқа шақырылған төрешілер мен алыстан келген қонақтарға арнайы дастархан жайылып ас берілді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған күрес жарысын тамашалауға келген халықтың қарасы да аз болмады.
Қатысушыларға келсек, сайдың тасындай сұрыпталған палуандардың белдесуіне әр өңірден келген он бір жаттықтырушы төрелік жасаса, жарыстың бас төрешісі етіп Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Қапар Рауановты бекіткен. Жарыс қорытындысы бойынша 55 кг, 60 кг, 65 кг, 76 кг, 86 кг салмақ бойынша алтын Тараз қаласы және Жабыл облысынан келген палуандарға бұйырды. Көрші Қарасай ауданының палуандары 46 кг, 70 кг, +82 кг салмақтары арасында чемпион атанған жайы бар. Ал Райымбек ауданының намысын қорғаған 50 кг салмақта өнер көрсеткен Бегімбай Абзал, шашауына шаң жұқтырмай, кілем үстінде керемет белдесу үлгісін көрсетіп алтын алқа тағынды. Бақ пен баптың қатар шапқан осы бір тұста Талғар ауданы атынан шыққан спортшылар да құр алақан қалмады 55 кг Дәулетұлы Әділ, 82 кг Қасымхан Абдуғани күміске қол жеткізсе, 65 кг Сибебай Жәнібек, 76 кг Тоқтар Сабыржан, +82 кг Молдыбаев Шухрат пен Асқаров Темірлан қола медальді еншіледі. Ұйымдастырушы Бекжан мырзаның айтуынша жаңа шығып келе жатқан шәкірттерінен болашақта бұдан да жоғары нәтиже күтетінін, сонымен қатар бастауын он екі жыл бұрын алған ақын жүлдесін келешекте халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар екендігін жеткізді.
«Жазылар естеліктер нешелеген, көрерміз оның бәрін пешенеден», – деген Мұқаңның шығармашылығы бүгінде мұқым елдің махабатына бөленіп, ізін қуған інілерінің құрметі осылайша көрініс табуда. Ортамызда өзі болмаса да, көзіндей болып сөзі қалған қара өлең жүйрігіне берген жиырма бірінші ғасырдың бағасы, міне, осындай!

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар».