Ауылшаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауылшаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Шаруалардың тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектерінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Әрине, одан әрі де еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беруіміз керек. Талғар ауданында да ауылшаруашылығы саласы қарқынды даму үстінде.
Өндірісі өркенді, өрісте малы, даласында дәнді-дақылы мол өскен өңір. Мемлекет тарапынан да қолдау көріп отырған шаруалар дала төсін тиімді пайдаланып, табысын еселеп келеді. Бүгінде ауданымызда 2797 ауылшаруашылық құрылымдары тіркеліп, 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. 2020-2025 жылдар аралығында белгіленген жоспарға сәйкес жаңа инновациялық технологияларды енгізіп, инвестициялық жобаларды тарту арқылы саланың өндірісі мен өнімділігін өсіру көзделіп отырғанын, 5 жыл аралығында еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру бағытында жұмыстар жүргізілетінін айтқан болатын аудан әкімі Ж.Омаров өзінің есепті баяндамасында. Бұл межеге жету үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен бағамды бағдарламалардың маңыздылығы зор.
Қаһарлы қыстың да аяқталуына біраз күн қалды. «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, көктем жетісімен шаруалар қарбалас тіршілігін бастайды. Зейнеті мен бейнеті қатар жүретін шаруалар жұмыстарына тыңғылықты түрде дайындалғанды қажет етеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға да иек сүйейтіні рас. Жуырда Нұра ауылдық округінің шаруаларымен кездескен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары да ауылшаруашылық құрылымдарына көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін таныстырды. Нұра ауылындағы Мәдениет үйінің мәжіліс залына жиналған Нұра және Қайнар ауылдық округтерінің шаруаларының алдында бірінші болып сөз алған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ермек Толқынов ауылшаруашылығына қатысты мәселелерді алға тартып, заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы айтты. Содан кейін аталмыш бөлімнің мамандары кезекпе кезек мінберге көтеріліп, өздеріне жүктелген сала бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айтап айтқанда, сектор меңгерушісі Алдияр Абдрешбаев енді кез келген ауылшаруашылығы құрылымдарына қажетті құжатты үйден шықпай-ақ электронды түрде алуға болатынын айтып, шаруаларға берілетін субсидия мөлшері туралы сөз қозғаса, бас маман Бахытжан Айменов мал шаруашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бас маман Рахимжан Туребаев арнайы техникаларды тіркеу, техникалық байқаудан өткізу және арнайы техникаларға жүргізу куәлігін беру туралы айтты. «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің өкілдері Құралай Байтаракова мен Ерболат Абишев тұқым түрлері мен тыңайтқыштар жайлы түсініктеме берсе, ҚР АШМ АӨК МИК Талғар аудандық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы Гулмира Жақыпбек карантинді сертификаттау мен фитосанитарлық сертификаттау туралы айтты. Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Кульсара Ибатулина кәсіпкерлерге берілетін шағын несиелер жайлы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Талғар ауданы филиалының басшысы Нурбек Даулетбаков кәсіпкерлерді оқыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету тұрғысында сөз қозғады. Барлық қонақтарға шаруашылық құрылымдарының иелері тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Субсидия алу, құжаттар рәсімдеу барысында кездесіп жатқан олқылықтарды алға тартып, жанар-жағармайдың қымбаттығын да айтып кетті. Бұл күнгі кездесуде келелі мәселелер көтеріліп, көптеген мағлұматтар берілді. Аудандық ауылшауашылығы бөлімі ұйымдастырған жиынның мақсаты да осы болатын.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».