Ел билігі халықтың әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстап, барынша жақсартуға тырысып бағуда. Себебі бірінен-кейін бірі қабылданған әлеуметтік бағдарламалар мен бастамалар ел халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға үлкен үлесін қосуда.
Бұл тұрғыда еліміздегі бас партия – «Nur Otan» партиясының алар орны ерекше. Мемлекет тарапынан талай жақсы бағдарлама жасалды деп жатырмыз, дәл сол секілді «Nur Otan» партиясы ұсынған игі бастамалар да аз емес. Соның бірі — «Құтты мекен» атты негізгі партиялық жобасы да қазіргі таңда өзекті болып тұрған әлеуметтік жағдайларды шешуге бағытталғаны айқын. Қазіргі таңда қоғамдық ұйым ел еңсесін көтеріп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ұйытқы болуда.
Осы аптаның сәрсенбісінде партияның «Құтты мекен» жобасы аясында аудандық «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Партиялық бақылау комиссиясы қаламыздағы құрылыс нысандарына бақылау жүргізді. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Сұлтан Нұрдаулетов, аудандық мәслихат депутаты Амангелді Сембаев, аудандық партия филиалының қызметкері Сақыпжамал Үскібаева, қоғам белсендісі Клара Хасановалар бар комиссия мүшелері ауданымызда бой көтеріп жатқан үш жалгерлік және үш несиелік тұрғын үйдің құрылыс жұмысының барысын бақылап қайтты. Бұған дейін де бірнеше мәрте тексеру жұмыстары жүргізілген еді. Мердігер компания – «ГуннСтройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын межелеген мерзімінде аяқтайтынына сенімді. Бүгінгі күні құрылыс алаңында 250-ге жуық жұмыскер жұмыс жасап жатқанын айтты. Ал құрылыс жұмыстарының сапасы халық қалаулылары мен қоғам белсенділерінің көңілінен шықты. Тексеру барысында олар жобаға қатысты өз ойларын білдіріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Тұрғын үйдің ішкі және сыртқы жұмыстарының аяқталуға шақ қалғаны көрініп тұр. Қазірдің өзінде үйлер газға қосылып, жарық пен су желісі де тартылған екен. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен аулалар абаттандырылып, ойын алаңдары мен спорт алаңын жабдықтап, ел игілігіне тапсырмақшы. Алла қаласа наурыз айында жүздеген отбасы баспаналы болады деген сеніммен тарқадық біз де.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».