«Ерлік дегеніміз – үрейді жирене жек көру. Ол бізге төнген қауіп-қатерді мансұқ етеді, оларды шайқасқа шақырып, күйретеді», – деп көне грек халқының ой білгірі Сенека айтпақшы, Ауған соғысының ардагері, кеудесінде «Даңқ» ордені мен «Ауған халқының алғысы», «Жауынгер-интернациона-лист», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары жарқыраған Бақытбек Бәйдібеков 1978 жылы Талғар қаласындағы №20 кәсіптік-техникалық училищесін жаңа бітірген балаң бозбала болатын. Сол жылы күзде Талғар қаласындағы әскери комиссариатқа шақырылған Бақытбек бірден сарбаз қатарына қабылданып, сол бетімен Беларуссияның Боровуха селосы маңындағы №103 дивизияның №350-шы Витевскь десанттық полкының құрамына барып қосылады. Қарапайым, жастайынан спортқа жақын, әрі жігітке тән байсалды мінезі бар Бақытбек әуеден парашютпен секіру, қару-жарақты асынып алып, 20-30 шақырымға жүгіру кезінде де қазақ сарбазына тән мінезбен сыр бермейтін. Әскери тәртіп оны қызыл шоққа қақталған шар болаттай пісіріп, шынықтырды. 1979 жылы Ауғанстан мен Кеңестер Одағы арасында тұтанған соғыс басталғанда соғыс аймағына шұғыл жету бұйырылған №103 дивизия құрамасы 1979 жылдың 10 желтоқсанында Беларуссияның «Быково» аэродромынан ұшып шығып, жолай Қазақстанның Шымкент қаласында 4-5 күн аялдап, бағытын Ауғанстанның Кабул қаласына қарай бұрады. Өмір бойы сыртқы дұшпандармен айқасып, туған жері үшін жан аямай шайқасып жүрген Ауған жігіттері бұларды да «жылы шыраймен» қарсы ала қойған жоқ. Кеңес Одағы солдаттарын ата жауындай көретін ауған «Моджахедтерінің» көсемі Ахмед шах бастаған жауынгерлер қарша жауған оқпен қарсы алды. Бірінің артынан бірі ұшып келе жатқан Кеңес Одағының ұшқыр самолеттерін зымыран оғымен атқылаған олар бір-екі ұшақты атып түсіріп, ұшақтар «Гиндукуш» тауына барып құлайды.Ұшақтағы десантшылардың міндеті – ұшақ жерге қонбай, сәл-пәл жерге табан тигізген сәтте жылдам түсіп қалу еді. Әйтпесе дайын тұрған Ауған әскерлері оқтан да ұшқыр атыс құралдарымен кез келген нысананы атып түсіретін. Жерге аман-есен түскен №40 армияның жауынгерлері сол түнгі ұрыста екі-үш ұшағынан және 35 жауынгерінен айырылды. Бұл әскери құраманың қанды ұрыстарға араласуы осылай басталып еді. Десантшылар құрамасы ауған жеріне Кеңес Одағының толық армиясы келіп жеткен соң, қайта оралуы тиіс еді. Бірақ, Кабул қаласына Бақытбек Бәйдібеков қызмет ететін батальон қалдырылды. Қарапайым халық Кеңес солдаттарын жек көрмейтін. Бұлар үшін ауған азаматтарынша киініп, бет-жүздерін тұмшалап алған шетел жанкештілері қауіпті еді. Талай Кеңес сарбаздары солардың қолынан мерт болды. 1980 жылдың желтоқсан айына дейін Кабул қалашығындағы аэродром, банк, сол қалада қоныс тепкен «әскери ғимараттарды» қас-қақпай күзеткен десантшылар тобы мезгілі біткен соң елге оралды. Жеңіл ұшақпен, әуелі Ташкент, сосын Мәскеудің Шереметово әуежайына түсіп, сол беттерімен өздері алғаш келген «Боровуха» селосы тұсындағы әскери қалашыққа автокөлікпен келген сарбаздар «уф» деп демдерін бір-ақ алды. «Кебенек ки де жаудан қайт, не кидің деп сұрамас, кебек же де қыстан шық, не жедің деп сұрамас» – деп дана қазақ қалай біліп айтқан. Елге оралған соң Бақытбек Бәйдібеков Талғар автотранспорт мекемесінде, «Тұлпар-экспрес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ұзақ жыл жүргізуші болып еңбек етті. Абыройсыз болған жоқ. Қарапайым, салмақты мінезімен елге беделді болды. Бұл күндері бір ұл, екі қыздан тараған немерелерінің жылы шуағына бөленіп отырған Бақытбек Бәйдібеков енді қанды соғыс болмасын! – деп тілейді!
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
Талғар-ақпарат.