1979 жылдың 12 желтоқсанында КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстан еліне басып кіріп, ішкі істеріне қол сұғуынан тұтанған соғысқа биыл 41 жыл толып отыр. Ауғанстандағы 1978 жылғы «Сәуір төңкерісі» нәтижесінде билікке келген «Халықтық-демократиялық үкіметі» атанған партияны қолтығынан демеген КСРО-басшылары бұл елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, «Интернационалдық әскери жәрдем береміз»-деген желеумен оның ішкі істеріне араласа бастады. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы Компартиясының бірінші хатшысы Л.И.Брежневтың бұйрығымен Кеңес әскерлері Ауған жеріне басып кірді. Бұл – КСРО тарапынан басқыншылық соғыс еді.
Ауған жерінде екі жыл сарбаздық міндетін атқарып қайтқан Төлеген Абуханов Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, бұрынғы «Киевский» деп аталатын совхоздың тумасы болатын. 1978 жылы орта мектепті бітірген Төлеген, он сегіз жасқа толған соң әскер қатарына шақырылған-ды. Мамыр айында сарбаздар қатарына алынған Төлеген Қырғыз республикасының Ош қаласына барып, сол жерде «Ант қабылдаған соң» соғыс қару-жарақ түрлерін қолдануды үйрене бастайды. Ал, бұл кезде Ауған жерінде КСРО әскерлері мен Ауған жігіттері арасында қым-қиғаш соғыс жүріп жатқан. Міне, осы соғысқа Кеңес Одағының әскери басшылары Орта Азияның қазақ, тәжік, қырғыз, түркімен бозбалаларын апарып салды. 1979 жылдың желтоқсан айында атқыштар полкының солдаты Төлеген Абуханов Тәжікстан жеріндегі Памир тауының үстімен ұшып барып, Бадахшан автономиялық округіндегі «Файзабад» кишлагына барып түседі. Бұл- жайдақ таудың етегіне қоныстанған шағын елді мекен болатын. Осы кышлакта тұрған атқыштар полкінің міндеті – Ауғанстан жеріне қарай беттеген әскери құрамаларды межелі жеріне жеткізіп салу еді. Бұл – өте қиын әрі қауіпті іс болып саналатын. АҚШ және басқа да елдердің ең күшті соғыс қаруымен жабдықталған ауған жауынгерлері өз жерлеріне қарай кіріп келе жатқан Кеңес солдаттарын нөсерлете жауған оқпен қарсы алатын. Соғыс кімді аясын? Талай-талай жас боздақтар ұрыс даласында мерт болды. Басынан талайды өткерген қазақ жігіті 1980 жылы майда екі жылы біткен соң аман-есен елге оралды. Кеудесінде: «Ауған халқының алғысы», «Жауынгер-интернационалист», «Жауынгерлік батылдығы үшін» медальдары жарқыраған Төлеген Абуханов бейбіт өмірге араласқан соң, Алматыдағы индустральды техникумды бітіріп, ұзақ жыл «Октябрьдің 20 жылдығы» атындағы Алматы станок жасау заводында еңбек етті. Бұл күндері алпыс жастың асқарына көтерілген, Ауған соғысының ардагері Төлеген Абуханов тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуда.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
Талғар-ақпарат.