Қазақ сарбазы

Қазақ сарбазы

«Ерлік дегеніміз – жан дүниенің ұлы қасиеті: ер жүрек атанған халық өзін мақтаныш етуге тиіс», – деп ойшыл Н.М.Карамзин айтпақшы, Ауғанстан мен Кеңестер Одағы арасындағы соғысқа 1987 жылы 10 мамырда барып кірген Рашид Пірімбаев он сегізден енді асқан түбіт мұртты бозбала еді.

Соғыс майданында ол барлаушы болып, өлім мен өмір айқасқан ұрыс даласында талай мәрте жаумен бетпе-бет келді. Сол кезде Ауған жерінде ерлігі мен батырлығы үшін «Моджахед» көсемдерінің өзі «Қара майор» деп құрметпен атаған Борис Керімбаев басқаратын әскери құраманың сапында болған Рашид 1988 жылы 17 қарашада әскерден босап, елге оралады. Кеудесінде: «Ауған халқының алғысы», «Жауынгер-интернационалист», «Жауынгерлік ерлігі үшін» деген медальдары жарқыраған Рашид Пірімбаев бейбіт өмірге оралған соң өзі туып-өскен Қарақалпақстан автономиялық республикасының Бируни қаласында ұзақ жыл құрылыс маманы болып еңбек етті. 2003 жылы ата жұрты Талғар қаласына қоныс аударып келген Рашид Талғардағы Ауған соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары ретінде көп іс-шараларға мұрындық бола білуде. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында жыл сайын Ауған соғысының ардагері, марқұм Ерғалым Жданов атындағы бокс турнирін өткізу, Ауған соғысында көз жұмған Талғар боздақтарының аналарымен дәстүрлі түрде кездесіп тұру бұл ұйымның бұлжымас қағидасына айналғалы қашан. Қазақ тілінің мерейін өсіру мақсатында мектеп оқушылары арасында жыл сайын өткізілетін «Жас ақындар» айтысы, ұстаздар арасында өткізілетін волейбол турнирі және аудандағы 160 Ауған соғысы ардагерлерін бір кісідей жұмылдырып, жас ұрпақты Отансүйгіштікке, елін, жерін сүйетін ұлтжанды азаматтар болып қалыптасуы үшін тер төгіп жүрген «Жауынгер» ұйымына ел-жұрт риза. «Ерлік-елге ұран, ұрпаққа мұра» – демекші, Ауған соғысының ардагері, «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Рашид Пірімбаев осындай азамат.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

Талғар-ақпарат.