Діни сауатсыздық орға жығады

Діни сауатсыздық орға жығады

Дін – адамзат пайда болғалы бірге жасасып келе жатқан аса маңызды рухани, әлеуметтік құбылыс. Діни наным-сенім адам баласының іс-әрекетіне ықпал ететін құдіретті күш болғандықтан бұл мәселеде қырандай қырағы болған абзал. Өйткені бүгінде әлем халқы мойындаған дәстүрлі діндермен қатар көптеген діни ұйымдар мен ағымдардың адам баласының ой-санасына кері ықпал етіп отырғаны белгілі.

Бұл орайда дін атын жамылып өздерінің зорлық-зомбылыққа, лаңкестік әрекеттерге негізделген пасық идеяларын жүзеге асыруға ұмтылған діни ағымдар мен лаңкестік ұйымдардың ықпалынан сақтану үшін ислам діні жайында, оның құндылықтары мен негізгі қағидалары туралы білген абзал. Өйткені олар діни білімі таяз жандарды өз қармағына түсіруді көздейді. Бұл ретте, терроризмге қарсы іс-қимылдың саяси, ақпараттық-насихаттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық арнайы және өзге де шараларының жүйелі болуы және оларды кешенді пайдалана білудің маңызы зор. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, қауіп-қатерден сақтанудың жолы алдын-алу шараларын жүйелі әрі тиімді жүргізу болып табылады.

Осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ Талғар аудандық филиалының оқу залында осы жерде еңбек ететін қызметкерлермен «Терроризмге қарсы іс-қимыл» тақырыбында өндірістік оқу дөңгелек үстелі болып өтті.

Аталмыш іс-шараның модераторы филиал директоры К.Ж.Отарбаева белгіленген жоспар аясында ұйымдастырылып отырған кездесуді кіріспе сөзбен ашып, тақырып аясында ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізетін мамандармен, келген қонақтармен таныстырды. Айта кету керек, бұл күнгі маңызы кең кездесу жиынына ҰҚК жедел уәкілі А.Айтуғанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Сәлімбаева, терроризмге қарсы аудандық комиссия хатшысы Қ.Кервенев, ауданның теолог-маманы Б.Әмірқұл және БАҚ өкілдері қатысты. Мұрағат мекемесінің жұмысы жауапты әрі маңызды екені анық. Құжаттарды жинақтау, топтастыру әрі сақтау қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады. Мұндағы жинақталған іс-қағаздардың саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Адамдардың зейнетке шығар кездегі құжаттарды жинақтауға қатысты жұмысқа тағайындалғандығы немесе босатылғандығы жөніндегі бұйрықтары немесе еңбекақы төленгендіктері жөніндегі мәліметтерге сұраныс беретіндер мұнда көп келеді.

Кездесу барысында сөз алған әрбір сала маманы терроризм мен экстремизмнің қауіп-қатері жайында айта келе, одан сақтану жолдарын, алдын-алу әрекеттері мен іс-шаралар туралы түсіндірме берді. Сонымен қатар, теріс діни ағымда жүрген адамдардың мінез-құлқы, белгілері жайында да айтып өтті. Бүгінде әлеуметтік желілердің белсенділігі артып, ғаламтор арқылы ақпарат тасқыны толассыз ағылып тұрған технологияның дамыған кезеңінде деструктивті және экстремистік бағыттағы теріс діни ағымдар да осы мүмкіндікті өз пайдасына жаратуға ынталы. Сол себепті әлі оң-солын бағамдай қоймаған албырт жастарымыз ислам діні жайында өздерін толғандырып жүрген мәселелерге қатысты жауапты кездейсоқ сайттардан, бөгде адамдардан емес, мешіт имамдарынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарына жүгіну керектігі баса айтылды. Білместікпен экстремистік бағыттағы сайттардың материалын өзге жандарға таратудың арты заң аясында орны толмас өкінішке соқтыратындығы да ескертілді. Кездесу соңында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Сәлімбаева аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы жайында қысқаша тоқталып өтті. Маман мәліметіне жүгінсек, аудан аумағында 46 діни бірлестік жұмыс жасайды. Өңірдегі конфессияаралық кеңістіктегі ең ірі діни бірлестіктер діндар халықтың басым бөлігін біріктіретін мұсылман мешіттері мен православие шіркеулері болып табылады. Өткен жылы ААТ мүшелері тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға және діни экстремизмге қарсы имунитетті қалыптастыруға бағытталған 30-дан аса түрлі форматты іс-шара өткізіп, онда 2000-ға жуық адам қамтылған.

Кездесудің қорытынды бөлімінде мұрағат мекемесінің қызметкерлері бірқатар сауалдар қойып, оған білікті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар мен түсіндірмелер алды.

Райхан Азимова,
«Талғар».