Халықтың игі дәстүрі-біздің ең асыл мұрамыз. Елдің елдігін сақтайтын ең алдымен – әдебиеті, тарихы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі. Ұлттық мәдениеттің небір асыл маржандары ауылда жатыр. Ауыл – тағылымды тәлім-тәрбиенің ордасы. Өткен аптада Нұра ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында маңызды іс-шара болып өтті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара «Ат құлағында ойнаған ұлы дала өрендері» атты тақырыпта өрбіді.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, Нұра ауылындағы балалар саябағының ішіне тігілген ақбоз үй алыстан менмұндалайды. Киіз үй жанындағы әсем текемет үстіне жайғасып, қазақы камзолдары мен кимешектері нұрлы жүздеріне жарасқан ауылдағы «Нұрай» әжелер ансамблі қазақтың халық әндерін бірінен соң бірін төгілте шырқап, тулақ үстіндегі ақ жүнді де ән ырғағымен кезектесе сабап, «Жүн сабау» өнерін паш етуде. «Ат құлағында ой-наған Ұлы дала өрендері» атты іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан Талғар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қазақтың төл мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін және әдет-ғұрпын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отыру – әрбір қазақ баласының перзенттік борышы екенін айта келіп, көкпар, қыз қуу, теңге алу ойындарына қатысқалы отырған ауыл балаларына сәттілік тіледі. Сол сол-ақ екен, ауыл ақсақалдарының батасынан соң төрт аяғы кесіліп ортаға тасталған лаққа жапа тармағай ұмтылған жас көкпаршылар ауыл саябағының ішін дүбірге бөледі. Ат құлағында ойнаған Марат Қуаныш, Айдар Айбарұлы, Ернар Асхатұлы деген жас көкпаршылар бір-бірден салым салып, қазақтың ұлттық ойыны көкпардың қан қыздырар екпіні тек батыл да төзімді жігітке тән өнер екенін көрсете білді. «Теңге ілу» ойынында өзі жаратып, үйреткен жүйріктің үстінен жердегі теңге салынған қалташықты қаршыға құстай іліп әкеткен Айдар Нұрасыл деген баланың өнеріне көпшілік риза көңілмен қол соқты. «Қыз қуу» ойынында жүйрік атымен ұл балалармен бірге сайысқа түскен Жазира Ракишованың да өнеріне көрермендер риза болысты. Осындай ауқымды шараның басы қасында жүрген Нұра ауылдық Мәдениет үйінің директоры Семейхан Дәріпхан бізбен әңгімесінде: «Көк түріктен тараған көк бөрінің ұрпағы болғандықтан, біздің негізгі бағытымыз-жұтамас азық, таусылмас байлық саналатын ұлттық қол өнер мен халқымыздың ұлттық ойындарын жас ұрпақтың жүрегіне сіңіру» – деп ағынан жарылды. «Уықты – басқұр, ұлтты – дәстүр сақтайды» – деп халық даналығында айтылғандай, ауылдың үлкен-кішісі көп жиналған іс-шараны қорытындылаған аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ф.Бегенбаева қазақтың ұлттық ойындары – көкпар, қыз қуу, теңге алу сайысында көзге түскен балаларды естелік медальмен, Кубок және түрлі сыйлықтармен марапаттады.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».