Солақай саясаттың салқыны…
Еліміз егемендігін алып, жоғалғанымыз табылып, өткенімізге өң берген бейбіт күннің қазаққа қалай келгенін ұмытпауға тиіспіз. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің кері кеткен саясатының салқыны қазақ жеріне оңайға соқпағанына тарих дәлел. Солақай саясаттың «аша тұяқ» деп қазанатымен, өз халқына өзі «жау» деп азаматымен алысқаны қазақ елінің өсіп-өркендеуіне жасалған бөгет екені айқын. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде қоғам бетіндегі қаймақтарымызды қалқып алып, қаншама «Алаш» деп алға шыққан біртуар азаматтарымыздан айырды.
1931-1933 жылдар аралығында 3 миллионнан астам қазақ қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болғаны белгілі. Бұл дегеніміз сол кездегі жалпы қазақ санының 42 пайызын жойып жіберді деген сөз. Ал осы зорлық-зомбылыққа төзбеген 1 миллионға жуық қазақ бас сауғалап өзге елге қоныс аударғаны рас.
Тарихшылардың ұсынған мәліметі бойынша, 1937-38 жылдар аралығында советтік Қазақстаннан 118 мыңдай адам абақтыға жабылған екен. Соның ішіндегі 25 мыңы ату жазасына кесіліпті. Жалған жаланы желеу етіп жаза баспаса да жазғырған билік Алматы төңерегіндегі абақтыларда жатқан ұзын саны екі мыңдай ұлт зиялыларын ату жазасына кескен. Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімовтың ұсынған деректеріне сүйенер болсақ, атылған сол екі мың адамның мәйіті бүгінгі Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының іргесінде жерленген-ді. Оның ішінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосовтай Алаш арыстарының да сүйегі жатыр.
Жоғарыда айтылғандай «Алаш» арыстарына жала жабудағы НКВД-ның көздегені қазақтан шыққан ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлерінің көзін құртып, сауатты қоғам болуына бөгет жасау болғанын білеміз. Уақыт көрсеткендей елдік жолындағы ерлердің ерлігі еленбей қалмады. Бүгінде еліміздегі қалалардың орталық көшелеріне, мемлекеттік мекемелермен елді мекендерге осы қоғам қайраткерлерінің есімі берілген. Жазған жалынды жырлары мен жазба еңбектері бүгінде мектеп бағдарламасына енгізіліп, олардың шығармалары төңірегінде түрлі зерттеу еңбектері жазылуда. Міне осының бәрі оларға, олардың еңбектеріне, ерліктеріне деген бүгінгі қоғамның көрсеткен құрметі болса керек. Өз кезегінде Елбасы да, олардың құрметтеріне мемлекетте мемориалдық кешендер орнатып, ескерткіштердің тұрғызылуына мұрындық болды.
1990 жылы Жаңалық ауылының іргесіне саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап тас белгі қойылған болатын. Кейіннен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен тарихи оқиғаға лайықты бағасы беріліп, кейінгі ұрпақ құрбандардың рухына тағзым етіп жүрсін деген мақсатпен 2002 жылы еңселі ескерткіш орнатылған. Оның ашылуына Елбасы өзі арнайы қатысқан еді. Содан бері 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітіліп, жыл сайын сол күні барша қазақстандықтар ескерткіш жанына жиналып, қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойып рухтарына тағзым етіп, әруақтарға Құран бағыштауды әдетке айналдырған.
Кейіннен 2018 жылдың 1 желтоқсанында, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Жаңалық аулындағы музей құрылысы жұмыстарына 288 млн. теңге қаражат жұмсалған. Музейдің жалпы аумағы 535 шаршы метрді құрайды.
Дана халқымыздың «Өткенге топырақ шашсаң, келешегің тас лақтырады» деген керемет сөзі бар. Өткенді әсте ұмытуға болмайды. Алаштың алыптары қазақ жерінің қасиетін кетірмей кейінгі ұрпағына қалдырғанын жастар білуі керек. Ал осы сынды терең тарихтан хабар беретін орындар, бабалар мен балалар арасын жақындататынына сеніміміз мол. Алашордалықтардың ел еңсесін көтеру жолында жасаған жұмыстарын келер ұрпаққа кейіпін бұзбай жеткізу бүгінгінің парызы.
Дархан ӘУК,
Талғар-ақпарат