Жұмыла жұмыс жасады

Жұмыла жұмыс жасады
Жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин «Бірге – Таза Қазақстан» атты экологиялық акциясына бас­тау жариялап, өзі бас болып Нұр-Сұл­тан қаласындағы «Қоянды су» қой­масы­ның тазарту жұмыстарына қатысқан бо­ла­тын. Игі бастаманың басты мақсаты – жас жеткіншектерге үлгі көрсетіп, қор­шаған ортаның тазалығын сақтауға атсалысуға тәрбиелеу еді.
«Мен бұл акцияның кеңінен тарала­ты­ны­на, жалпыреспубликалық шараға айнала­тынына және азаматтар арасында қолдауға ие болатынына сенемін. «Бірге – Таза Қа­зақ­стан» акциясы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», – деген Асқар Мамин барлық өңірлердің әкімдерін, экологиялық белсенділерді, жас­тар ұйымдары мен еріктілерді осы бастаманы қолдауға шақырған еді.
Бұл акциядан Талғар жұртшылығы да шет қалмады. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», – демекші өткен аптаның сенбісінде «Бірге – Таза Қазақстан» атты жалпыхалықтық акцияны қолдау мақсатында ауданымызда сенбілік жарияланды. Талғар қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен бұл тазалық ак­циясына қалалық және аудандық әкімшілік қызметкерлері және ауданға қарасты бар­лық мемлекеттік мекемелердің ұжымы мен аудан тұрғындары атсалысты. Жалпы алғанда аталған сенбілікке 1000-ға тарта адам қатысты. Одан бөлек жұмысқа қажетті деген 5 ауыр жүк техникалары жұмылдырылды.
Сенбілік жұмыстарының басы-қасында болып, басшылық еткен Талғар қаласы әкімінің орынбасры Серік Дүмшебаев: «Сенбіліктің қоғамның назарын қала көшелерінің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор. Сенбіліктің басты мақсаты — қаланың көркіне көрік қосу, тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсарту», – деді әңгіме барысында.

Таңертең сағат тоғызда орталық алаңға жиналған халыққа қала әкімінің орынбасары Серік Кеңесұлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр мекеме өкілдеріне тазартуға тиісті аумақтарын бөліп берді. Сенбілікке қатысушыларға тазарту жұмыстарына қа­жетті құрал-саймандар (тырма, сыпырғыш, қолғап, қоқыс салатын қап) үлестірілді. Бөлінген аймақ бойынша аудандық Жас­тар ресурстық орталығының «Жасыл ел» еңбек жасақшылары мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары қала орталығындағы Тұрар Рысқұлов ескерткіші орналасқан саябақ пен өзен жағалауына тазарту жұмыстарын жүргізді. Ал аудандық қаржы бөлімі мен аудандық тұтынушылардың құқығын қор­ғау бөлімі, аудандық қазынашылық бас­қармасының қызметкерлеріне «Мелио­ратор» ықшамауданындағы көпір мен арық төңірегін тазарту тапсырылды. Тал­ғар қаласын жалғап жатқан орталық көпірдің айналасы мен өзен бойында Шымбұлақтағы туберкулез диспансері, ау­дандық энерготұтыну мекемесі, қала әкім­дігі аппараты, аудандық әлеуметттік бағ­дарламалар және жұмыспен қамту бө­лімі, жұмыспен қамту орталығы сынды мекеме өкілдері бір кісідей жұмыла жұмыс жасады. Кеңдала ауылымен шекаралас жат­қан қаламыздағы төменгі көпірдің тө­ңірегін аудандық әкімшілік аппаратының өкілдері тазартты. Аудандық ветеринарлық бөлімі қаламызға қарасты «ГЭС» мөлтек ауданындағы көпір айналасының қоқысын жинады. Бұдан бөлек «Керуен Плюс» ЖШС, «Каспи банк», «Талғар-Спирт» ЖШС, «Талмед» ЖШС, «Веломектеп», «LT GAZ» ЖШС сияқты мекеме өкілдері де игі шараға өз үлестерін қосып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сенбілік нәтижесіне келер болсақ, Тал­ғар қалалық әкімшілігінің ұсынған мәліметтері бойынша жалпы көлемі 4 саябақ тазартылып, ұзындығы 4 километрді құрайтын өзен жағалаулары, 10 километр жол жиектері және көпір асты өткелдері тазартылды. Бұл күнгі сенбілікте 25,5 тонна қоқыс шығарылды.
Аталмыш акция барысында талғарлық­тардың жұмған жұдырықтай жұмыла жұмыс жасауы туған өлкеміздің табиғатына деген қамқорлығын паш еткендей болды. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» деп орыс мақалында айтылғандай тазалықты сақтау баршымыздың борышымыз. Ата-бабаларымыздың көзінің қарашығындай сақтап, біздерге аманат етіп қалдырған сұлу да, көрікті жеріміздің келбетін бұзбай келер ұрпаққа жеткізу бізге сын.
Дархан ӘУК,
Талғар-ақпарат