Ауылшаруашылығы нысандарын аралады
Апта басында ауданымызға еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында ұсынған 10 бағытын аудан жұртшылығына насихаттап, ауданымыздың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ахметов Сапар Қайратұлы, Звольский Сергей Адамович, Теміржанов Мұрат Баритович, Құсаинов Серік Досымханұлы арнайы іссапармен келді. Мәжіліс депутаттарын ауданымызға облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Тойлыбаева Гүлнар Қожағұлқызы бастап келді,- деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Қонақтарды аудан әкімі Рыскелді Сатбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы қарсы алып, ауданымыздағы бірқатар ауылшаруашылығы нысандарын аралауға бастап жүрді.
Депутат халықпен бірге болған кезде ғана олардың қандай мұқтаждықтары бар екенін және ел ішіндегі түйінді мәселелердің орын алып жатқанын біле алады. Парламентте талқыға салынып, қабылданатын небір заңдардың өміршеңдігі халық қалаулыларының қарапайым халықтың тыныс-тіршілігіне қаншалықты қанықтығына тікелей байланысты. Сондықтан да, депутаттар ел арасында жиі болып, жұрт жағдайын жақсы білмей, мемлекет дамуына өзіндік үлес қосатын заңдарды қабылдай алмайтыны белгілі. Міне, сондықтан да ел аралап, ауылшаруашылығының даму қарқынын көріп, ірі шаруа құрылымдарының ұжымымен кездесудің де маңызы зор. Халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін аграрлық сектор – еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатын маңызды сала.
Мемлекет басшылары да ауылшаруашылығы саласын өркендетуді назардан тыс қалдырмай, түрлі бағамды бағдарламаларын ұсынып, шаруаларға қарқынды қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде елімізде шет елдерден түрлі асыл тұқымды ірі-қара малын алдыртып, сүт пен еттің өнімділігін арттырып отырған ауылшаруашылығы нысандары жетерлік. Солардың қатарында «Амиран-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. Халық қалаулылары жұмыс күнін дәл осы серіктестіктен бастады.
Суармалы жерге жем-шөп егуден бастап, сауын сиырларын қоректендіру, сүт өнімдерін дайындауға дейінгі процестердің барлығы толықтай автоматтандырылған «Амиран-Агро» ЖШС-нің иелігіне 1870 га суармалы жер, механикаландырылған жұмыстарды орындау мақсатында механикаландырылған кешен және жылына 8 760 000 литр сүт өндіруге мүмкіншілік беретін сүт фермасы кіреді.
Серіктестік жалпы құны 6 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын ауылшаруашылық техникаларымен жабдықталған. Шаруашылықтың 257 гектар жерін жүгері, 450 гектарын жоңышқа, 532 гектарын соя, 150 гектарын бидай, 450 гектарын арпа дақылдары алып жатыр. 2 мың гектар құмдауыт жерді алып төрт-бес жылдың ішінде мол өнім беретін егістікке айналдырып отырған шаруашылық бүгінде жиырма шақты скважиналардан су шығарып, тұзы шығып жатқан сортаң жерге түрлі дәнді дақылдарды егіп, өнім алып келеді. Автоматты қондырғыдан су бүркетін суармалы егістік алқаптарын аралап көрген депутаттар ферманың жәй-күйімен танысты.
«Амиран Агро» шаруашылығында қазіргі кезде Канададан әкелінген сүтті, асыл тұқымды сегіз жүзге жуық сиыр сауылады. Сиырлар Америкадан әкелінген «Baumatic» құралымен жабдықталған сауын залында сауылады. Бір мезетте 40 сиырдан сауылады. Сауын аппараты компьютер арқылы басқарылады. «Smart Dairy» деп аталатын компьютерлік бағдарлама кәсіпорынның барлық маңызды жақтарын бақылап, басқарады екен. Әрі шаруашылық иесіне немесе осындағы бөлім басшыларына кез келген уақытта, жер шарының қай жерінен болса да, спутниктік жүйемен толық ақпаратты жеткізе алатын мүмкіндікке ие.
Ал, Мәжіліс депутаттары атбасын бұрған «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал шаруашылығы, ветеринария, егіншілік секілді салаларды тез еңсерген елімізге танымал ірі серіктестік. Ғылымның бар күшін пайдалана отырып ауылшаруашылығы саласында ілгерілеудi мақсат тұтып отырған шаруашылық Канададан 700-ге тарта асылтұқымды гольштин сиырын әкелген. Мұнда бүгінгі күні 360 сиыр сауылады. Оларды 6 робот-сауыншы сауады. Робот сиырларды өзі сауып, автоматты түрде сүттің құрамын, қышқылдығын, маңыздылығын анықтап, өзін автоматты түрде жуып, тазалайды екен. Бұл роботтарды Швециядан алдырыпты. Әр сиыр 1-3 минуттай уақыт сауылады әрі оның қаншалықты сүт бергені, сиырдың саулығында кінәрат болса, оны робот автоматты түрде хабарлайды. Сиырлар күніне үш рет сауынға кіреді, кейбірі 6-7 рет сауылады. Әрқайсысы шамамен 41 литрдей сүт береді екен. Араларында 80 литрге дейін сүт беретін сиырлар бар. Бұның әлемдік стандартқа сай өте жоғары көрсеткіш екенін мақтанышпен жеткізді серіктестіктің басшысы Темірхан Досмұхамбетов. «Байсерке-Агроның» өндірісі мұнымен бітпейді. Мекеме аумағында сондай-ақ 300 бас жылқы, 200 бас түйе бағылады. 10 мың бас қой бар. Қазіргі уақытта ғалымдар Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп «Жаркенттік» деген жаңа қой тұқымын ойлап тапқан. Оның салмағы 150 келіге дейін жетеді екен. Сонымен қатар, 4 гектар жерге кәріс технологиясы бойынша жылыжай жасалған. Мұнда қызанақ, қияр, құлпынай өсіріледі. Одан бөлек компанияның Жаркентте балық шаруашылығы кешені бар. Онда сушиге арналған балық өсіріледі. «Байсерке-Агро» Талғар шатқалынан ара шаруашылығын да жолға қойған. Қазіргі уақытта «Байсерке-Агроның» ет өндіру комбинаты мен сүт зауыты жұмыс жасайды. Онда дайындалған түрлі шұжықтар мен сүт өнімдері табиғи, таза, әрі өте дәмді. Тұтынушылардан өзінің лайықты бағасын да алып үлгерген өнімдер ауданымыздың дүкендерінде де сатылымға қойылған.
Депутаттардың «Байсерке-Агро» ЖШС-нің барлық нысандарын аралап көруге уақыттары жетпеді. Себебі жұмыс тобын Панфилов ауылында орналасқан «Грин Эко» ЖШС-нің ұжымы күтіп отырған болатын. «Грин Эко» ЖШС 1,3 гектар алқапқа өндірістік типтегі жаңа «Дат» технологиясымен гидропоникалық компьютерлік жүйемен басқарылатын жылыжай кешенін құрды. Онда түрлі салатқа қажетті көк шөптер өсіреді. «Дат» технологиясының бір артықшылығы қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. Кешенде энергия үнемдейтін технологиялар орнатылған. Оны пайдалану кезінде өнімді жыл он екі ай бойы артық шығынсыз өсіру мүмкіндігі туындайды екен. Құрылғыға көк шөпке су мен минералды тыңайтқыштарды қажеттілігіне қарай беріп, ауа ылғалдылығын қамтамасыз етіп отыратын компьютерленген жүйе орнатылған. Сондықтан да өнімнің сапасы жоғары, әрі өнімі мол болады. Жылыжай ішін аралап көріп, өсірілген шөптердің қапталу техногиясымен танысқан депутаттар серіктестік жұмысына оң бағасын беріп қайтты.
Перизат Нұрқаева,
«ТалғарАқпарат».