2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа кассациялық сот жұмыс істейді. Кассациялық сот — бұл сот төрелігінің маңызды бөлігі, оның негізгі рөлі сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру арқылы әділдік орнатуға бағытталған, төменгі сатыдағы соттардың шешімдеріне шағымдарды кассациялық тәртіппен қарайтын жоғарғы сот. Кассация саты төменгі инстанциялардағы сот шешімдерінің дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қадағалап, қателіктерді түзетуге мүмкіндік береді.
2024 жылы 5 шілдеде Мемлекет басшысы тәуелсіз кассациялық соттарды құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойып, бұл заң кассациялық сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіруге бағытталды. Сондай-ақ бұл қадам елдің құқықтық жүйесін жетілдіру, азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған маңызды реформа болып саналады.
Қылмыстық-процестік кодекске (ҚПК), Азаматтық процестік кодекске (АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) және басқа да заңдарға түзетулер енгізіледі. Заңда азаматтық және қылмыстық істерді кассациялық сатыда алдын ала қарауды алып тастау ұсынылған. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіретін болады. Сот реформасы – Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының басым бағыты. Қолданыстағы жүйеде кейбір істердің ұзаққа созылуы мен біркелкі тәжірибе қалыптаспау мәселелері туындағаны белгілі. Жаңадан құрылатын кассациялық соттар:
Сот істерін қараудың сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, бірыңғай сот практикасын қамтамасыз етуге, заң нормаларын біркелкі түсіндіруге мүмкіндік береді.
Жаңа кассациялық соттар дербес құрылым ретінде жұмыс істейді, сонымен қатар белгілі бір санаттағы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді қарайтын болады.
Х.Б.Абдигулов,
Аудандық сот судьясы