Талғар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 жалпы білім беретін орта мектебінде сәуір айының оныншы жұлдызында «Сатылай кешенді оқыту» арқылы ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру — заман талабы» тақырыбында өткен облыстық семинар аясында «Ұлттық құндылық-ұлт болмысы» атты 11 сынып оқушыларымен ашық тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.Оқушыларға ұлттық құндылықтарды құрметтеу — бабаларымыздан қалған асыл мұра екенін түсіндіру болды.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жыл 19 қыркүйектегі №294 бұйрығының орындалуы негізінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген және үш бағыт бойынша іске асырылады: талап құндылығы, ұлттық құндылық, ар-ұят құндылығы. Тәрбие сағатының негізгі мақсаты мектебімізде біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды оқушылар бойына сіңіру барысында жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсету.
Бұдан бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы, тіл жанашыры, лингвист- ғалым Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің өзіне тән табиғи дыбыстық жүйесін, сөзжасам, сөз табы, сөйлем мүшелері деген атауларының негізін қалаған еңбегі бүгінгі ұрпақтың баршасына таныс. Ұлттық тілдің табиғи бояуын солғындатпай, тілдің грамматикалық жүйесін қалыптастырған ұлы ұстаздың тіл біліміндегі ұшан-теңіз еңбегі өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келе жатыр. Осынау ұлылар жүрген сүрлеу жолды бүгінде даңғыл жолға айналдырып ,қазақ тілінің стильдік жүйесі мен грамматикасын, ғылыми негізін, тіл тазалығын сақтап қалудың негізгі тірегі – «Сатылай Кешенді Оқыту» технологиясы деп айтуға толық негіз бар. Авторы – педагогика ғылымының докторы,профессор Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова.
Биылғы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған түлектер қонақ болып келген ұстаздар назарына тарихи сахналық бейне қойылым ұсынды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әліпбиін жазып жатқан кезінен және балаларға үйрете бастаған кезінен қойылым көрсетті.
Тәуелсіздікпен бірге қазақ елі ғасырлар бойы қамыт болған бодандық түнегін сыпыра оянды. Сол тұста кешегі зұлмат жылдары сұраусыз атылып, асылып кеткен ақиық ақындар, патриот тұлғалар көп болған. Осы орайда ұлтқа арналған ғұмырларды, Алаш арыстарының ұлт үшін жасаған еңбегін насихаттау, ұлт зиялыларының өмірі мен еңбектерімен танысу біз үшін үлкен міндет. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында 2-ші жалпықазақ съезі өткізілді. Оқушылар келесі көріністе ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт көсемін және Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов , Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев , Сұлтанмахмұт Торайғыров, НКВД тергеушісі және айдауылдар образын сомдап шықты. Міржақыптың «Оян қазақ» өлеңі, Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген өлең жолдарын ұсынды.
Съезед кезіндегі Алаш автономиясыны құру туралы, ел, жер, тіл мәселесі қаралып, бір ауыздан Әлихан Бөкейханұлын Алаш автономиясының жетекшісіне ұсынып және тағайындайтын кезін және 1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы өткен 2-жалпықазақ съезі көптеген тарихи шешімдер қабылдаған кезін, құрамында 25 мүшеден тұратын Алашорда уақытша Халық кеңесі құрылғанын, Үкімет төрағалығына бірауыздан Әлихан Бөкейханов сайланғанын, Алашорда автономиясының орталығы болып Семей қаласы бекітілгенін оқушылар қойылым арқылы жеткізе білді.
Жалпы Алашорда құрамына сайланғандар қазақтың сол уақыттағы жоғары білімді, көзі ашық, төрткүл әлемде болып жатқан өзгерістерден хабары бар зиялы қауым өкілдері болатын. Өкінішке орай, Кеңес өкіметі күш алып, барлық елдімекендерде өз биліктерін орната бастады. Болшевиктік көсемдер Алашорда үкіметінің бағытын өздерінің әміршілдік-әкімшілдік билік жүйесіне қауіпті деп санап, оларды қудалай бастады. Келесі көріністе НКВД түрмесін көрсетті. Тергеуші столы, алдында басы таңылып, қанға боялған Әлихан отырғанын және Әлихан мен Ахметтің кездесуін қойылым арқылы жеткізе білді. Алашорда қозғалысына қатысушылар түгелдей Сталиннің әміршіл-әкімшіл жүйесінің құрбаны болды. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғары соты әскери алқасы «Кеңеске қарсы күресті, террористік орталықпен байланысы болды» деген негізсіз себептермен үкім шығарып, қазақтың аяулы ұлы Әлихан Бөкейханов ату жазасына кесілді.
Ұлт азаттығын аңсаған Әлихан, Ахмет, Міржақып, атылып, қуғын сүргінге ұшырағанымен, олардың асыл армандары мен мұралары ондаған жылдар бойына кейінгі ұрпақтардың бойына тәуелсіздікке деген бас тігу дәнін сеуіп кетті.
«Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!» — деген бабалардың асыл мұратын ту етіп көтеріп, замана ауанын қапысыз меңгеріп, алаш жұртының мақтан етерлік ұлағатты ұрпағы бола алсақ қана Алаш қайраткерлерінің бізден күткен үмітінің ақталғаны деп білеміз!
Тәрбие сағатының соңында келген қонақ ұстаздар көздеріне жас алып, Алаш арыстарының болмысын айқындай білген, бойына ұлттық рухты сіңіріп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты көріп отырғандарын және мектеп бітіруші түлектерге ақ жарма тілектерін айтып, тәрбие сағатын өткізіп отырған сынып жетекшіге оң бағасын беріп кетті.
Қойчыбаева Мәдина Айдарқызы
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі