Қаржы қызметінің үздігі

Қаржы қызметінің үздігі

Биыл елімізде қазынашлық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толды. Осы жыл ішінде, Қазынашылық мемлекеттің бюджеттік ағынын басқарудың барлық қыры шоғырланған, келешегі мол, дамыған қаржы институты ретінде ойып орын алды. Қазақстанның қазынашылық жүйесінің тәжірибесі басқа елдерге үлгі болатындай, жоғары бағаланып, бірегей жүйе ретінде танылған. Әрине мұның барлығына осы салада еңбек ететін сауатты әрі білікті қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде қол жеткізілді. Қазынашылық саласында еңбек етіп келетін қызметкердің бірі – Алматы облысы бойынша Қазынашылық Департаментінің Талғар аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ажибаева Гулшакира Ауғанғалиқызы.

Төл теңгеміздің ең алғашқы айналымға енгізілуіне және Қазынашылық жүйесінің электрондық түріне көшуіне басы қасында жүріп атсалысқан Гулшакира Ауғанғалиқызы әлі күнге дейін қаржы жүйесінің иновациялық дамуына белсене қатысып өз үлесін қосуда. Ол ұжымның алға қойылған мақсат-міндеттерін, табысқа қол жеткізуге қажымай еңбек етіп, өнегелі ісімен, нәтижелі жұмысымен үлгі-өнеге бола білетін адамдардың бірі. Жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, білімі мен біліктілігі, ақыл-кеңесі кейінгі жас мамандарға үлгі боларлығы сөзсіз. Осы салада абыройлы жауапкершілікпен өз ісіне берілген Гулшакира Ажибаева 2006 жылдың шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Талғар аудандық қазынашылық басқармасының басшысы қызметін 18 жылдан астам уақыт мінсіз атқарып келеді. 40 жылдан астам тәжірибесі бар Гүлшакираның облыс пен ауданымыздың қаржы-экономика саласына қосқан үлесі мол.
«Еңбек етсең еленерсің, еңбегіңе кенелерсің» демекші, Гулшакира Ауғанғалиқызының еңбегі еленіп, 2023 жылы Қаржы министрлігінің «Қаржы саласының үздігі» төс белгісімен және Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің, Қазынашылық департаментінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Гулшакира Ауғанғалиқызы 1964 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Кербұлақ ауданы, Доланалы ауылында дүниеге келген. 1981 жылы КСРО мемлекеттік банкінің есеп-кредит техникумына түсіп, 1983 жылы үздік бітірген. 1985-1990 жылдары аралығында Алматы халық шаруашылық институтын сырттай оқып, «Халық шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойынша «экономист» квалификациясын алған.
Еңбек жолын 1983-1988 жылға дейін Кербұлақ аудандық білім бөлімінде бухгалтер, экономист, бас бухгалтердің орынбасары және бас бухгалтер міндеттерін атқарған. 1988-1992 жылдар аралығында Кербұлақ ауданы Қызылжар совхозында экономист, бухгалтер болып жұмыс істеген. 1992-1996 жылдары Сарыөзек кентінде Ұлттық банктің есеп-айыру орталығында бас бухгалтер, бас бухгалтер орынбасары, жетекші маман ретінде жұмыс жасады. 1996-1997 жылдары Кербұлақ ауданы бойынша Талдықорған облыстық қазынашылық басқармасының өкілдігінде жұмыс атқарды. 1997- 1998 жыл аралығында облыстың атауы ауысуына байланысты Алматы облыстық қазынашылық басқармасының Кербұлақ ауданы бойынша өкілдігінде бас маманы болған. 1998 жылы Кербұлақ аудандық қазынашылық бөлімінде бас бухгалтер, структуралық құрылымның жетекшісі-операциялық сектордың меңгерушісі, бастық орынбасары, бюджетті атқару секторының меңгерушісі-бастық орынбасары қызметтерін атқарған.
Гулшакира Ауғанғалиқызының басшылығымен қазынашылық басқармасы алға басып, дамып келеді. Алға қойған мақсат-міндеттеріне нақты қадамдар жасап, ұжымды да бірге жетелеп отыр. Білімді басшы, білікті маман, мейірімді ана, қамқор әпке, сүйікті қарындас бола білген Гулшакира Ауғанғалиқызы ұжымдағы ахуалды жақсартып, қамқорлық пен сыйластықты, бірлік пен берекені арттырып отыр.
Өзінің еңбек жолында көптеген жас мамандарға тәлімгер болып, қаржылық сауаттылыққа, жұмыстың барысын үйретіп жетелеген. Кезінде өз тәжірибесімен бөлісіп өсірген мамандары қазіргі кезде әр салада қызмет етіп, басшылықта жүргендері де аз емес. Сондай-ақ, «саналы ұрпақ – жарқын болашақ» демекші, тәрбиелі, білімді, мәдениетті, өнегелі-өнерлі Ауғанғали Аяжан есімді қыз тәрбиеледі. Аяжан қазіргі таңда жоғары білімді тамамдаған, өзінің мамандағы бойынша қызмет атқарып отыр.
Ауданымызда мақтан тұтар білімі мен біліктілігі жоғары Гулшакира Ауғанғалиқызы сынды басшыдан тәжірибе алысып үйреніп білеріміз көп. Бүгінгі күні мың алғыс айта отырып, мерейтойыңыз құтты болсын дейміз! Денсаулығыңыз мықты, өміріңіз бақытты, баянды болсын, отбасыңыздан құт-береке кетпесін!

Нұрова Қымбат Маратқызы
Талғар аудандық қазынашылық басқармасының бас қазынашысы