Тұздыбастаудағы кездесу

Тұздыбастаудағы кездесу

Жуырда Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков Тұздыбастау ауылы тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Жиынға ауылдық округтің әкімі Шыңғыс
Толымбеков, Талғар ауданы әкімінің орынбасарлары Оразхан Қаспақбаев, Айбек Бидаев және аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты. Ел алдындағы есебін қысқа қайырған Т. Айдарбеков тұрғындардың мұңына құлақ түрді.

Ауылдықтардың айтары сол – жол, су, газ, электр жарығының мәселелері. Айғайлай, айғайлай қасқырдан да ұят болды демекші, ауылдың жайын айтудан жалықпаған жұртшылық бұл жолы да үлкен үмітпен жиылды. Көктем келіп, күн күрт жылығалы бері көшелері батпақ болып, үйлеріне су кірген тұрғындар ренішін жасырмады. Байкүшік және Мұсабаев көшесінің тұрғындары ойлы шұңқыры көп жолдардың машақатын айтып налыды. Күз, көктемнің жаңбырлы күндері аяқ алып жүру мүмкін емес деген олар балалардың сабаққа баруы мұң болады деп отыр. 60-70 жыл тарихы бар көшеге мүлдем жөндеу жұмыстары жасалмапты. Тұрғындар бірігіп қолдарынан келгенше тегістеп, қиыршық тас төгіп, асфальт төсегенімен көп ұзамай бүлінген жолдарды қайта жасауға халық қауқарсыз. Тіпті батпақ жолдарда үсті-басы былғанған балалар ұстаздарынын сөз естиді екен. Жолдың жайын айтқан тұрғындар қашан асфальт жолға қолымыз жетеді деген сұрағын төтесінен қойды. Бұл сұраққа жауап берген Тұздыбастау ауылдық оругінің әкімі Шыңғыс Толымбеков: «Өткен жылдан бастап ауылдың қоғамдық кеңесі, ауыл ақсақалдарымен кеңесіп жұмыс атқарып келеміз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, ауылымызға бөлінген ақшаға алдымен қай көшені жасау керек, кезек күттірмейтін қандай мәселелер алдымен шешімін табу керек екенін сол азаматтармен кеңесіп шешеміз. Бұдан хабарларыңыз бар. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы әрбір тыйынына дейін өз орнымен жұмсалып жатыр. Алдымен ескі ауылдың жолдарын жасаймыз деп келіскенбіз. Онда жарты ғасырдан астам мүлде жөнделмеген жолдар бар. Жоспар бойынша Таңат Ескелдіұлының бастамасымен Амангелді көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал осы жылы да ескі ауыл көшелері жөнделетін болады. Ауылымыз күн санап үлкейіп келеді. Жылдан-жылға көше саны артуда. Тұрғындар Қотырбұлақ, Картабұлақ сынды өзендердің арнасын толтырып, үй салып алған. Таудан аққан қар мен жаңбыр суы көше жағалай ағып, үйлерді басып кетіп жатыр. Әркім өзінің аумағынан арық қазу керек. Мұның бәрі тек әкімшіліктің мойнында деп қарасақ бұл мәселенің шешімі табылмайды. Ауыз біршілікпен қолға алсақ, бұл мәселе шешілмейтін жұмбақ емес», – деп атап өтті. Әкімнің бұл ұсынысына қарсы шыққан тұрғындар бұл істі мемлекеттің заңына сүйеніп атқармаса ешкім ауласын қаздырмайды деп ашып айтты.
Тұздыбастаулықтарды толғандырған тағы бір мәселе – электр жарығының жетіспеуі. Арыз-арманын арқалап, талай есікті тоздырған олар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарының сылбыр жұмысын сынға алды. «Өткен жылы облыс әкімінің қабылдауында менің көзімше Талғар ауданындағы жауапты азаматтарға Тұздыбастау ауылына үш трансформатор бөлінсін деп тапсырма берілген болатын, бірақ әлі электр жарығының мәселесі шешілмеді» деген ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасына жауап берген тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов: «Бұл тапсырманы бізге жүктеген болатын. Ауылда тек үш трансформатор ғана біздің мекемеге тиесілі. Қалғаны жекеменшік. Ауылдық әкімшілік тарапынан он бес трансформаторға өтініш түскен. Мұндағы мәселе тек трансформаторды ауыстырумен ғана шешілмейді, оның линиясын да ауыстыру керек. Бағаналардың жайы да мәз емес. Қай аумақ жекеменшік екенін, қай аумақ мемлекетке тиесілі екенін ажырату қиын. Бұл мәселені бастан аяқ жүйелі реттеу керек », – деп жауап берді. Ескірген электр бағаналарын ауыстырып, жоғары кернеулі электр қуатына қол жеткізу үшін әлі күту керек екенін естіген тұрғындар облыс әкіміне шағымдануға дайын екендерін жеткізді. Бұл жағдай тек Тұздыбастау ауылында ғана емес, ауданымыз, тіпті облыстағы ауылдық округтердің басты мәселелерінің бірі екені сөз болды.


Айтылған пікірдің аса орынды екенін айтқан аудан әкімі Таңат Айдарбеков: «Өткен жылы Тұздыбастау ауылына жоспардан артық қаржы бөлген болатынбыз. Талғар ауданында 48 елдімекен бар. Одан бөлек саяжайлар да елдімекен қатарына кіріп жатыр. Әр округке бөлінетін аз ақшаны тиісті жеріне жұмсауға тырысамыз», – деп ашып айтты. Сонымен қатар жауапты тұлғалар мен құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктеп, көпке созылған шаруаны жуық арада шешуді тапсырды.
Басқосуда өткен ғасырдың ортасында бой көтерген ауылдык аурухана күннен күнге кеңейіп келе жатқан ауыл халқы үшін тым тар екені де сөз болды. Алматыдай алып мегаполистың іргесіндегі ауылға мектеп жетіспейтін де көпке аян. Ауылдағы №13 мектептің алдындағы Қазыбек би көшесінде үнемі кептеліс болып жататыны бұған дейін де сан мәрте айтылған. Бұл жағдай балалар үшін аса қауіпті деген ата-аналардың жанайқайын талай рет естігенбіз. Жаяу жүргіншілерге арналған жолы жоқ көшелердің де саны аз емес көрінеді.
Кездесу соңында өңір басшысы Т. Айдарбеков кез келген мәселенің түйіні қомақты қаржыға келіп тірелетінін айтты. Ол үшін тұрғындар мен ауыл әкімі өзара түсінісіп жұмыс істеуі
маңызды. Мемлекет өз міндеттемелерін орындайды. Дегенмен бұл тұрғыда тұрғындардың да ортақ жауапкершілікті сезінуі және жергілікті билікке деген сенімі аса маңызды. Ауылдың көркеюіне осы аймақта өмір сүріп жатқан әрбір азамат атсалысуы қажет. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, алынбайтын асу жоқ.

Зорагүл Әбдіқадір