Талғар аудандық мәдениет үйінің әншісі Камила Рахымберген аудандық мәдениет үйінен Ұлттық құндылықтар үйірмесін ашып шәкірттеріне қисса, дастандар жаттатып, ұлттық ойындарды ойнатып, қолөнер бұйымдарын жасауды үйрету арқылы 6-12 жас аралығындағы балалардың бойына ұлттық құндылығымызды сіңіріп, ұлт жанды етіп тәрбиелеу жолында еңбек етуде. Ұлттың ертеңі болар ұрпақ санасына ұлттық құндылықты сіңіру маңызын, игі бастаманың мән-жайын білу үшін Камиланың өзімен сұқбаттасып қайттық.
–Бүгінгі таңда түрлі үйірмелер көп. Алайда ұлттық құндылықтар үйірмесі дегенді енді ғана біліп жатырмыз. Жалпы бұл үйірмені ашуға не түрткі болды, шәкіртіңіз көп пе?
– Негізі бұрыннан көркем шығармалар оқуды ұнататынмын. Сол кітап құмарлығымның арқасында екі жыл бұрын керемет рухани ортаны кездестірдім. «Отбасы хрестоматиясы» баспаүйіне барғанымда ондағы мамандар «Қисса-сүл-әнбия», «Логотерапия» сынды кітаптарды ұсынды. Санжар Керімбай бастаған, Айбек Нәби, «Балалықтан даналыққа» деген кітапты жазған Сейілбек Мырзабай сынды жазушы, ғалымдардың кітаптарын оқып, үнемі пікір алмасып отырдым. Бұл рухани орта ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді сіңіру, баяғы ата мен әженің мектебін қайта алып келуді насихаттайды. Сол азаматтардың елдің ертеңі жолында істеп жатқан жұмыстарына қарап отырып елім үшін мен не бере аламын деген ойға келдім. Сейілбек Мырзабай ағамыздың ұлттық құндылыққа балаларды баулитын лагері бар. Мен де ұлттық құндылықты дәріптейтін үйірме ашуды жөн көрдім. Шәкіртім көп емес. Біртіпдеп қатарымыз молайып жатыр.
– Үйірмеде қандай сабақтар өткізесіздер? Балаларды қызықтыру үшін қандай методика қолданасыз?
– Мұндай үйірме ашқандар көп болмаса да бұл бағытта жұмыс істеп жүргендер бар. Олар «Қисса» үйірмесі деп атады. Қисса сөзінің мәнін көп адам түсінбей жатады. Ал мен «Ұлттық құндылықтар» үйірмесі деп атадым. Онда бата, қисса, шешендік сөз жаттап, қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеміз. Арнайы қолөнер шеберлерін шақырып, төрт түліктің пішінін жасауды үйрендік. Балалар қиял-ғажайыпқа сенеді. Ал қисса ертегіге, аңызға жақын. Белгілі бір тарихи фактіге, дінге құрылмайды. Ондағы айтылған оқиғалар арқылы балаға обал-сауап, кешірім, тәубе, әдеп-ғұрыпты үйретіп, ырым-тыйымдарымыздың шығу тарихымен таныстырамыз. Бала ойынмен өседі. Оларды қызықтыру үшін ұлттық ойындарды жиі ойнатамын. Асық ату, ләңгі тебу, тақия тастамақ, хан талапай сынды ойындар жеткіншектердің алғыр да зерек, ақылды да тапқыр болуына ықпал етеді. Бабаларының
батырлығын естіп өскен бала сол тұлғаларға еліктеп өмірінің мәнін табады. Ата-аналар мен ұстаздар бүгінгі балаларды ештеңемен қызықтыра алмаймыз деп жатады. Бұл өмірінің мәнін таба алмағандықтың кесірі. Бір айтарым, ұлттық құндылықпен сусындаған бала ұлты үшін қызмет етпей қоймайды.
– Өмірдің мәні деп айтып қалдыңыз, жалпы адам баласының өмірінің мәні неде?
– Абай атамыз «Өзі үшін күн кешкен адам өзі үшін оттаған хайуанмен бірдей» деп айтып кеткен. Балаларға білім береміз. Математика, физика, химияны үйретеміз. Жақсы оқы дейміз. Егер жақсы оқысаң, зәулім үйің, керемет машинаң, көп ақшаң болады деп тәрбиелейміз. Міне, біз осы тұста жаңыламыз. Біз баланың алдына «боқ» дүниені мақсат етіп бермеуіміз керек. Оларға ұлтқа қызмет ету үшін өнер үйренуді құлағына құюымыз керек. Ұлт мүддесі жеке бастың мүддесінен жоғары екенін бала жастайынан білген жөн. Ұл балалар батырлар жырын жаттау арқылы оның сом тұлғасын, елі үшін еткен ерлігін жырлай жүріп оған еліктейді, ұқсағысы келеді. Біртіндеп өмірінің мәнін тауып, арман-мақсаты оянады. Өмірдің мәні осында.
– Балалар сабақ алатын орынды халқымыздың киіз үйіне сай жабдықтапсыз, нені көздедіңіз?
– Талғар аудандық мәдениет үйінде өз кабинетімді кәдімгі қазақ киіз үйінің формасына келтіріп жабдықтап алдым. Онда Қамшы түлкі тұмақ, кимешек сынды ұлттық бұйымдар қойылған. Балаларға қамшының ер азаматтар үшін қаншалықты қасиетті екенін, сол қамшысына қарап келген адамның жалшы ма, малшы ма, хан ба кім екенін ажырататыны туралы айтып отырамын. Кимешегіне қарап та қонақтың қай ру, қанша баласы бар екенін аңғарамыз. Бұл дүниелер балалардың көз алдында тұрса ертең жатсынбасы анық. Барлық сабақ осында өтеді. Әр затты олар ұстап көріп, қызықтайды. Бұл не деп сұрап жатады. Болашақта кеңсемді ұлттық құндылыққа толы мұражайға айналдырсам деген ниетім бар.
– Өзіңіз бойыңыздағы ұлттық құндылықты қайдан алдыңыз?
Мен – ұлттық құндылықпен барынша сусындап өскен қызбын. ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысы қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл еді. Мен осы өлкеде туып өстім. Күнделікті тұрмысымыз, той-томалағымыз бәрі де салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызбен, ырым-тыйымдарымызбен астасып жататын. Анам – ауыл өнерпазы. Сыңсытып салған әні, бесік жыры құлағымда тұрады. Өз балаларыма да сол әдемі әуенді айтудан жалықпаймын. Анам ауыл тойының ақындар айтысында тапқырлығы мен суырып салма ақындығымен танымал болған. Есі кеткендер етегін ашып билейтін бүгінгі тоймен
салыстырғанда сол замандағы тойлар тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы екен деп ойлаймын. Ал қазір қай елде өмір сүріп жатқан қазақ жастарына қарасақ та сол өзегінен ажырап, Еуропаға еліктеп, жаһанданудың құрсауында қалып барады. Қаншама ұлт, қаншама тіл жойылып кетті?! Бұл үлкен қауіп бізді айналып өтпесі анық. Ал рухы бекем, салт-дәстүрі мен өзіне тән дара болмысын сақтаған ұлт қана қандай дауыл болса да қасқайып қарсы тұра алары шындық.
– Халқымыз қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Үйірмеңізде қыз тәрбиесі туралы сабақ өтікізесіз бе?
– Халқымыз қызға қырық үйден тыйым дей отырып, қыз баланың әдепті сөйлеуі, жүріс-тұрысы, әдемі отыруына дейін көңіл бөлген. Сондықтан сабақ алып жатқан әр қыздың ұят пен
намысты ту еткен, біліммен қаруланған заман талабына сай азамат болуын айтып отырамын. Өткенде қара құрлықтан келген әншіге ішкиімдерін лақтырған қыздарды көргенде қазақ елі бетімен жер басты. Қыз тәрбиелеп отырған әр ата-
ана ойлануы тиіс. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» дегенді ту еткен қазақ қыздары неге мұндайға барды. Тек қыз баланың ғана емес ұлдардың да иманды, ибалы болуына әсер ететін ырым-тыйымдар мен наным-сенімдеріміз ұмтылмаса екен деймін. Өз балаларыма да шәкірттеріме да ұлтыңа, Отаныңа не бере аласың деген сұрақты қойып, ой тастап отырамын. Ұлтын сүйетін әр ұрпақтың санасында дәл осы сұрақ тұруы тиіс. Сонда еліміз көркейіп, гүлденері анық!
– Шәкірттеріңізге қандай кітап оқуға кеңес беріп жүрсіз?
– Түрлі баспалардан шыққан қызықты, тәрбиелік мәні зор кітаптар бар. Мысалы, біз біле бермейтін Алаш
арыстарының латын әрпімен қазақшаланған 30-ға жуық кітабы кириллицаға аударылып, кішкентай оқырмандарына жол тартты. Алаш арыстарының аманаты бүгінгі ұрпағына жетіп жатқаны көңіл қуантады. Ұлты үшін жанын пида еткен батырлардың есімін жас буын жаттап өскені абзал. Сонымен қатар «Әділ патша», «Экософия», «Сандыбаттың сапары» сынды кітаптар оқытамын. Шешендік сөздер, мақал-мәтелдер жаттаған баланың сөздік қоры молайып, ой өрісі кеңейеді.
– Қолға алып жатқан бастамаңыз бүгінгі қоғамға аса керекті әрі маңызды іс. Шәкірттеріңіздің арасынан ұлтын сүйер ұл-қыздар көптеп шығады деген үміттеміз. Сұқбатыңызға рақмет!
Зорагүл Әбдіқадір