Елімізде цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні 10 қарашада аталып өтіледі. Бұл сиқырлы да сан қырлы мерейлі датаны бірі білсе, бірі білмейді. Жалпы цифрлық трансформация – қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігін өсуін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Бұл саланың мамандары еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие деуге болады. Осыны қолға алу мақсатында жастар арасында ауқымды конференциялар мен байқаулар жиі өтіп тұрады.
IT-жобаларының байқаулары орта мектептерде жиі болған сайын, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен ақпараттық технологияларға деген қызығушылықтары артып келеді. Оны байқау қиындыққа соқпайды.
Айтулы күнге орай, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектебінде «8-10» сынып оқушылары арасында IT-жобалар сайысының финалдық кезеңі өтті. Сайысқа арнайы қонақ болып келген Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Сәбит атап өткендей, мұндай жарыстар республиканың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру, сондай-ақ оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттырады.
— Алматы облысының аумағында конкурс алғаш рет өткізіліп отыр. Бірінші кезеңде 32 жұмыс келіп түсті, осы қатысушылардың арасынан сараптамалық комиссия келесі кезеңге жоғары балл жинаған ең жақсы 10 жобаны таңдады. Оқушылар Смарт және ақылды мектептер, күнделік бойынша жобаларды таныстырды, яғни олар күнделікті байланыста болатын тақырыптарды ұсынды. Қазақстан, Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында атап өткендей, біз IT-елге айналуымыз керек және балаларды – елдің болашағын бірінші орынға қоямыз. Зияткерлік жарыста біз цифрландыру саласында оқушылар арасында белгілі бір білім бөлімін жасадық, олардың дайындық деңгейін анықтадық. Сондықтан бірінші байқаудың тақырыбы еркін болды – «8-10» сынып оқушыларына арналған IT саласындағы жобалар», — деді Жандос Сәбит.
Финалистерге өз жұмыстарын қорғауға 3-5 минут бөлінген. Облыстың түкпір-түкпірінен келген өнертапқыш «айтишник» оқушылар ең озық жобаларын ұсынды. Іс-шараның презентациялық бөлімінен кейін қазылар алқасының мүшелері мен көрермендер қатысушылардың жұмыстарын егжей-тегжейлі қарап, авторлардың пікірін біліп, көптеген сұрақтар қойылды. Құрамына «SERGEK Group» компаниясының бас инженері Кеңесхан Мерекенов, «KazAeroSpace» компаниясының ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Әйгерім Әлмұрзаева, «Freedom Telecom» компаниясының Қонаев қаласындағы филиалының техникалық директоры Талғат Жақыбаев, Алматы облыстық білім беру саласындағы ғылыми-практикалық Ақпараттық технологиялар орталығының директоры Думан Айтбаевтар сынды әділқазылар алқасына лайықты жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты.
Ұзақ талқылаудан кейін жүлделі орындар белгілі болды.
Байқаудың бас жүлдесі мен бірінші орынды Қарасай ауданы Жұбаныш Барибаев атындағы мектептің «9» сынып оқушылары Алижан Асан мен Құралай Орынбаева жеңіп алды. Олардың «Инклюзивті білім беру жағдайында, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда қолданылатын мобильді қосымшаны әзірлеу» атты жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Балаларға ноутбуктер мен грамоталар табыс етілді.
— Жоба «Android Studio»-да әзірленген «Қолданба»таңбалары тек Android құрылғысында іске қосылады. Осы қосымшаның арқасында естімейтін оқушы информатика сабағында бейне арқылы білім алады және мұғалімнің қатысуынсыз онлайн режимінде оқи алады, – дейді жеңімпаз жетекшісі, информатика мұғалімі Жаннұр Жұмабекова.
Екінші орынға «SMART SCHOOL — Ақылды мектеп» жұмысы бойынша Талғар ауданы Ілияс Жансүгіров атындағы №37 орта мектептің 8 сынып оқушылары Балжан Қапаева және Амина Урусбек ие болды. Үшінші орынды «Blender 3D технологиясы — Қазақстанның өткені мен болашағы» жобасы бойынша Талғар ауданы Ілияс Жансүгіров атындағы №37 орта мектеп 8 сынып оқушылары Айдын Оспанғали және Айша Теміржан иеленді.
– Балалар бәрі талантты, барлығы бірінші орынға лайық, бірақ бұл байқауда мықтылар жеңеді! Балалар IT-саланы қалдырмайды және өз жобаларын одан әрі дамытады деп сенемін. Маған Ернұр Тұрғанбайдың жұмысы – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көзілдірік пен аяқ киім ұнады, – деп бөлісті өз әсерімен «KazAeroSpace» компаниясының ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Әйгерім Әлмұрзаева.
Айтпақшы, Жамбыл ауданы Әсет Бейсеуов атындағы «10» сынып оқушысы Ернұр Тұрғанбайдың «ARE көзілдірік» жобасы «Көрермендер көзайымы» марапатына ие болды. Қалған қатысушылар бағалай сыйлықтар мен мақтау қағаздарын алды. Олардың қатарында «Болашақ кафесі» жобасын ұсынған Іле ауданының №26 орта мектебінің 9 сынып оқушылары Вадим Травин мен Кирилл Падерин бар. Олардың идеясына сәйкес, робот-даяшы қосымша арқылы тапсырыс берілген тағамдарды кафеге келушілерге жеткізеді. Іле ауданы Мұқағали Мақатаев атындағы №13 орта мектептің «10» сынып оқушылары Данияр Серік пен Абдурахман Нигиметовтың «Автоматтандырылған ақылды көлік» атты жобалары, басқа да қатысушылардың жұмыстары ерекше қызығушылықтарын тудырды.
Қонаев қаласының №5 Ахмет Жұбанов атындағы орта мектебінің оқушылары Никита мен Екатерина Воропай «Көлік пациенттері үшін медициналық санитария роботының прототипін жасау», Кеген ауданы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының «9» сынып оқушысы Бірлік Ерғалтұлының «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдаршам», Жамбыл ауданы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің оқушылары Еркін және Мейірғали Байрамғалиұлдарының «Ұшатын көлік макеті», Жамбыл ауданы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары Ернұр Тұрғанбай және Әлихан Ұзақбайдың «Робо күнбағыс» жобалары мараппаталды.
Барлық жүлделерді демеушілер – «SERGEK Group», «KazAeroSpace» компаниялары ұсынды. — Келесі жылы Байқау қайтадан өткізілетін болады. Білім министрлігі бізді қолдаса, ауқымды деңгейде болады, – деп қорытындылады Жандос Сәбит, балалар мен олардың тәлімгерлеріне жаңа табыстар тілеп, қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмауға кеңесін айтты. IT-жобалар байқауының ұйымдастырушылары цифрлық технологиялар басқармасы, Алматы облысының білім басқармасы және Іле ауданының әкімдігі екенін айта кету керек.
Бағдат ШОЙБАС