Адам баласы өз ғұмырында оқу бітіріп, диплом алу, қызметке орналасу сияқты сатылардан өтеді. Өмірдің басқа да белестерінде тіршілік қамымен ойға, қырға шапқылау. Соның біразы ұмытылып, ой-санаңнан өшіп қалғанын да байқамайсың. Ұмытылмайтыны – тек балғын балалық шақ. Міне, бүгін де сол қызық пен шаттыққа толы, алаңсыз кездеріміз сағым жылдардың аржағынан қол бұлғайтын секілді. Іле ауданы, Жаңадәуір ауылында ең алғаш 10 жылдық мектеп ашылып, алғашқы түлектеріне міне жарты ғасыр өтіпті. «Елу жылда ел жаңа» дейтін дана халқымыз жаңару мен жаңғырудың табиғи қалыпты дүние екенін қалтқысыз таныған ғой.
8 қараша күні Жаңадәуірдегі №5 орта мектепке 50 жыл толды. Мектептің ең алғашқы түлектері Нурабаева Күләш Қанатханқызы,Махарадзе Назико Алиевна,Исабекова Мамыр Назарбекқызы,Ғазизов Равиль Рамазанұлы,Носков Виктор Николаевич,Габрильян Анатолий Развикович ұшқан ұяларына келіп жетті.Олар жауып тұрған жауынның астында мектепке ала келген сыйлықтары үш тал шырша,он тал алма ағашы,екі аққайыңдарын отырғызып,гүлдер екті.
Түлектер зейнеттегі ұстаздары Ұлтуған Сүймбайқызы,ӘбдібалаҚарқабатқызы,Гүлбаршы Молдабекқызы,Қуанышкүл Хамзақызы,Нұрбике Садырқызы, Келсінай Тоқбайқызы, Ақбала
Байқонысқызы,Тәтиягүл Баялқызы Сағын Иманбайұлын құшаққа толған гүлдерімен қарсы алды. Жиында ардагер ұстаз Әбдібала Қарқабатқызы дүниеден өтіп кеткен директор,ұстаз,оқушыларды атап өтіп,еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.
Тәрбие ісі орынбасарлары С.Қалдыбаева,Т.Лиханның ұйымдастыруымен мектеп өнерпаздарының өнерін тамашалаған қонақтар,мектептің тарихи-өлкетану мұражайында болды.Мерекелік кең дастархан басында ата- баба жолымен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ақшораев Ленат Жантобайұлы бата беріп,ауыл имамы Машрап Әбілдаұлы марқұмдарға құран бағыштады. Осы жиынға себеп болған мектеп тарихы, жетістіктеріне көз жіберсек. Ауылымыз Бестерек атанып тұрған кезде 1924 жылы сауат ашу курсы жұмыс істеген. Жаңадәуір деп ауылдың аты 1929 жылы өзгертілген. Жаңадәуірде үш мектеп , екі интернат болған.Ең алғашқы мектеп 1937 жылы ашылды.Екінші мектепті 1946 жылы салынды,оны салған құрылыс бригадасының бастығы соғыс ардагері Байқоныс Күреңкеев болды.Ал бүгінгі мерейтойы тойланып жатқан №5 орта мектеп 1973 жылы,осыдан елу жыл бұрын салынған.
1945 жылы Жаңадәуір ауылында 4 сыныптық бастауыш мектеп директоры Қабдыуали Салимбаев атты азамат болған. 1950-1952 жылдары Қойгелдиев Молдахан Қойгелдіұлы директор болды. 1953-1955 жылдары бастауыш мектеп директоры Бетебаев Бекежан Келгенбайұлы, оқу ісінің меңгерушісі – Имажанова Зейнеп болды.
1959-1963 жылдары мектепті осы ауыл тұрғыны Нусупбаев Дауылбай Нүсіпбайұлы басқарды. 1963 жылы отбасы жағдайымен Жаңаталап ауылына көшіп барып, жетіжылдық мектепке директор болды. 1963-1968 жылдары мектеп директоры Даулетов Қойбағар Дәулетұлы болды.1963 жылы мектеп жанынан интернат ашылып, шабандар отбасынан 50 бала қабылданды. Мектеп директоры болып Даулетов Қойбағар Дәулетұлы тағайындалып, 1968 жылы Нұрмұханова Анаркүл завуч болды.
Осы жылы Даулетов Қойбағар дүние салды. 1969-1973 жылдары мектеп директоры Амандыков Құстүтін болды. 1945-1972 жылдары мектеп ескі балабақша, колхоз кезіндегі пошта,контора болған ғимараттарда болды.1973-1975жылдары Қаспақбаев Әбіл Әкімжанұлы директор болды.
1973 жылы мектеп жаңа (осы) ғимаратқа көшті. Мектеп директоры болып Қаспақбаев Әбіл Әкімжанұлы сайланды, онжылдық мектеп болды, мектеп жанындағы интернатқа 120 бала қосылды. Байсерке аймағындағы 6 ауылдың балалары 8 сыныптан кейін осы мектептен 10 жылдықты бітіріп кетті. Мектеп завучы Бахтина Людмила Кузьминична болды 1975 жылға дейін.
1975 жылы Қаспақбаев кешкі мектепке директор болып ауысты. 1975-1978 жылдары мектеп директоры Исахметов Нүсіпбек Исахметұлы болды, оқу ісінің меңгерушісі Дунгенова Қази Дунгенқызы тағайындалды. 1978 жылы Исахметов Н.И. аудан орталығына ауысып кетті. 1979-1983 жылдары Талғар қаласынан келген Құрманғожаев Болатжан директорлыққа тағайындалды. Завинтернат болып Қозыбаева Келсінай Тоқпайқызы бекітілді.Интернатта завхоз Чичизаева Зиптай болды.1983 жылы Құрманғожаев Болатжан Құрманқожаұлы дүние салды.
1983-2000 жылдары Нұрмұханова Анаркүл Нұрмұханқызы директор болды.Ұстаздарға тоқталсақ талай чемпиондарды тәрбиелеген Құлымбаев Айманқұл,тәжірибелі жер телімінде бау бақша өсіріп,республикаға атағы шыққан биология мұғалімі Ұлтуған Сүймбаева ,тірі энциклопедия атанған қазақ тілі мұғалімдері Мұратбекова Ұлбике,Молдабекова Гүлбаршын,
Мусаева Үміткүл,Тәуірбекова Гүлмария,химия мұғалімі Қойкина Рәукен,Бозжігітова Гүлсара,еңбек мұғалімі Габрильян Размик Завенович,орыс тілі мұғалімі Гүлсара Садыққызы,тарихшы Тынбаева Сара Сайыпқыранқызы,география мұғалімі Карибаева Күләш Нүсіпжанқызы т.б.мектебімізді алға сүйреді.Осы жылы екінші завуч болып Түстүкбаева Әбдібала Қарқабатқызы бекітілді. 1990 жылы завуч Жұмадилова Хадиша Асқарқызы зейнеткерлікке кеткен Қази Дүнгенованың орнына завуч болып келді. 1996 жылы мектеп жанындағы интернат жабылды, көрші ауылдың бәрінде 10 жылдық мектептер ашылды. 1995 жылдан бері аудан бойынша мектебіміз сенім мектебіне енді. Алғашқы медалистерді мақтан етеміз: Ортлиб Ольга, Абилов Нұрлан, Сайлаубай Зауре, Балбазарова Жанар т.б. 2000-2010 жылдары Түстүкбаева Әбдібала Қарқабатқызы директор болды. 2000 жылы Нұрмұханова А.Н. зейнеткерлікке кетіп, орнына Түстікбаева Ә.Қ. директор болып тағайындалды.
2005 жылы Айтжанова Бақыт деген оқушымыз «Алтын белгі» медальмен бітірді.Содан кейінгі жылдарда «Алтын белгі» медалімен мектебімізді бітіргендер:Абдигалиева Айгерим,Меңдіқұл Сауле,Құттықбай Олжас,Орынбаев Бақтияр,Асқар Әйкерім,Ержанқызы Аружан т.б. болды.
Қалиева Меруерт және Болатова Еңлік т.б. қызыл аттестатпен бітірді. 2001 жылы Шариф-Оглы Х.Д. оқу ісінің меңгерушісі болып, Құсайынова Ғайша Зайырқызы тәрбие ісінің меңгерушісі болды,бүгіндері зейнетке шықты.
2002 жылы мектепте ауыл тарихы жайлы мұражай ашылған. Оны тарих мұғалімі Күреңкеева Ақан Байқонысқызы ашқан. 2008 — жылы мектеп жанынан 50 балаға шағын балабақша орталығы ашылып,мұражай бөлмесін балабақшаға беріп,мұражай жабылып қалған.2010 жылы қазан айында Түстүкбаева Ә.Қ. зейнеткерлікке кетті.Одан кейінгі әр жылдарда
НаурызбаевАманжол,СатиеваГүлдана,Байтымбетова Шолпан,Маматова Анар мектеп директорлары болып,абыройлы еңбек етті. 2015 жылы Ұлы Отан соғысының жеңісінің 70 жылдығында мектеп ауласында ардагерлер ескерткіші ашылды,2019 жылы ауған соғысының интернационалист жауынгерлеріне ескерткіш бой көтерді. 2019 жылы мектебімізде тарихи-өлкетану мұражайы ашылып,оған үлес қосқан Токсеитова Бәйгібала Әскенқызы «Құрмет» орденімен,Бекмұратов Асылхан Төлегенұлы,Күреңкеева Ақбала Байқонысқызы,Раймбекова Шолпан Жанахметқызы «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталды. Бүгіндері мектебіміз директор Төрегелдиев Мақсатжан Талғатбекұлы,оқу ісінің меңгерушілері Смайылова Жанат Тұрсынқожақызы, Сариева Ғалия Керімбайқызы, Канапьянова Самал Тілеуғазықызы басшылығымен аудандағы білім сапасы,спорт,өнер,олимпиада,ғылыми сайыстар,ҰБТ жетістігі жөнінен алдыңғы қатарда келе жатыр.
Бағдат ШОЙБАС