Маңдайына сынықшы болуды жазғанын бойжеткен қыз қайдан білсін? Қызылшарық ауылындағы ауылдық ауруханада акушер болып істеп жүрген кезінде, абайсызда құлап қолын сындырып алып, көрші Малыбай ауылындағы сынықшы қарияға барады. «Ә, кел, кел қызым! Түсімде бір ақсақал мен анаң ба, білмедім, бір кісілер аян беріп, бүгін мені жөнді ұйықтатпады. Сенің бойыңда қанмен келген қасиет бар, әлі-ақ қиналған адамдарға көмектесетін сынықшы боласың!» – деп қолын салып береді. Мұндай қасиет бойында барына онша мән бермеген еді. Ойланып қараса, анасы Назымның сынықшылық қасиеті бар-тын. Ол кісі ақ көңіл, қайырымды, жылы шырайлы адам болатын. Көзінің өткірлігі де бар еді. Сол себепті, жас балаларға тесіліп қарамайтын, көз тимесін деп. Сынықшылық анасына атасы Асубектен дарыған көрінеді. Бәлкім, сынықшылық қасиет нағашы атасы мен анасынан дарыған шығар.
Ойында ештеңе жоқ: «Сынықшы Ұлтуған деген кісі сіз боларсыз?» – деп бір жігіт келді. Ол жігіт жазатайым аяғын сындырып, Малыбайдағы сынықшы қарияға барса, «Мен қартайдым. Сен Қызылшарықта Ұлтуған деген бойжеткен тұрады, соған бар», – деп өзіне жіберіпті. Әлгі кісінің аяғы шорт сынған екен. Қатты қысылса да, сыр бермей, бармағымен сипалап, сынған сүйектерін жинап, орнына салып, жақсылап таңып береді. Сөйтіп, алғаш сынықшылық сынақтан осылай өткенін есіне түсірді. Одан бері де жетпіс жылдың жүзі болыпты. Зымырап өтіп жатқан өмір. Осы жылдар ішінде қаншама қиналып алдына келген адамдарға қолғабыс тигізіп, алғыс арқалағаны нақты есінде жоқ. Емшілер сияқты алдына келіп, жарақатынан құлан таза жазылып кеткендердің тізімін алып, тілектерін жаздыртып қоюға құлқы да болмапты. Осындай емшілік қасиетінен нәпақасын табуды да ойламаған. Қайта ауруға шипасы тисе, алғысын айтып, батасын берсе, соны да қанағат тұтқан.
Осы күнге дейін өз ісін арнайы білім алып, оқымай-ақ дәлелдеп, сүйегі сынған адамдарды емдеудің ғажап өнері мен құпиясын толық меңгергеніне өзі таңданып, Жаратылыстың құдіреті шығар деп ой түйді. Бармағымен сынған не орнынан тайып шыққан сүйекті, қисайған омыртқаны ептілікпен жинап, орын-орнына қойып, бітіп кеткенше қозғалтпастай жақсылап таңып береді. Ақыл-кеңесін айтады. Дәрігерлер шамасы келмеген, не қисық салып берген талай адамдар да алдынан өтіпті. Бір жігітті абайсызда автокөлік қағып кетіп, жамбас сүйегін сындырып алыпты. Ауруханаға жедел жеткізілген әлгі жігіттің жамбасын дәрігер қатты байлап беріпті. Ауруы жанына батқан соң, оны Ұлтуған апаға қаратуға алып келген. Жамбас сүйегінің сынығын орнына салып беріп, ауруханаға қайтарып жібереді. Риза болған дәрігер ауруханадан кабинет беріп, бірге қызмет атқаруды ұсынғанда, ол ұсыныстан бас тартыпты.
Биыл 90 жасқа толған Ұлтуған Досбергенқызы Шелек өңіріндегі Қаражота ауылында тұрып жатқанына 70 жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдарда қаншама жанына шипа іздеп, алдына келген адамға қолұшын берді десеңізші! Бірде үш жыл бойы омыртқасы қисайып, жүре алмай қиналып жүрген жігітті алып келіпті. Омыртқаны өмірі салып көрмеген сынықшы, нар тәуекел деп, жас мал өкпесін ыстық суға салып, таңып беріп, төрт күннен кейін келуін айтады. Содан қатып қалған омыртқаны жібітіп, үш омыртқасын түзетіп, жұмыртқа жағып, таңып береді. Содан бері қанша жыл өткені белгісіз, бірде Орал қаласына құдалыққа баруға ұшаққа отырғалы тұрғанда, бір жігіт келіп құшақтап, бетінен сүйіп, алғысын жаудырып жатыр. Танымаған. Сөйтсе, бел омыртқасын түзетіп берген жігіт екен. Құлан таза жазылып кетіпті.
Тағы бірде 15 жас шамасындағы қыз үй әктеп жүріп, абайсызда құлап, құймышағының сүйегін сындырып алып, ауруханаға барса, ауырсынуын басатын ем егіп, дәрігер сынықшыға жіберіпті. Ұлтуған апа Талдықорған жаққа сапарлап бара жатқанда, алдарынан шығып, жағдайларын айтқан. Алыс жолға шыққандықтан үйге қайтып баруды дұрыс санамай, дереу көліктің ішінен бір көрпешені жол жиегіндегі көгалға жайып жіберіп, қызды етбетінен еңкейтіп, тік ішекке саусағын салып, құйымшақтың сынған сүйегін көтеріп, орынына салып береді. Бірер күн тамақ ішпей, тұра тұруын айтып қайтарады.
Ұлтуған апа бір жылдары Сарыағашқа демалуға барады. Сол жерде демалушылардың біреуі ыңғайсыз құлап, аяғын сындарып алған екен. Оның жағдайын көріп, сынықшы бей-жай қала алмаған. Дереу аяғын сипап көріп, сынған сүйегін өз орнына қиыстырып салып береді. Бұл оқиғаны біреуден біреу естіп, жергілікті жердің қаншама адамы келіп, сынықшының қызметіне жүгінген көрінеді. Солардың ішінде біреуінің сынған сүйегі қисық бітіп, қолы жөнді икемге келмей қалған екен. Оның сол сынған сүйегіне бір жетідей жылқының майын жаққызып, сүйек босаған соң, қайтадан орнына салып берген. Бұрын да жіліншігі сынып, шорт болып біткеніне алты жыл болған азаматтың сол кемістігін түзеп, жылқы майын жағып, босатып, қайта салып бергенді. Ай бойы сол аяғына салмақ түсірмей, күтініп жүруге кеңес берген. Кейін сол адам, аяғын тік басып келіп, Ұлтуған апаға алғысын жаудырып кетеді. Қасиетті қарт жайлы сұрасаң, бұл өңірдің адамдары бірден таниды. «Ұлтуған апа ма? Ой, ол кісіні елдің бәрі таниды!» – деп жасаған қайырымдылығы мен кісілігін бірінші ауызға алады. Бұл өңірде бір жері сынған, мертіккен адамдар бірден «Ұлтуған апаға қарату керек» деген сөз қалыптасқан дағдыға айналған. Ол кісі жарты ғасырдан аса алдына қиналып, иық ұршығы, саусақтары орынынан тайып кеткен, аяқ саусақтарының шығып кеткен, тобық тайып, аяқ-қол жіліктері шорт сынған, омыртқалары қисайған адамдарға көмегін аямай, жазылып кетуге септігін тигізіп жүрген абзал жан. Бар ғұмырын саламатты өмір салтын уағыздап жүрген ғазиз ана. Өңірде осы бір жаны таза апаның сынықшылық қасиетін аңыз етіп айтады.
Қазіргі дәстүрлі медицина қалыптасып, бұл күндері үлкен жетістіктерге жетті. Әрбір ғылыми жетістік тәжірибеден бастау алатыны белгілі. Ал оның негізі халықтық медицинада жатқаны белгілі. Сол халықтық медицинаның қолданыстан қалмай келе жатқан бір түрі – сынықшылық. Қазіргі дәрігер мамандар сынған жерді ота жасау арқылы сүйекті орнына салып, гипстеп береді. Немесе сынықшыға жібереді. Сынықшылықты қазақ халқы әркімнің бойынан табыла бермейтін, сирек кездесетін Құдай берген қасиет деп есептейді. Сондықтан да сынықшылықты бақсы-балгерлікпен немесе тәуіпшілдікпен шатастырмау керек. Өйткені, сынықшылық қолдың ептілігі мен сынықшы адамның сезгіштігіне және тәжірибеге сүйенеді. Әрі сынықшылық қанмен келетін қасиет. Ұлтуған апаның бір ұлы Талғат Сатыбалдыұлы осындай қасиетке ие. Анасы қартайғанда, оның ісін осы баласы жалғастырып жүр. Біз сынықшы апаймен кездесіп, сұхбаттасып, қайтып келе жатқанда, Талғатқа телефонмен хабарласқан адамдар қарсы алды. Бойжеткен қыз бас бармағын шығарып алыпты. Талғат лезде тайған бармақты орнына салып берді. Көп сөйлемейтін, қарапайым жігіт ауыл шаруашылығының білгір маманы. Аналары сәуір айының 23-күні 90 жасқа толады екен, соған орай апайдың алты қыз, екі ұлы, жақындары болып, мерейтойын жасап бермекші көрінеді. Қуанышқа ортақтасып, біз де жақсы тілегімізді білдірдік.
Анарбек БЕРДІБАЕВ