Мүгедек жандар – қоғамның бір мүшесі. Олар еліміздің дамуы мен гүлденіп, көркеюіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан батыл жандар. Төрт мүшесі түгел адамдарға қарағанда олардың ерік-жігері мықты, қайсар келеді. Қай саланы қарасақ та олар салған із аз емес. мейлі спорт саласы болсын, мейлі кәсіпкерлік болсын табысқа жеткен жандарды кездестіру қиын емес.
Мүмкіндігі шектеулі болса да өр мінезді, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін аса табанды, замандас, құрдастарына үлгі бола алатын Қайназар ауылының тумасы Жұлдыз Қайнарова дәл осындай қайсар жан. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған Жұлдыз 1990 жылы өмір есігін ашқан. 1994 жылы қос жанары суалған ару бірінші топтағы мүгедек санатында. Содан бері ол дыбыстар әлемінде өмір сүріп келеді. Әр затты алақанымен сипап, жүрегімен сезінеді.
Қос жанарынан айырылған арудың арманы асқақ, мақсаты биік. Ол тіпті өзінің мүмкіндігі шектеулі екенін де ұмытып кететіндей. Тарпаң тағдырына ешқашан налыған емес, керісінше, жігері жанып, биіктен көрінуге тырысты. Тынымсыз ізденісінің арқасында мамандық иесі де атанды. Республикалық медицина колледжін қызыл дипломға тәмамдаған Жұлдыз Қазақ спорт және туризм Академиясының да түлегі. 2013 жылдан бастап жеңіл атлетикамен ұзындыққа секіру, жүгіру түрлерімен айналыса бастаған. Тоғызқұмалақтан да бірталай жарыстарда жеңіске жеткен. 2021 жылдан бастап паравелоспорт түрімен айналысып келеді. 2023 жыл Жұлдыз үшін табысқа толы жыл болды. Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында топтық және бөлек жарыста бірінші орынды, Тайландта өткен Азия чемпионатының қола жүлдені, Қытайда өткен Азия Паралимпиадасында жүлделі 4-ші орынды иеленді. Бір-екі жылда мұндай нәтижеге жету – үлкен жетістік, оның артында қаншама тер, ерен еңбек, табандылық, спортқа деген үлкен сүйіспеншілік жатыр. Ұзақ жылдар бойы үздіксіз дайындықта болған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан спортшылардың біразы ғана аталған жетістіктерге жетеді.Соған қарағанда Жұлдыздың жетістіктері ерлікпен пара-пар деуге болады. Кейіпкеріміз спорт әлемінде еліміздің даңқын шығарумен қатар, Сезімді атты қызын тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, енді бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, әлемді де, отбасын да алақанда әлдилеген арудың ерік-жігеріне қайран қалмай тұра алмадық. Жан дүниесі жап-жарық, өңілі қардай тап-таза Жұлдызға алда алар шыңдарың биік, жұлдызың жарық болсын демекпіз.
Зорагүл Әбдіқадір