«Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия». Астана қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық интеллектуалды сайыстың басты тақырыбы осылай. Әр өңірден жиналған 200 ұстаздың 100-і қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болса, 100-і — математика пәні мұғалімі. балалардың оқу сауаттылығы тікелей білім сапасына әсер ететін дағды болғандықтан, Оқу-ағарту министрлігі оқу сауаттылығына ерекше мән беріп, алдымен педагогтерді шыңдап шығу қажеттігін ескергендіктен аталмыш байқауды өткізген. «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесе ұйымдастырған іс-шараға оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев, министрліктің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы Жұмашев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Алдымен, қатысушылар жұпқа бөлініп, 50 сұрақтан тұратын тестілеуден өтті. Екінші кезеңде қатысушылар топқа бөлініп, өзге өңірдің өкілдерімен логикалық және сыни бағыттағы 120 сұрақтың шешімін тапты. Сайыс түсініп оқу, логикалық ойлау, дәл есептеу бағыттары бойынша ұйымдастырылып, үміткер ұстаздар жан-жақтылықтарын байқатты.
Талғар ауданының Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін №16 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ербулатова Даря Ербулатқызы өзінің біліктілігін, кәсіби шеберлігін айқын көрсете білді. Ауданның ғана емес облыстың намысын қорғаған білікті ұстаз жұптық сайыста жүлделі 3-орынды иеленді. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетінін жақсы білетін Даря Ерболатқызы бұл жетістігімен өңіріміздің абыройын асқақтатып қана қоймай, білім беру саласындағы ең үздік нәтижелердің бірі екендігін айғақтап қайтты.