Алты алаштың басын қосқан аламанның жеңімпазы

Алты алаштың  басын қосқан аламанның жеңімпазы

Осы жылы 10 ақпанда Семей қаласында өткен қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында алтын алқа тағынған 16 жасар чемпион Жанатбек Ілиясов Алматы облысының абыройын аспандатып қайтты. Алты алаштың басын қосқан аламанда оза шапқан Еңбекшіқазақ ауданының тумасы 76 келі салмақта сынға түсті. Қарсыластарын шақ келтірмеген жас балуан Қарағанды, Түркістан, Абай, Атырау, Ұлытау облыстары және Семей қаласынан келген алты балуаннан басым түсіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Азия чемпионатында көкбайрағымызды көкке желбіретеді деп сенім артып отырған боз баланың дайындығы қалай, қандай жоспарлары бар? Бірге білейік, назар салыңыз!

Қасиетті рамазан айының нығметінен құр қалғысы келмеген Жанатбек ораза ұстап жүр. Алдағы дүбірлі додаға жанын салып дайындалып жатқан жігіттен: «Ораза ұстау жаттығу жасауыңа, жалпы алға қойған мақсаттарыңның орындалуына кедергі болмай ма?», – деп сұрадық. Кішкентай кезінен ораза-намазын қаза қылмайтынын айтқан ол кедергі тек адамның миында ғана болатынын жеткізді. Оның айтуынша, ниеттің дұрыстығы мен адал еңбек – адамды арманға жеткізетін қос қанат.
Таңғы сағат 05.30-да тұрып 2 шақырым жүгірген соң өз үйінің ауласында басталатын жаттығу кешкі сағат 4-7 аралығында арнайы спорт кешенінде жалғасын табады. Ал кешкі сағат 8.30-11.30 аралығындағы физикалық жаттығудан кейін межелі уақытта ұйықтау аса маңызды. Дұрыс демалыстың спортшылар үшін аса маңызды екенін айқан чемпионнан түні бойы әлем желіде отыратын жастар туралы көз қарасын сұрағанымда: «Мен де әлеуметтік желіде отырамын. Алайда уақытым өлшеулі. Алдына үлкен мақсат қойған адамдар уақыттың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Ешқашан түнімен телефонға телміріп отырмаймын. Спортшылар үшін дұрыс дем алу аса маңызды. Күніне 7-8 сағат ұйықтауымыз керек. Әсіресе жарыс кездерінде 12-13 сағатқа дейін ұйықтаймыз. Күш тек білекте ғана емес, жүректе, ақыл-ойда. Не бел, не белбеу кететін кезде адамның ақылы мен қайраты ұштасса ғана жеңіске жетуге болады. Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап…» деген сөзі дөп айтылған. Дұрыс ұйықтаған адамның зейіні шоғырланып, миы жақсы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда жастар түнімен әлем желінің арбауында отырады. Ал күні бой мең-зең болып, құр сүлдесін сүйреп жүреді. Мұндай адамдардың қолынан ештеңе келмейді. Көп өтпей денсаулығы да сыр береді. Біз әлеуметтік желінің тұтқыны болмай, оны өз пайдамыз үшін ғана қолдануымыз керек», – деген ойды алға тартты.


«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, талапты жастың талантын танып, жігерін жанып жетелеп келе жатқан жаттықтырушысы Нұрғали Жолтаев, Серік Мағжан оның күнделікті тұтынатын тамағын да, жаттығу барысын да мұқият қадағалап отырады. Болашағынан үлкен үміт күттірген жігіттің бапкерлері С. Мағжан жаратқан жүйрігінің топ жарарына сенімді. «5-6 жылдан бері бар білгенімді үйретіп келемін. Оны табысқа жетелеген – бойындағы асқан еңбекқорлығы мен табандылығы. Мен кез келген шәкіртімнің бойынан мұндай қасиетті байқай бермеймін. Десе де баланың аты бала, қыңырлық танытып, қиқар мінез көрсететін кездері де болады. Алайда ешқашан жалқаулыққа салынған емес. Оның жақсылығын асырып, қателігін түземесек қай жеріміз ұстаз? Болашақта одан әлем чемпионы шығады деген ойдамыз. Қазақстан барысы болады деген де үмітіміз жоқ емес. Қазақ күресі ғана емес, дзюдодан да олимпиада чемпионы болады деп сенім артып отырмыз. Жалпы жеңімпаз болатын адам ғана емес, бар қазақ баласы адамгершілік пен имани қасиетке бай болуы керек. Адамды адам қылған да, ұшпаққа шығаратын да – еңбек», – деген ойын ортаға салды. Ал Н. Жолтаев Жанатбектің еңбекқорлығы мен жеңіске деген құштарлығына кез келген адам қызыға қарайтынын айтады.
2006 жылы тамыз айында Есік қаласында өмірге келген балуанның тағы екі інісінің облыстық чемпион деген атағы бар. Бір отбасында төрт бала спорттың осы түрімен айналысады. Алты баланы өмірге әкелген әкесі Серік Сариев пен анасы Зульфия Шаханова – адал еңбегімен алтындай балаларын асырап келе жатқан жеке кәсіпкерлер. Табанды талпынысының арқасында Жанатбек қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық турнирінде қола жүлде, самбо күресінен республикалық жарыста бірінші орын, дзюдо күресінен Қазақстан спорт шеберлігіне кандидат атанды. Енді ғана 16 жасқа толған спортшы артық жарнаманы жаны сүймейтінін айтып, ағайын-туыс пен ата-анасының разылығы бәрінен бағалы екенін, артынан ерген іні-қарындастарына ағалық үлгісін көрсете алса, өзі үшін үлкен мәртебе екенін де жасырмады.
«Қасқа айғырдан төбел құлын туады» демекші, жас балуанның өз жұртында білегі жуан ағалары аз емес. Солардың бірі де, бірегейі – Данияр Елеусінов. Бала жасынан батыр ағасына еліктеген балуан өз бойындағы бұл таланттың бастауын текті ата-бабасының қанымен берілген қасиет екенін мақтан тұтады. Біз де Жанатбектің болашақта талай биіктерді бағындыратынына сенеміз. Себебі бүгінде болашақ жеңістердің іргетасы берік қаланды!

Зорагүл Әбдіқадір