Үкіметте Қазақстан-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін одан әрі арттыру жөніндегі жоспарлар талқыланды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Қазпошта» АҚ қызметінің өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» шекаралық бақылау-өткізу пункті арқылы жүк көліктерін өткізу бойынша кедергілерді жою мәселесі қаралды.
Компания басшысы Әсел Жанасова аталған мәселеге қатысты ағымдағы көрсеткіштер мен халыққа қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар ұлттық пошта операторын қолдау және одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарды қарады. Премьер-министрге бүгінгі таңда рәсімдеуден өтетін көліктер санын тәулігіне ҚР-дан ҚХР-ға екі есеге жуық, ал ҚХР-дан ҚР-ға өтетіндердің санын 40%-ға арттыру мүмкін екені баяндалды. Бұл ретте Ә. Смайылов қысқа мерзімде одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін әкімшілік процестерді жеделдетуді талап етті.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Данияр Жаналинов қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр Жолы» бекетінің өткізу қабілеттілігі едәуір артқанын баяндады. Мәселен, 19 наурызда Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасына 680-ден астам жүк көлігі (13 наурызда шамамен 150 көлік), ал Қазақстаннан ҚХР-ға 140-қа жуық көлік өткен. Шекарадағы кезек алғашқы күндері нақты 300 көліктен 20 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 70 көлікке дейін азайды. Қазақстан жағында көбіне Қытай визаларын алуды күтіп отырған тасымалдаушылар басым. Жиын барысында Премьер-министр Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бұл процесті жеделдету, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың халықаралық тасымалдарға шығуын оңайлату жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ шекаралық бақылау-өткізу бекеттеріндегі электрондық кезекті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды және оңтайландыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл үрдісті ашық әрі тиімді жүргізу үшін «Атамекен» ҰКП тарту керек.
Жанбота Сұлтанмұратқызы