Әкем ауруханадан енді шыққан. Күнде барып қайтам. Жанарынан жазылам деген үмітті көретінмін. Ауруы жанына батса да әттеген-ай деген емес. Алланың салғанына көніп, не көрсетсе де төзуге бейіл еді. Амал нешік, біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал құрығынан құтылған кім бар дейсің?!…
Екі күн ауырып бара алмай қалдым. Үшінші күні өзі келіп қалмай тұрғанда барайын деп ерте тұрып инемді салып, жалма-жан системамды батареяның құлағына іле қойдым да барынша тездетіп ағызып, сорғалата құйып жатқан едім.
– Е, әлі тұрмапты ғой. Ботам-ау, шаршап жүрсің ғой, – деген дауысты естігенде ауырып қалғанымды көріп уайымдайтын болды ғой деп системаның инесіне орамал жауып, көзімді жұма қойдым. Кіре берісте уһ деп қолымен тізесін тіреп еңкейіп тұрғанын біліп жатырмын. Өйткені жүрісті көтере алмай шаршағанда солай демін басатын. Сорғалата құйып жатсам да системада бітер емес. Дереу ала қояйын деп мақтаны спиртке малып сасқалақтап жатқанда:
– Балам амансыңдар ма? – деп дауыстап жақындай берді.
– Иә, әке, қазір, – деп ауыз жиғанша есік те ашылды. Қолымдағы системаны жасырып үлгермедім. Көріп қойды.
– Е, Аллам, ауырғанның бәрі менімен кетсінші, балапандарым ауырмасыншы, – деп орындыққа отыра кетті. Қатты шаршап қалыпты. Жүрегім зырқ етіп аузыма тығылды. Көзімнің де жасы бұрқ етті. Көрмесінші деп сүйкеп сүртіп жатырмын, тоқтар емес, бірдеңесі тесіліп қалғандай сырғып жатыр. Сонда да күліп:
– Әке-ау, таңғы 8-де неғып жүрсіз? Өзім барайын деп жатыр едім ғой, – дедім.
– Келмегеніңе екі күн болды, ауырып қалғаныңды білдім ғой.
Талайдан бергі ұйқысыз күндер, уайыммен өткен түндердің шаршауы өтіп сүйек-сүйегім сырқырап, басымды ала алмай жатсам да сыр бермей:
– Ой, сіз де бір жоқты айтып, өлейін деп жатқан жоқпын ғой. Тұмау жай ғана, – дедім.
– Е, Ботақаным, білем ғой сені. Мен деп жүгіріп жүріп балаларың да қараусыз қалды. Өзің де шаршадың ғой. Уайымдамасаңшы, Алланың басқа салғанын көреміз ғой.. – деп күрсінді. Ауырдым екен деп жата беретін жай жоқ:
– Жүріңізші, – деп өтініп, қолтығынан демеп ас үйге шықтық. Халі бітіп, денесі аздап дірілдеп тұр екен. Орындыққа ыңғайлап отырғыздым да шайымды демдедім. Екеуіміздің бірге ішкен соңғы шайымыз екенін қайдан білейін…
– Өзіңіз әрең жүріп неге келдіңіз? Өзім де барғалы жатқан едім ғой. Шыдай тұрмайсыз ба?! – деп әрі жаным ашып, әрі жүрегім ауырып тұрса да жүзіне қарап жымиған болдым. Орнынан ептеп тұрып балаларға барды.
– Әй, балам-ай, мыналар ашық жатыр ғой. Балапандарыңды ауыртып алмашы. Көрпелерін жауып қояйыншы. Түу, мынау тастай болып қалыпты ғой…, – деп ашық-шашық күйде жарыса пысылдап, ештеңеден бейхабар жатқан үшеуін құшырлана иіскеп, бастарынан ұзақ сипады да: – Сендер аман болыңдаршы, құлындарым-ау, – деп көзінің жасын сүртіп тұрғанын көрдім. Олар оны білген де жоқ. Ал әкемнің әбден әлсіреген күйін көріп сол сәттегі шыбын жанымның шырқырағанын сөзбен жеткізе алмаспын, сірә…
Екеуіміз оны-мұныны айтып отырып шай ішкен болдық. Жалғыз шыны шайды суытып отырып қасықпен әрең ішті. Жүрегім аузыма тығылып, әкемді аяғаннан қан жылап тұрсам да жымиған болып мен отырмын…
– Қазір бір сорпа жасап берейін, асықпай кетіңіз, – деп орнымнан тұрып теріс қарап жасымды сүрте беріп көз қиығымды салып едім шүйкедей болып шөжіп кеткен әкемнің жазылып кетеріне сенімім де қалмады, үмітім де үзіліп кетті. Алладан іштей амандығын тілеп тұрып бойымның мұздап кеткенін сездім. Есімді дереу жиып алдым.
– Жоқ, ештеңеге әуре болма. Үйге қайтам, – деп азар да безер болды. Жайланып отырып тамақ іше алмайтынын білдіргісі келмей: – Қасыма отыршы, – деді. Отырдым.
– Алақанды әкел, – дегенде «мынау да жасық екен ғой» деп ойламасыншы деген оймен жандүниемдегі аласұрып, жыларман болып тұрған сезімімді барынша жасырып, әдеттегідей еркелей ыржиып алақанымды тостым. Кезек сүйіп кеудесіне басты. Шашымды сипап, арқамнан қақты да:
– Сен мықтысың ғой, бәріне бас көз бол. Мен үшін талай нәрседен бас тарттың. Жолыңа бөгет болсам кешір, – деді. Көзімнің жасы домалай бастады. Үндемедім. Бірдеңе айтатын халде де емес едім. – Балам мен жазылам деп үміттеніп жүр едім, болмайтынына душар болыппын ғой. Үйдегілердің әңгімесінен естіп қойдым. Қанша қалғанын кім білсін, сендер ауырмаңдаршы. Аналар жас қой, көп нәрсені түсінбейді. Білгеніңше айтып жүр ақылыңды, — деді. Көңіліндегісін маған ғана айтатын.
Не айтып кеттіңіз? Қайдағы жас, соңы жиырмада, алды екі баланың әкесі. Нені түсіндірем оларға? – деп біліп тұрсам да түсінбегендей кейіп танытып алай-дүлей болған жанымды шүберекке түйіп әкемнің амандығын тілеп, ішкі аласапыран арпалысымды жасырғым келді. Өзімше білдірмедім… Түрімді көріп жасып қалмасыншы дедім. Көңіл жүйрік қой. Әкемнің бәрін айтқызбай-ақ ұғып тұрғанына кәміл едім. Сонда да сыр білдіргім келмей, сырғыта жауап қаттым. Әкем кетуге ыңғайланып орнынан тұрды. Киімін алып беріп жолға салдым. Жеткізіп тастаймын дегеніме көнбей өзі кетті. Артынан ұзақ қарадым. Білді де бұрылып жымиды. Кете барды. Үйге кіріп сүле соқ тұрғаныма қанша уақыт болғанын кім білсін дүние шыр айналып кетті…
Есімді жиып, өзіме келем дегенше кеш болды. Әкеме бардым. Қасына шақырды. Басымнан иіскеп, қатты қысып құшақтады да:
– Бірдеңе болса жыламаңдар, шаруаларыңды істеңдер. Сосын ары-бері сүйремеңдер. Осында қойыңдар, – деді. Құлағым бітіп қалды. Қиқарлығым ұстап, әрі мыналар уайымдап отыр демесін деп:
– Не болды, әке, хабар келді ме? Жазылатыныңыздан басқа ештеңе ойламасаңызшы, – дедім қабағымды түйіп. Тағы да ақырын ғана жымиды… Мен естіген соңғы сөзі де осы болды…
Ертеңінде түс қайта басын құбылаға қаратып жатты да қолынан ұстап иманымды үйіріп отырған маған да қарамады… Үнсіз ғана кетіп қалды… Мәңгілікке кетті… Сарытап сағынышқа айналды…
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деп жатады ғой. Ал бала үшін бар байлығы саналатын атана-анадан айырылып, асылыңды көз алдыңда жоғалтып алғаннан артық қасірет болмас, сірә. Жаныңа жазылмас жара түскенде ғана жалаңаш орманда жалғыз қалғандай күй кешерің хақ. Ендеше қадірі мен қасиеті қымбат, баға жоқ байлығымыз – ата-анамызды барында бағалайық!
Жанбота Сұлтанмұратқызы