Наурыздың 7-сі күні Талғар ауданының әкімі Таңат Есенкелдіұлы Тұздыбастау ауылында салтанатты жиын өткізіп, әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтады. Марапаттау салтанатына қатысқандардың қатарында ардақты жандардың қатарында ақ кимешекті кейуаналар мен көп балалы батыр аналар да, ұжымының құрметіне бөленіп жүрген жас қыз-келіншектер де болды.
«Құрметті ақ жаулықты аналар, әжелер, аяулы арулар! Сіздерді ару көктемнің мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый-құрмет көрсету парызымыз! Мейірімі мен шуағын төккен жылу мен жан жадыратар сұлулық сыйлайтын жарқын мерекеде өздеріңізбен жүздескеніме өте қуаныштымын», – деген аудан әкімі: «Ақ жаулықты анасын құрметтеп, ару қызын төрінен көретін халқымыздың әйел жаратылысына деген құрметі қашан да асқақ. Бүгінгі күні әйел – тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол өмірге және мемлекеттің саяси мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі. Өз кезектеріңізде сіздер мемлекеттiк қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткiзiп жүрсіздер. Біз әрқашанда қоғамның дамуын, өмірде – нәзік, ал істе – мығым әйелдер қауымымен тығыз байланыстырамыз. Сіздер еліміздің барлық саласында белсенділік танытып, отбасы берекесімен бірге Тәуелсіздікті нығайту ісіне де зор үлес қосып келесіздер», – деп аналар атқарған қызметтітерге айрықша баға берді. Аудан бойынша мемлекеттік қызметте жүргендердің арасында әйелдердің үлесі 60 %-ды, білім саласында 70%-ды, денсаулық сақтау саласында 80%-ды құрап отырғанын, сондай-ақ үкіметтік емес сектордағы жұмыс істейтіндердің үштен екі бөлігі, оның ішінде істің көзін таба білген кәсіпкерлердің 40%-ға жуығы әйел азаматтар екенін де атап өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің 15.02.2023 жылғы №128 Жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған көп балалы аналарға алғыс айтып, еңбектеріне табыс тіледі. Айта кетейік, «Алтын алқа» медалімен 3 адам, «Күміс алқа» медалімен 21 адам марапатталса, ал «8 наурыз Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай аудан әкімінің Алғыс хаттарына 42 адам ие болды. Шараның салтанатты рәсімдерінен соң Тұздыбастау мәдениет үйіндегі «Құлансаз» ән-би театры жиынның артын мерекелік концертке ұластырды.
Бейбіт Төлегенұлы